«Ақтөбе» — 100!

Ақ саңлақ

1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде Ақтөбе облысында  жазықсыз  жазаланған боздақтар арасында газет қызметкерлері де аз емес. Солардың бірі —«Социалистік жол» газетінің қазанында қайнап шыққанқарымды қаламгер, өз заманындағы танымал әдебиеттанушы,Қазақстан Жазушылар одағының  Ақтөбе облысындағы тұңғыш өкілі Ақбас Дүйсенбаев(1899-1937) еді.

Жалпы, Ақбас Дүйсенбаевтың есімі бұрын көп естілген жоқ һәм ғұмыр деректері де тиянақтала қоймады. Өмір жолының мәліметтері тым тапшы. Газет ардагері Әбдуәли Қарағұлов «Ақбас деген жігіт ұдайы әңгіме жазып тұратын» деп еске алғаны болмаса, оның қаламгерлік туындылары тілге тиек болмай, тың жатыр десек, артық айтқандық емес.Өткен ғасырдың отызыншы  жылдарының жарияланымдары арасынан,шынында да,«Ақбас» (кейде «А.Д.») деп қол қойған еңбектер өте  жиі кездеседі.

Ақбастың «Социалистік жол» газетіндегі «Тойға сауын айтып жүрмін» әңгімесі, «Өрнек»,  «Аққұдық» қалқозында», «Темір тәртіп керек», «Қонар қарт», «Сарыжар» қалқозы», «Жоса бойында»  очерктері, «Ақтанау», «Жансым», «Ақыран әңгімесі», «Екінші сиез» өлеңдері, «Жоспар жоғалды, көрген-білген бар ма?» фельетоны, «Тілшілеріміз жаңа дүниенің  жаңа, үлгілі  адамы екенін істерімен көрсетсін», «Литвинов» қалқозының қырманында» (Ақымет Ескендіровпен бірге жазған) мақалалары және басқа да шығармалары қалыптасқан қаламның қолтаңбасынан хабардар етеді.

Ақбас Дүйсенбаев «Социалистік жол» газетінде «Жолдан» деген айдардың орнығуына көбірек атсалысты. Бұл қазақ журналистикасына жазушы Бейімбет Майлин отызыншы жылдары енгізген жол-сапар очерктерінің алғашқы үлгілері еді. Атамыс очерктерде көсемсөз бен көркемсөз кезектесіп  келіп, жанрдың жігі білінбей жатады.

Әдетте «Жолдан», «Жол әңгімесінен», т.б. осы секілді айдар аясында жарияланған (жарияланатын) шығармалар көбіне қос жанрға бірдей жүйрік қаламгердің  қабілет-қарымына  сай келеді.  Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Ақтөбе топырағына табаны тиген Ақбас Дүйсенбаев газетшілердің осындай ортасынан шығып, осындай ордасына келген еді.

Ақбас Дүйсенбаев — Қостанай топырағының түлегі, Меңдіқара  өңірінің тумасы болатын. Сол кездегі көпшілік жастар секілді, ол да ауыл мектебінен дәріс алған; ауылда жүріп, газетке хабар-ошар, өлең  жаза бастаған; қаламы солай қатайған; бұдан кейін, баспасөзге қатысып жүрген басқа да замандастарымен (кейін Ақтөбе журналистикасында  із қалдырған Мұхамеджан Құлмұхамедов, Сыздық Омарханов) бірге Қостанайдың «Ауыл» газетіне қызметке қабылданады.

Ақбастың Ақтөбе жеріндегі қызметінің бастауы облыс құрылып, облыстық газеттің ашылу кезеңіне тура келеді. Жаңа басылымның жас қадамының жемісті болуы үшін баспасөз саласында тәжірибесі бар кадрлардың  ауадай қажет кезіндегазетшілер құрамына келіп қосылды; өндіртіп жазып, өзіндік өнерін көрсетті.

Әдетте алғашқы күннен бастап газетте «Әдебиет бетінің»  ашылуын және жүйелі беріліп тұруын басылым басшылары Тумыш Сарғожаевпен, Меңетай Жақсылықовпен көбірек байланыстыра баяндасақ та,арнаулы бетті ұйымдастырудың «қара жұмысы» газет қызметкері әрі Жазушылар одағының облыстағы өкілі Ақбастың қолымен атқарылғанын көзі қарақты адам аңғара алады.Осы жылдардағы «Әдебиет бетінің» нөмірленіп, жүйелі шығып тұруын зерделеу, оның аясында жарияланған көркем шығармаларды ізеуірттеу жас зерттеуші үшін келешектегі келісті тақырып болатыны анық.

Қаламгерлігімен облысқа кеңінен танылған Ақбас Дүйсенбаев 1935 жылы Ойыл аудандық газетінің редакторы болып бекітілді. Тәжірибелі қаламгер газет алдында тұрған міндетті жақсы түсінді және  жұмысты жақсарту жайында өз ойларын батыл білдіріп, кемшілікті де көрсете жүрді.Мысалы, облыстық газеттегі «Әлі де көп жұмыстар істеу керек» деген мақаласында (1935) «Ойыл екпіндісі» газеті атқарған жұмыстарды жүйелеп көрсетіп, газеттің басты парызын айқындап баяндады.

Ойыл аупарткомның бірінші хатшысы Н.Әбдікәрімовтің өзі обком пленумында «Біздің газетіміз оқушылар тілегін қанағаттандыра алмай отыр. Лас, қаріптері тозған, жазу бедері көрінбейді, оқу қиын. Мысалы, газетке жазылу басталғанда, бір күнде  500 адам облыстық газетке жазылды. Демек, бұл адамдардың газетке деген құштарлығын, газет оқығысы келетінін көрсетеді. Сондықтан да біз газетіміздің полиграфиялық базасын жақсартып, нығайтуға көмектесуді сұраймыз» дегенде редактор көтерген мәселені  одан әрі  нақтылай түсуді көздесе керек.

Әйтпесе облыстық «Социалистік жол» газеті «Соңғы поштадан», «Газетке сын», «Газет сыны орнына» секілді айдарлар аясында жүйелі жариялап отырған баспасөз шолуларында Ақбас Дүйсенбаев басқарып отырған аудандық газетке қатысты елеулі сын айтылған емес.

1936 жыл — Қазақстан өмірінде 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының 20 жылдығы ретінде де тарихқа енеді. Бұл жаппай қуғын-сүргін әлі қарқын ала қоймаған, Алаш қайраткерлерінің басым көпшілігінің,қазақ халқы бастан кешірген аталған көтеріліске қатысушылардың, сол кезде майданға қара жұмысқа алынғандардың көзітірі кез. Олардың бәрі де өз естеліктерімен бөлісіп, осы  тақырыптағы жарияланымдар республика баспасөзінде жамырай көрінді.

Бұдан  «Социалистік жол» газеті де қапы қалмады. Газеттің бөлім меңгерушісі Ақымет Ескендіровтің қаламынан туған шығармалар топтамасының өзі  бөлекше  көрінді. Осы кезде газетте 16-жыл оқиғасына орай «Пойыз үстінде» деген өлең жарияланды. Редакция бұған мынадай түсініктеме берді: «Ақбас Дүйсенбаев жолдастың 1916 жылы соғыс майданындағы қара жұмысқа алынып,  кетіп бара жатқанда Троицк стансасында шығарып салған халыққа пойызға мініп тұрып айтқан өлеңі. Ақбас қазірде  Ойыл аудандық  газетінің редакторы болып қызмет істейді».

1937 жылы газеттің Октябрь төңкерісінің кезекті жылдығына арналған  арнаулы нөмірінде Ақбастың «Көсемді, ұлы күнді ұлыстадым» деген көлемді толғауы жарияланды.

Жаз, қалам! Ойым өлең себелесін,

Ми тізіп сөз маржанын төге берсін.

Кернеген көкірегімде  қауынышым —

Өлеңнен алға безеп бере берсін,

Елімнің ен дария шат өмірі —

Қиқулап қоздыр, өршіт делебесін!

Тәтті сөз, нәзік тілмен бер мәнерлеп,

Салған кім бақыт сарай керегесін…—деп басталатын ұзақ өлең, бір жағынан, сол замандағы ұлы көсем Сталинді мадақтау,  Октябрь төңкерісін, КСРО-ның жетістіктерін жырлау мақсатын көздесе, екінші жағынан, «отыз жетінің» оқпаны тым кең ашылған алағай-былағай күн туған кезде автордың өзгелерге өзінің кім екенін  және бір көрсету  тұрғысында жазылғандай әсер қалдырады.

Өйткені осыдан бір апта бұрын облыстық газетте «Ойыл райкомының буржуазияшыл ұлтшылдарды батыл әшкерелемейтін себебі не?» деп аталатын  мақала жарияланып еді.  Мақалада аудандық газет, оның редакторы жайында нақты ештеңе айтылмаса да, алда-жалда «НКВД» машинасы аудандағы ақсады деп санайтынидеологиялық қызмет үшін кінәліні іздей бастаса, шалғайымен газет редакторын шалып өтетіні, оныда шет қалдырмайтыны  белгілі еді. Бұл Ақбастың осыдан алдын ала сақтанғаны ма екен?! Әйтеуір,қажетті уақытта һәм қажетті жағдайда жарияланған ұзақ жырдың осындай әсері бойды билеп алады…

«Нұрлы күн Ленин менен ұлы Сталин – Атырған Октәбірдің  жарық таңын»; «Миллион тіл, миллион жүрек күнде жыр ғып, Ұлықтап, ақыл дария ұлы ұстазын»;«Мың алғыс жаса көсем» дейді халық –Бақ берген,  бақыт берген данышпаным», «Жүрекпен өзімізді берген елміз,Ұлы Отан, ұлы көсем данышпанға» деген жолдар сол әсерді әрлей түсетін де сыңайлы.

«Ойыл райкомының буржуазияшыл ұлтшылдарды батыл әшкерелемейтін себебі не?» деп сауал тастаған газет мақаласының  мазмұнында, түйіп-түйіп көрсетсек, мынадай жолдар бар еді:

«…Ойылдың партия комитеті,  әсіресе оның секретары Әбдікәрімов Қапетовтің (аупарткомның екінші хатшысы – С.Б.)  халық жауларын бүркемелеп жүрген қылмыстарын біле тұра  жұмған аузын ашпады, либералдық істеді»; «…ауданда ешқандай  халық жаулары, табы жат елементтер  жоқ деп саяси  бейқамдық жасап келді»; «Облыстық партия комитетіне Ойылда буржуазияшыл ұлтшылдар тобының барлығы анық еді»; «…Әбдікәрімов халық жауларын әшкерелеудегі  өздерінің өткендегі қателіктерін түзетпей,  әлі қарысумен келеді»; «…Әбдікәрімовтің ұстап отырған позициясы айдан анық. Алдымен Әбдікәрімовтің  өзі буржуазияшыл ұлтшылдармен ауыз жаласып, солардың жетегінде кетіп отыр».

Облыстық газеттің бұл дабылдатуын обком ескерді, «НКВД» естіді. 1933 жылдан бері  Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істейтін  Нұрлыбек Әбдікәрімов 1937 жылғы 14 қарашада қызметінен босатылды, НКВД тұзағына ілінді. Оңтүстік Қазақстан өңірініңтумасы Нұрлыбек ӘбдікәрімовҚылмыстық кодекстің 58-бабына сәйкес  «халық жауы» деп танылып, сол жылы ату жазасына кесілді  (Қылмыс құрамының болмауына байланысты  Жоғары сот 1957 жылы ақтады).

1937 жылы 17 қарашада Ойыл аудандық «Сталин туы» газетінің редакторы, облыстық «Социалистік жол» газетінің бұрынғы қызметкері Ақбас Дүйсенбаев қамауға алынды. Ол да  әйгілі 58-бап бойынша «халық жауы»  атанып, ақыры ату жазасына кесілді  (Қазақ КСР Жоғары соты 1959 жылы қылмыс құрамы болмауына байланысты  Ақбас Дүйсенбаевтыақтады).

Сол күні негізі ойылдық, жергілікті азамат,  аудандық партия комитетінің хатшысы  Жұма Байғожин ұсталды.  Қылмыстық кодекстің әйгілі 58-бабы бойынша 10 жыл айдауға кесілген Жұма Байғожин екі жылдан соң, қылмыс құрамы болмауына байланысты толық ақталды, кейін соғысқа қатысты.

Бұдан кейін, 1937 жылғы 22 қарашада аудандық партия комитетінің хатшысы Сабыр Қуандықов (1901-1937) тұтқынға алынды.Ол Орынбор облысының Қуандық ауданындағы Әлімбет ауылының тумасы еді, сол жылы ату жазасына кесілді (Қылмыс құрамы болмауына байланысты 1957 жылы ақталды).

Ойылдық өлкетанушы Жақсылық Бисалиевтің жазуынша, өткен ғасырдың отызыншы жылдарының орта шенінде Ойылға Мәскеуден, Ленинградтан жазықсыз жазалы болған зиялы, білімдар 150-дей азамат жер ауып келеді. Осы бір қуғын көрген  жұртқа Ойыл халқы ежелгі елдігін көрсетіп, барынша қамқорлық жасайды, бұл істің басы-қасында аудандық партия комитетінің хатшылары  Сабыр Қуандықов, Жұма Байғожин және аудандық газеттің редакторы Ақбас Дүйсенбаев жүріпті. «Осы әрекеттері үшін С.Қуандықов пен А.Дүйсенбаев «халық жауы» болып атылды»  дейді ол.

Біздіңше, мұныоларға тағылған жанамаайыптау десе,дәлірек болатын секілді. Бұл арадағы ең басты нәрсе — елім деп еміренген осындай еркін ойлы азаматтардың«әшкереленетін буржуазияшыл ұлтшылдардың»  қара тізімінеәлдеқашан ілінгені болса керек.

Жолсыз жазаға ұшырып, ұзақ уақыт ел-жұрттың назарына ілінбеген, қаламгерлік қабілеті қадірін арттыратын «Ақтөбелік» газеткер, артында айдарлы сөзі қалған ақ саңлақ Ақбас Дүйсенбайұлыныңмұрасы зейін қойып, зерделей түсуге лайық шығармашылық.  Оның «Социалистік жол» газетінің сарғайған парақтарында сайрап жатқан еңбектері сараланатыны сөзсіз,  демек, елеусіз қалмақшы емес.

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button