«Ақтөбе» — 100!

Қаламдоз

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласында қаза тапқан «Ақтөбелік» арыстардың бірі — облыстық «Социалистік жол» газетінің өнеркәсіп бөлімінің  меңгерушісі, жалынды журналист, қаламы қарымды фельетоншы Абдолла Ерназаров  (1912-1942) еді.

Қатардағы жауынгер, байланысшы-телефонист Абдолла Ерназаров 1942 жылғы шілдеде Калуга облысының  Людиновский  ауданы аумағындағы қиян-кескі ұрыстар кезінде қаза тапты. Дереккөздер дерегі жауынгер жерлесіміздің сол облыстың Жиздринский  ауданындағы  Ослинка  деревнясындағы Әскери мемориалда жерленгенін жеткізеді.

Әдетте Абдолланы бірге еңбек еткен әріптестері «саф алтындай сомтума» деп еске алады. Ол төрт сыныптық біліміне қарамастан, өз бетінше оқып, ізденіп, тума талантын, өскелең шығармашылығын заманмен жарасымды жетілдіре алды. Көп жазды, көлемді жазды, көрнекті етіп жазды. Зерттеп, зерделеп, өткір жазды. Қоғамдық пікір тудыра жазды. Ел жадында қалатындай етіп жазды.

Алайда осы уақытқа дейін Абдолла Ерназаровтың шығармашылығының жайын қозғайтын  толық мәнді мақала жазылмағанын есте ұстағанымыз абзал. Бірен-саран жазылған дүниелердің көбі «болған екен», «сондай екен» деген сияқты сырттай тамсанудан әрі аса алмады. Сол себепті бүгінгі ұрпақ Ақтөбе журналистикасының көрнекті өкілі Абдолла Ерназаровтың есімі мен  шығармашылық ісінен бейхабар деуге болады. Бұл ретте біздің басқа да тақырыптас бұйырмысты жарияланымдарымыз осы олқылықтың орнын  толтыру мақсатын көздейтіні ұғынықты  болса керек.

Абдолланың журналистік шығармашылығы көсемсөздің көркем жанрлары бойынша, соның ішінде дәлелі дәйекті нақты фельетондары арқылы көбірек танылады. Елеулі сөз мұрасының екінші қыры — өзекті әрі  проблемалық мақалалары болды.

Газеттің іргелі салалық бөлімін басқарғандықтан, Абдолла Ерназаров экономикалық тақырыпқа көбірек қалам тербеді. Бұған «Жылқы зауыты», «Түйе мен жылқы өсіруге ерекше көңіл бөлінсін», «Береке, бақыт жолы», «Көмір үшін күрес», «Мұнай шығару планы неге орындалмайды?», «Елімізге мұнайды көп берелік»  секілді  мақалалары мысал бола алады.

Абдолла облыс журналистері арасынан бірінші болып Бершүгір шахтасының, Шұбарқұдық мұнай кәсіпшілігінің, Ақтөбе химия комбинатының  маңызды  қадамдары мен өндірістік ерекшеліктері туралы  терең толғап мақалалар жазды. Тақырыптық топтама мақалаларында («Настыққа бойы үйреніп кеткендер», «Жұмыстағы  олқылықтың себебі не?», «Еңбекті елемеушілік»,  «Партия ұйымы жұмысын қайта құра алмаған», «Шахтадағы десятниктер туралы»)  сол кездегі елеулі өндіріс орындарының жұмысы туралы жалпы баяндай келіп, басты проблемалар, кейбір  олқылықтар жайында айтып,  жекелеген ұсақ-түйек  жайттарды да ортаға салды.

Оның қаламынан мерзімдік басылымға қажетті тақырыптар бойынша «Жергіліктендіруді жедел жүзеге асыралық», «Бір курстың сабақтары», «Мал төлдету жұмысын жақсы ұйымдастырайық», «Қалқозда табыс бөлу жұмысын ойдағыдай өткізейік», «Жарысты кеңінен өрістетейік», «Красный восток» артеліндегі зиянкестік», «Стахановшылар қозғалысына басшылық күшейсін» (Меңсұлумен бірге жазылды), «Ленин-Сталин партиясына дауыс береді», «Бүкілхалықтық қуаныш», «Өркендеу жолында», «Мұрнынан шаншылып» жатқандар», «Еңбекшілердің сайлау алдындағы жиылысы», «Жайсаң МТС көктемгі егіске қалай дайындалып жатыр», «Заводта жұмысты бәлшебекше ұйымдастыру керек», «Қаражат жинаудың планын толық орындау керек», «Партия ұйымының басшылығы бар жерде» сияқты т.б.  кезеңдік мақалалар шоғыры да туындады.

«Еңбек — адамның көркі» мақаласы «еңбек майданында шынығып ержеткен» Ленин орденді теміржолшы Василий Шарана туралы. Абдолла мақаланы: «Оның ойы  — оқып, білім алу еді. Сол ниетпен сегіз жасында (1918 жылы) оқуға кірді. Бірақ оның дегені  болмады.  Әкесі дүниеден қайтыс болды да,  шешесінен басқа шиеттей үш бала  оның қолына қарап қалды. Бұл жағдай Василийді  оқудан шығып, он төрт жасында  еңбекке араласуға  мәжбүр етті. Ол әуелі Жұрын  поселкесіндегі  электростанциясында  үйренуші болып істеді» деп бастай отырып,    Василийдің бүкіл өмір жолын, еңбектегі жетістіктерін тізбелеп, өнеге ретінде көрсетеді.

«Бос сөзге үйір басшылар» мақаласында Ақтөбе қаласындағы №20 диірмен басшыларының өндірістегі  еңбек тәртібі, жұмыс нормасын орындау  жайындағы  айтқан сөздерінің  нақты істен алшақ жатқанын сынайды.

Абдолла Ерназаров «Облыстық мелетседегі орын тепкен ұлы орысшылдық» деген бас тақырыбының өзі елең еткізетін мақаласында, былайынша айтқанда, сол заманда  кез келген журналистің  батылы бармайтын, қаламына ілінуі  некен-саяқ  әрі саяси астары қалың шетін тақырыпты қозғады.

Ақтөбе қалалық милиция бөлімінде жұмыс істейтін Аппасұлы деген азаматтың редакцияға жазған хаты басылып шығады. Онда Аппасұлы:  табан аудармастан он екі жыл бойы милиция қызметінде істегенін,  үлгілі қызметі үшін сыйлықтар алғанын, «неден жазғанымды білмеймін, қалалық мелетсе бөлімінің нәшандигі Щербаков жазықсыз сөгіс беріп, ауызбен айтуды қойып, жұдырығымен желкеге ұрып жұмсайтынды шығарды», Щербаковтың осы қылығын  облыстық мелетсе нәшандигі Ритчерге айтып едім, құлақ аспады» деп жазды. Қорлыққа шыдай алмаған Аппасұлы ақырында өзі арыз беріп жұмыстан шығып кетеді.

«Аппасұлы жолдастың бұл хаты  газетке басылып шыққан күні-ақ тергеу үшін қалалық партия комитетіне жолданды. Бірақ күні бүгінге дейін шыққан нәтиже, қайтқан жауап жоқ» дейді  автор.

«Сонымен, Щербаков пен Ритчердің  ұлы орысшылдығы есейіп орын тепті. Алғашқы істерінің тәжірибесін кейінгі жұмыстарында қолданды. Мелетсе мекемесіндегі қазақтарды  түрткілеп, қызметтен шығара бастады… Щербаков, Ритчер, Дуйвонин сияқты бастықтар қазақтарды мазақ есебінде ұрып жұмсайтын болды, тіпті «қазақтың айтқанына сенуге болмайды» деген қисын шығарды» дейді  Абдолла шындықты жайып салып.

Мақалада  Аппасұлынан басқа, осы салада еңбек еткен, қудалауға түскен, ақыры жұмыстан кетуге мәжбүр болған Есенәліұлының да  сөзі берілген. Осыған орай автор «тиісті орындар екі арыздың да пәктісін ашып, айыптыларды аяусыз  жазаға тартуын қатты талап етеміз» деді ол.

Ритчер Щербаковты айыптаудың орнына дәріптеп, оны облыстық милицияның ішкі қызметінің бастығы етіп қояды. «Екеуі бір жерден үн біріктіріп, қазақ мелетселерін  біртіндеп қуатынды шығарды. Ұлы орысшыл бұрын екеу болса, енді төртеу болды. Қалалық мелетсенің нәшандигі Дуйвонин мен облмелетсе кадр бөлімінің нәшандигі Кожевников те ұлы орысшыл» деп газетші олардың атын атап, түсін түстеп жазды.

Абдолла келтірген мысалдарға назар аударсақ, қалалық мелетсенің нәшандигі Дуйвонин ұлты қазақ милиция қызметкерлерін жұмыстан шығаруға дәлел іздейді, бірақ  жұмысынан кемшілік таба алмайды.  Ақыры,  Қосымбетұлы деген қызметкерді  «сен жолыққан жерде сәлем бермедің» (?) деп жұмыстан шығарып жібереді.

«Милиция бастықтарының мұндай сорақы істері тек қана бұл емес,  біздің айтып отырғанымыз жүзден бірі ғана» дей келіп,  автор облыстық милиция мекемесіндегі 75 қызметкердің үшеуі ғана қазақ ұлтынан екенін, бұл ретте «қазақтардан қалай құтылудың амалын таба алмай, «тәңірге» жазып жүрген бастықтардан аппаратты жергіліктілендіруді талап ету» мүлде қиын екенін айтады.

Кеңестік қоғамның, компартияның  жергілікті ұлттарға қатысты «мақтаулы»  саясатының   отызыншы жылдардағы бір сиқын, шын сырын Абдолла осылай суреттейді. «Ұлы орысшылдықты өрістеткен олардан не үміт, не қайыр» деген пікірінде көп мән жатыр.  Соған орай түйін сөзі  де тиянақты: «Облыстық партия бақылау комиссиясы  бұл істі өз қолына алып,  облыстық мелетседегі орын тепкен ұлы орысшылдықтың тамырын қырқуы керек. Партия ісіне қарсы шығып отырған мелетсе бастықтарын аямай жазаға тартсын,  біздің тілегіміз осы» дейді ол.

Қоғамдық пікір тудырған мақаланың соңы немен тынғаны белгісіз, газетте бұл жайында  дерек кездеспейді. Алайда Абдолланың қаламы арқылы бұған дейін айналып өтіп  келген, айтпай, айта алмай келген тақырыптың тұсауы шешілгені белгілі еді. Біз де мұны өткінші заманның өткенінен бір сабақ болсын деген райда мысал тұтып  отырмыз.

Газет тақырыбының 1937-1938 жылдардағы күрт бетбұрысына орай, баспасөз қызметкері Абдолланың  да осылай қарай ойыспай тұра алмайтыны белгілі. Сондықтан оның 1938 жылғы «Мансапқорларды  жауапқа тартуға аудандық комитеттің  батылы бармай отыр», «Тағы да Өтешов туралы» және т.б. осы сияқты мақалаларын сол заманның райына қарай қабылдауға  тура келеді. Мұның біріншісін — «Бәлшебектер партиясына  жабысып қыстырылған, мансапқор-коммунист Мартук ауданындағы «Қарағаш» қалқозынан да табылып отыр. Бұл қалқоздағы партия ұйымының  парторгісі Тілегенов деген» деп  бастаса,  екіншісінде — бұрынғы Мағаджан ауданының 9-ауылындағы атақты бай Жұмағазының баласы Өтешов дегенді сынға алады.

Абдолланың «Қарашаның» еркелері» деген көлемді еңбегі  сын мақала мен фельетонның элементтерін ұштастыра жазылған деректі әңгіме  сияқты оқылады.

Жарияланым:

«Сәрке ақсақал қатты ашуланды. Ашуланбай қайтсін, өмір бойы тап бүгінгідей қиналып көрген жоқ еді. Қиналды дерлік пәлендей жұмыс та істеген жоқ,  таң атқалы істеген ісі — үй сылайтын балшық езген. Бірақ оның патша заманында  Қожаберген, Тұрымбет сияқты  атақты шонжарлардың тетелес жолдасы болып жүргендегісін, оның бергі жағында 1913 жылдан бастап 3 жыл ауылнай болып, бүкіл елді бір шыбықпен айдағанын, шаруаларды жалмап жұтқанын еске алғанда,  мұндай жұмыстан қолы шығып кеткен адамға бұ да үлкен еңбек. Оның үстіне «пайғамбар жасына» келіп қалған шал-ау бұл әлі. Өзінше айтсақ,  «құдайдан» тілеп алған қошқардай үш ұлы тұрғанда, мұның жұмыс істейтін не жөні бар?» деп басталады.

Осы Сәрке ақсақалдың үлкен ұлы Масақ қалқозшыларға әртелдің төрағасымын деп қожаңдайды.  Қалған екі ұлы  Әділ мен Ақыл оларға Масақтың бууына ісініп әкіреңдейтін көрінеді. Шал балаларын «жаманды басындырмаңдар,  ауылды меңгеріп ауыздарыңа қаратыңдар, қалай болғанда да өз қамдарыңды ойлаңдар,  елді бір шыбықпен  айдамасаңдар, тумай туа шөгіңдер» деп үгіттейді екен.

«Жануы түссе, өтпейтін пышақ бола ма?» деп жазған Абдолла бұдан әрі ширай түскен Сәрке балаларының «Қараша» серіктігінің нағыз еркелеріне айналғанын рет-ретімен баяндайды. «Масақтың семьясы түгелдей серіктік  председателі болып есептелетін көрінеді. Оның інілері де,  әкесі де, әйелі де  серіктік мүшелерін  бір шыбықпен айдайды» дейді Абдолла. Аудан орталығынан 150 шақырым жерде жатқан бұл ауылға басшы қызметкерлердің келуі де сирек екен. Соған сәйкес қалың қалқозшының мұңын тыңдайтын ешкім жоқ. Бәрі де Сәрке балаларының шешімен болып жатады.

«Масақ мал табудың әдісін ойлап тапты, — дейді автор. —Үй басы ай сайын  үш сомнан салғырт салды. Сонда 47 үйден  айына 141 сом жиналады екен… Керек болған  уақытында «расқотым көбейіп кетті» деп  үй басы бес-он сомнан  үстеме салық салып тұратын болды». Сөйтіп, серіктік жұмысы өз бетімен кетеді. Қалқозшыларға еңбек күн жазылмайды. Келген тексерушілер Масақтың сөзін сөйлейді. «Масақтың айтуы бойынша  аудандық ұйымдардың  басшыларының бәрі де оған таныс… Өйткені ол — бір серіктіктің  бастығы… Өзі бастық болғасын ауданның қызметкерлеріне қарасып та тұрады» дей  келіп, автор сөз соңын былай  түйіндейді: «Бұл материалды біз  аудандық прокурордың алдына тартып отырмыз. Одан да таныс табылып, аяқсыз қалмасын кім білген» (Автордың жазуынша, «Қараша» серіктігі  Шалқар  ауданындағы Төңкеріс советінің қарауында болған).

Жалпы, Абдолла журналистік қызметінің бастауында газеттік мақалаларды көбірек жазса, 1937  жылдан бастап  бірыңғай фельетон майданына шықты және 1941 жылға дейін үзбей жазды. Қаламын қаруға айырбастаған кезде ғана сүйікті жанрынан қол үзді.  «Нұрпейісовтің кәсібі», «Биелер сотқа берілді(?)…» деген фельетондары — сыни журналистика  бағытындағы алғашқы  еңбектері.

Биелердің, яки малдың сотқа берілуі таңғаларлық нәрсе, әрине?! Қанша таңдансақ та, мұндай жағдай болған екен. Осындай тақырыпты тауып алған һәм ойдағыдай жазып шыққан  Абдолланың соңында қалған сөз мұрасы  соны айтып отыр.

Фельетон Ақтөбе ауданындағы «Ақшат» қалқозынан жазылған.  Қысқаша мазмұны мынадай: Қалқоздың төрағасы, оның орынбасары және бас есепші үшеуі шаруашылықтағы сатылған малдың да, сойылған малдың да игілігін  көріп-ақ келеді екен. «Қалқозшылар  жоқ болған малды, қаражатты   іздестіре бастады. Ізге түсіп, індете келгенде  әңгіменің түбірі  үш басшыға келіп тірелді. Бұлар қылмыстарын мойнына алса да,  жегендерін төлеуден бас тартты»; тексеруге келген тергеуші қалқоз басқармасының «қонақжайлығынан» аса алмай қалады;  «бір күні бұлардың қылмысы «Социалистік жол»  газетінің бетіне  қалқып шыға келді», — дейді Абдолла.

Жер бөлімі комиссия құрады. Комиссияның бір мүшесі «арақ десе, шөлдеген сиырдай  құнығатын»  горком инструкторы болады; оның бұрын қалқоз председателі болып тұрғанда малшыға жасаған зорлығы, пара алғаны белгілі екен. Ал қалқоздағы  газет мақаласын  талқылауға арналған жиналысты сол сыналып отырған адамның біреуі басқарып (?)  өткізеді; хат танымайтын бір қалқозшыны жиналыс секретары (?) етіп сайлайды және оның сауатсыздығы ескеріліп,  сыналып отырған және бір адам енді «секретарьға секретарь» болады. «Протоколды  опормит етіп,  қаулыны бұрмалап жазуға, қылмыстыларды ақтап жазуға   бұ да сеп болмай қалған жоқ», — дейді Абдолла.

Ақыры, комиссия «қылмыстылардың ешбір кінәсі жоқ, газет қате жазған» деп қаулы шығарады; жиналысқа қаулыны бекітуді ұсынады. Комиссия мүшелерінің бірі: «… қорытындысы дұрыс деп табылсын,  айыпты қалқоздың  басшылары болмағандықтан (?) өлген малдың  бәрі де қылмысты саналып сотқа берілсін (?)» дейді.

Тіпті жиналыс қаулысының бір тармағына: «Қалқоздан жоқ болған, яғни қасқырға жегізген, қарамай өлтірген һәм мінгеннен өлген  бие — барлығы сотқа берілсін (?). Сот алдында  бұлардың  ісі  (биелердің ісі)  заң бойынша  өндірілсін, бүгіннен бастап материалы (биелердің)  жолдансын» деп жазылады.  Абдолла бұл туралы «(қаулының текстін өзгертпей алып отырмыз)» деп ескерту жасапты. Сөйтіп,  айыпты қалқоз басшылары емес, өлген малдың өздері (?) болып шығады?!

Әрі күлкі, әрі түрпі деп санауға болатын осы оқиға — басқару органдарында отызыншы жылдары етек алған сауатсыздық пен сорақылықтың масқара үлгісі.  Фельетоншы адамның жеке басын емес, оның теріс ісін, сүйкімсіз әрекетін, «сауатсыздығымен сауатсыздықты үйретуін», лауазымды қызметкерлердің қарапайым еңбек адамына деген астам көзқарасын,  басшы мен қосшы арасындағы жағымсыз қарым-қатынасты өткір сынады.   Осы арқылы, өз дәрежесінде қоғамды рухани сауықтыруға, қайшы қылықтардан сақтандыруға тырысты. Абдолла фельетондарының бүгінгі жеткен тағылымы да осында.

«Социалистік жол» газетінің сарғыш тартқан әрі сырға толы парақтарында Абдолла Ерназаровтың бұдан басқа «Былқылдақовтың «быламығы»,  «Түзелмейтін бас», «Сәтсіз сапар», «Кадрды «зерттеу» соңында», «Председательдің» таласы», «Соңғы хабарларды тыңдаңыздар» (Сүлейменмен бірлесіп жазды) сияқты фельетондары сақталған.

Оң жамбасқа лайық оңтайлы жанр оны әрдайым өз орбитасында ұстады. Көзі қырағы журналист, мысалы, Шалқардың Бершүгір өңіріндегі өндірістік объектіге барып, мақалалар топтамасын жазған  іссапарынан «Мұстаев есіргенде…» деген  шығармасын да жобалап қайтты. Ол газетте «кішкене фельетон» айдарымен жарияланды.

«Мұстаевты Бершүгірдегілер «итқуар» деп атайды екен. Бершүгірліктердің бұлай деуінің  де жөні бар-ақ.  Мұстаевты көргенде  тасадан-тасаға қашып, жөн таба алмай жүрген иттердің талайына  кездестік өзіміз. Тегі, Мұстаевтың қуалауынан  иттердің  әбден запы болғаны  ғой бұл. Иттердің сорына болған адам-дағы…» деп басталатын фельетонда  Бершүгір кентінде  судья болып істейтін жауапты қызметкердің «ішіне арақ түсіп, өңеші қызса болғаны, көшеге шығып иттерді бытырлатып ата бастайтын…»  сорақы әрекеті туралы ашына баяндалады.

Абдолланың ақындығы туралы айтылмайды. Соныңда қалған жырлары әзір кездесе қойған жоқ. Газетте қызмет істеген жылдары өлеңге бет бұруға тілшінің тынымсыз тіршілігі мүмкіндік бермеуі де ықтимал.  Бірақ өлең сөзге деген ықыласы оң болғанға ұқсайды.

Облыстық газет қырғыздың ұлы ақыны Тоқтағұл Сатылғановтың өлеңдерінен арнаулы топтама бергенде, «Тоқтағұлдың айдалып бара жатып апасына айтқаны» деген тақырыпшасы бар «Қош, апеке!» өлеңін Абдолла Ерназаров қырғыз тілінен қазақшаға аударып жариялады («Апа» сөзі бұл жерде «үлкен шеше», «сүт ана»  мағынасында берілген). Бұрын айналымға түспеген осы туынды мәтінін толық ұсынбақпыз:

Боздадың, апа, боздадың,

Қайғымды қайта қозғадың.

Қайрат қылсаң болмай ма,

Тірідей жоқтап боздадың.

 

Жыладың, апа, жыладың,

Жылама, жасың құрғасын.

Өксігіңді баспасаң,

Ұлыңды мұңды қыласың.

 

Айналайын, апашым,

Көзіңе неге алдың жас?

Айдалып кетіп барамын,

Азап та тартып қайран бас.

 

Қайғырма қажып, апашым,

Құлақ сал менің сөзіме.

Ажалым жетіп өлмесем,

Қаршыға құстай айналып,

Келемін қайта еліме.

 

Айналайын, апеке,

Балапандай баққансың.

Ақ сүтіңді емізіп,

Бауырыңа басып жатқансың.

Мендей сорлы жалғызды,

Зарлап жүріп тапқансың.

 

Әлпештедің, апеке,

Адам қылдың асырап.

Ашылар ма екен қабағым

Жарқырап күндей ажырап.

 

Керімбай қылды кесірді,

Секірді, жауыз есірді.

Жасымнан-ақ қарсы едім,

Елімнен айдап көшірді.

 

Басыма түсті көремін,

Ажалым жетсе өлемін.

Қайғырмай, апа, үйге бар,

Қайтейін, барып келейін.

 

Айналайын, апеке,

Тыңда, ұғын, сөзімді.

Қартайғанда көп жылап,

Алдырма мұңға көзіңді.

Ажалым жетіп өлмесем,

Ақыры бір күн аламын,

Керімбайдан кегімді.

Абдолла Ерназаровтың кең тынысты журналистік шығармашылығы қалам қуатын тиянақтауға толық мүмкіндік береді. Ізет білдірген ізденуші болса, бұл шығармаларды (әсіресе фельетондарын) жазып алып, қайта жариялап, жинақтауға болар еді. Өйткені Жиенғали Тілепбергенов негізін қалаған, Кенжеғали Абдуллин дамытқан «оқшау сөздерден» бастау алатын газеттің көркем де көсем фельетонын туындату  қашанда қалам ұстаған адамның қабілетіне сын.

Ал «Ақтөбенің» Диқанбай (Сахин), Меңетай (Жақсылықов), Мұқсын (Қордабаев), Сәбитбек (Елеуов),  Ақбас (Дүйсенбаев),  Смағұл (Мұқашев), Қожағұл (Отарбаев), Әбдуәли (Қарағұлов),  Ыбырай (Әлібаев) сынды  қаламгер жігіттерімен бірге, бүгінде алыста қалған тұмса  туындыларды — алғашқы фельетондарды қалам халімен өзінше жетілдірген және жазуын қаруға айырбастағанша жанына жақын жанрдан қол үзбеген Абдолла Ерназаровтың бұл бағыттағы қолтаңбасы әрдайым айқын. Болашақ журналист-қаламгерлердің кәсіби тәлімі үшін «Ақтөбе» фельетондарының Абдолладан Зейноллаға (Құлжанов) дейінгі  тұтас бір кезеңі дербес зерттеуге сұранып-ақ тұр.

…Абдолланың «Тамаша картина» деген кинорецензиясы бар. 1938 жылы жарияланды. Бұл — сол кездегі әйгілі «Егер ертең соғыс бола қалса…» кинофильмі туралы. Киноның жақсы сипаттарын саралаған Абдолла рецензияны «Егер ертең соғыс бола қалса, бүкіл совет халқы  өзінің социалистік Отанын  қорғау үшін  жан қиюға даяр…» деп түйіндейді, сөйтіп, өзінің де осы сапта екенін сездіргендей болады.  Бұл — отыз жасында қан майданда опат болатын жас жігіттің 26 жасында жазғаны…

Өмірден ерте өткен, бірақ соңында ескірмес сөз мұрасын қалдырған «ақтөбелік»  хас шебер Абдолла Ерназаровтың талантты тұлғасына «қаламдоз» деген қалаулы баға  жарасатын тәрізді.

 Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button