Әдебиет

 Бернияз КҮЛЕЕВ

Бернияз Күлеевтің туғанына — 125 жыл

Бернияз Күлеев 1899 жылы сол кездегі Торғай облысының Ақтөбе уезіне қарасты Бөрте болысының 5-ауылында дүниеге келген. Алғашында ауыл молдасынан білім алған. Кейін Томаркөл болыстық, одан соң Бөрте болыстық мектептерінде оқыған.

1918-1919 жылдары Орынбордағы мұғалімдер семинариясында білім алған. Әлеумет ісіне ерте араласқан. «Ұшқын» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Қазақ мұңы» газеттерінің алқа мүшесі болды. 1921 жылдан бастап,өмірінің соңына дейін Қазақ АКСР халық ағарту комиссариатының Қазан қаласындағы кітап бастыру ісі жөніндегі уәкілі болып қызмет істеді.

Аса дарынды ақын өзінің қысқа ғұмырында 200-ге тарта жыр, поэмалар, драма жазып, орыс ақындарын қазақ тіліне аударған. Сонымен қатар ағарту, баспа, газет ісіне белсене араласқан. Қазан қаласында қызмет еткен жылдарында Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин, т.б. қазақ қаламгерлерінің кітаптарын баспаға әзірлеп, жарыққа шығуына мұрындық болды. Мысалы, Сұлтанмахмұттың1922 жылы жарыққа шыққан тұңғыш жыр жинағының құрастырушысы әрі алғы сөзін де жазған Бернияз еді. Әдебиетшілер бүгінде оны Сұлтанмахмұттың бірінші биографы деп таниды. Сондай-ақ Мағжан Жұмабаевпен өте жақын дос болған.

1923 жылы Бернияз мезгілсіз дүниеден өткенде Мағжан оған арнап:

«…Ұлан өлді батып қанға,

Тыныштық тапты асау жан да.

Өмір — дала, ақын — бала қаңғырған,

Жан сусынын көз жасымен қандырған.

Ақын — бөбек, өмір — көбік, тылсым-ды

Ойнап, арбап, бөбекті естен тандырған», — деп басталатын жыр жазды.

Бернияз Күлеевтің шығармалары 1969 жылы «Айтшы, ақ қайың» деген атпен басылып шыққан. Одан кейін 2000 жылы таңдамалы шығармалары кітап болып шықты, сондай-ақ Ақтөбе кітапханасы сериясына өз алдына кітап болып енді.

Мен

Дәл жиырмаға келмеген,

Өмір түрін көрмеген,

Алысқа қол сермеген,

Жас майысқан баламын.

 

Емшек табы аузымнан,

Балалық күй алдымнан,

Кетіп әлі қалбынан —

Өзгермеген ғанамын.

 

Жан жайнатқан жастықтың,

Қан қызарған мастықтың,

Содыр-соқпақ тастықтың

Жолыменен барамын.

 

Не кез келсе жолыма,

Оңыма иә солыма,

Қойныма һәм қолыма —

Бәрін теріп аламын.

 

Ойламаймын жер жоқ деп,

Жерді жапқан ел жоқ деп,

Елге сәйкес ер жоқ деп —

Бәріне де нанамын.

 

Сонда-дағы өз басым,

Ел менен жер тозғасын,

Ердің ісі оңбасын

Дұрыс-ау деп табамын.

 

Алыстағы сәулеге,

Жанды салып әуреге:

«Сәулесіз құр сән неде?» —

Деп шаршамай шабамын.

 

Жасымаймын жаспын деп,

Таспаймын да баспын деп.

Тек тілеймін ассын деп,

Таумен талас талабым.

 

Қиял сөзі

 

Жалғыз өзім — жолдасым жоқ,

Сөз сөйлесіп сауығар.

Ыза болып тигендей оқ,

Ерке көңілім ауырар.

 

Айналаны күңгірт басқан,

Жерді жапқан көк тұман.

Менен күлкі, қызық қашқан,

Үндеместен тек тынам.

 

Ой бұлғанып, жүрек жұлқып,

Жат жақтарға сүйрейді.

Ерке көңілім еркін бұлқып,

Жас жанымды билейді.

 

Бар білгені: «Жатпа текке,

Мезгіл өтпей тұр» — дейді.

«Өнер, қызық, ой, билікке

Қарсы құлаш ұр» — дейді.

 

«Шартарапты шарқ ұрып,

Ой түбіне жет» — дейді.

«Ойын, күлкі, сауық құрып,

Ойдағыңды ет» — дейді…

 

«Тағы-тағы, тағы-тағы

Толып жатқан түр» — дейді.

«Не сырлар бар жалғандағы,

Бәрін тегіс біл» — дейді.

 

Неге?

 

Жұрт жатқан жеті түндерде

Неге бұл ұйқым келмейді?

Сайраған құстар — үндерге

Ой неге көңіл бөлмейді?

 

Жүрегім неге тоқтамай,

Дүріс те дүріс соғады?

Елеулі ойды жоқтамай,

Құлағым нені ұғады?

 

Аязда тұрған алмадай,

Ал жүзім неге суыйды?

Айбарым суық найзадай —

Қай қиял маған жуыйды?

 

Ойларға өзге бой бермей,

Не мені алған шырматып?

Өзгені онша қол көрмей,

Жүректі сорған сыздатып.

 

Қорықпай, саспай, тереңге

Ой неге мұнша бойлайды?

Бар ойды тастап бір үнге,

Бұл көңілім нені ойлайды?

 

Алқынып асау жүрегім,

Жас неге сел боп парлайды?

Жүрекке қосып тілегін,

Домбырам неге сарнайды?

 

Сыр бермес ортақ шешен тіл,

Айтпайды ашып мән-жайын.

Айтылмас егіз ауыр сыр,

Барлығы мұнда дап-дайын.

 

Айтпай-ақ, құрбым, білесің,

Басыңнан талай кешкен-ді.

Көремін тәуір шиесін

Үндемей іштей шешкенді.

 

Мен естіген көп адам

 

Мен естіген көп адам,

Әсіресе ақындар

Тойған болып дүниеден:

«Құрсын, — деп, — тұрмыс» тақылдар.

 

Опасызын білген соң,

Неге сонда-ақ өлмейді?

Қия алмай көзі жүрген соң,

Несіне босқа сөйлейді?

 

Тұрмыс деген Тәңір атқан,

Ұйықтап жатқан айдаһар.

Оят-дағы, аузынан,

«Бақ» дегенді барып ал.

 

Көңіл

 

Көңіл деген дария,

Желсіз күнде жай жатқан.

Кейде соғып, дариға,

Ой дауыл ғой оятқан.

 

Дауыл-ой соқса,

Өкіріп,

Ұйытқыр көңіл-дария.

Толқыны көкке секіріп,

Тар көрінер дүние.

 

Дариға, дауыл ойы не,

Неге тыныш жатпайды?

Жел-дауылға көнгенше,

Мұз боп неге қатпайды?

 

Балдыр басып жай жатқан,

Толқынсыз судың несі сән?

Қайғысыз, ойсыз ант атқан

Өлген жанның несі жан?

 

Ақталу

 

Бұзылған дейді, жынды дейді,

Ісімді көріп көп адам.

Еткенін алған мойнына

Менен дұрыс бар ма жан?

 

Күндесін жұрт, қылсын өсек,

Мен лайық өсекке.

«Кірмей жігіт өсекке,

Кірмес, — деген, — есепке».

 

Ойландым да, толғандым,

Ойладым, ойға тоймадым.

Жанды қидым, жалындым,

Жайланып, сірә, қоймадым.

 

Бүгін, ертең

 

Жаздың алды, жас өмірім солады,

Сарша тамыз, от жүрегім тоңады.

Көкірегімді кернеп кейде шыдатпай,

Бірдеңе деп сөйлегендей соғады.

 

«Жібершілеп» тасыр салған ой ма екен,

Немене екен?

Әлде жегі жей ме екен?

Сергек көңілім құлақ салып, тыңдап ед:

«Бүгін, ертең, бүгін, ертең» — дейді екен.

 

Не дегені, дені сау ма, тентек пе?

Күні бүгін, яки ертең ертпек пе?..

Тегіндік пе, қуаныш па, қайғы ма,

Бүгін, ертең мәңгілікке кетпек пе?

 

Ән-күй

 

Естісе күй, салынса әнге шырқап,

Тұра алмайды төзім ғып, көңіл шыдап.

Жібіп жүре береді жәйіменен,

Оты сөнген ер жүрек, қалған мұздап.

 

Қуаныш па, қайғы ма — ойды шырмап,

Еркіне алып, өзіне тартады ырғап.

Іші-тысың елжіреп, ес өзгеріп,

Көңіл жасы кетеді бәрін былғап.

 

Бейіш үні зыңылдап құбылады,

Көзге елестеп, құлаққа құйылады.

Жас жүрекке орнығып, бойыңды алып,

Жерде еместей көрінер адам жаны.

 

Жырла да зарла, көңілім

 

Жырла да зарла, көңілім,

Сел болып жасың төгілсін.

Естіген ойдан баз кешіп,

Қамығып шындап егілсін.

 

Жер-аспан бірден қозғалып,

Тау менен тастар жібісін.

Ойлаған ойлар толғанып,

Мұздаған жүрек жылысын.

 

Ағаш, шөп біткен бір өңкей,

Зарланып тегіс тыңдасын.

«Дертіңе дауа» дегендей,

Бас иіп бәрі ымдасын.

 

Есітіп орман-тоғайлар,

Бәйтерек салсын құлағын.

Қамысты көлде қурайлар

Алдыңа төксін құрағын.

 

Жан-жәндік, айуан түсініп,

Көз жасын іштен бұласын.

Күйісін танып, түйсініп,

Ыңыранып қана сұласын.

 

Жырла да зарла, көңілім,

Қалың қайғың қайнасын.

Қиялдың құсы егіліп,

Іштегі дертті айдасын.

 

Құс-құрттың қозғап көңілін,

Қайғылы тілді байласын.

Қаз, бұлбұл, аққу қосып үн,

Сарғалдақ бірге сайрасын.

 

Қырларда киік, көкте құс,

Арқар мен киік мұңдансын.

Арыстан, аю, жолбарыс,

Ыңыранып көңілі бұлғансын.

 

Дариялар, көлдер, өзендер,

Сайларда сырлап аққан су.

Ағысын танып көгілдір

Аспанға ассын болып бу.

 

«Аһ» зарың тегіс аралап,

Аспан мен жердің арасын.

Орныққан ойды жаралап,

Көңілді қозғап қарасын.

 

Жырла да зарла, көңілім,

Иеңнің тапсын еркесін.

Еріксіз ойды ойлатып,

Өзегін үзіп, өртесін.

 

Жаңылтып өзге тілегін,

Қайырымсыз көңілін жібітсін.

Суық ой, салқын жүрегін

Шын иітіп, жылытсын.

 

Махаббат оты құлпырып,

Жас жүрегін күйдірсін.

 

Өзгермес ой мен шын қалып,

Сәулеме мені сүйдірсін.

 

Жатса да тұрса, жүрсе де,

Тек жалғыз мені ойласын.

Қайғырып, жылап, күлсе де,

Еркіне зарың қоймасын.

 

Жырла да зарла, көңілім,

Сел болып жасың төгілсін.

Естіген ойдан баз кешіп,

Қамығып шындап егілсін.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button