«Ақтөбе» — 100!

Қаламды қару еткен ақын

Сонау сексенінші жылдары Ақтөбеде тұратын милиция қызметкері Бауыржан Құрманқұловтың өлеңдері облыстық «Коммунизм жолы» газетінде жарық көре бастады. Сол кездері Қазақстан Жазушылар одағының осы өңірдегі әдеби кеңесшісі Мұхтар Құрманалин поэзия әлеміне ұмтылған жас өреннің талабын ұштап, қанатын қомдауына қолдау жасады. Қалада студенттермен, мектеп оқушыларымен өтетін әдеби кештерге, кездесулерге алып барып жүрді.

Сонда жұртшылық милиция қызметкерінің өлең жазатынына таңғала қарайтын. Олай болатын да себебі бар. Жалпы ішкі істер саласы қызметі мен поэзияны үйлестіру, бір-біріне жақындату ақылға сыя қоймайтын кездер еді ол. Жалпы республика көлемінде Базарбай Исаев, Мешітбай Құттықов секілді санаулы ғана тәртіп сақшылары өлең жазатын сол тұстарда. Және олардың екеуі де бұл қызметтеріне баспасөзден, тіл-әдебиет мамандығынан келген болатын.

Ал Бауыржан болса, ішкі есебінде оларға, керісінше, әдебиет ауылына, журналистикаға жақындаудың амалын қарастырып жүріпті. Сыптай киінген, қызмет формасы өзіне жарасып тұратын капитанның жүріс-тұрысы талайды тамсантатын. Сөйтіп жүріп оның лауазымдық қызметі де өсе бастады. Ақтөбе қаласындағы құрылымдық бөлімше бастығының орынбасары болып тағайындалды, шені майорлық деңгейге көтерілді.

Соған қарамастан, ол бір күні облыстық газеттің қызметкері болып шыға келді. Сөйтсек, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезіндегі елдегі ахуал, өзінің әріптестері — ішкі істер қызметкерлерінің, нақтырақ айтсақ, көбі басқа ұлт өкілдерінің қазақ халқына жасаған қиястығы, қатігездігі жүрегін жаралап, шұғыл шешім қабылдауға мәжбүр етіпті.

Осылайша ол мылтықсыз майданға бет бұрды. Тәртіп сақшысының қаруын журналистің қаламына ауыстырды.

Ол «Коммунизм жолы» газетіне келген жылдар елде демократия ұшқыны шуақ шашып, бұрын жабық болып келген тақырыптарға жол ашылып, айнала кеңи бастағандай шақ еді. Бұған дейін Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқып алған Бауыржан баспасөздің ішкі құпияларына да бірсыпыра үңіліп үлгерген. Сондықтан оған жаңа ортаға кірігіп кету қиынға соққан жоқ. Бірақ үйренісе алмаған бір нәрсесі — анда-санда іссапарға шығатыны болмаса, сегіз сағат тапжылмай бір кабинетте отыру жағы болды. Көп ұзамай оның да жолы табылды. Аз-мұз тәжірибе жинақтаған соң оны облыстық газеттің Ақтөбе, Ленин және Мәртөк аудандарындағы меншікті тілшісі етіп тағайындады. Бұл шаруа енді Бауыржанның оң жағынан келді деуге болады. Жасыратын несі бар, бұл аудандарды ұзақ жылдар бойы орыс ұлты өкілдері басқарып, солардың ыңғайымен жергілікті тұрғындар да қазақы қалыптарынан айырыла бастағандай болатын. Елдік пен ерлік ұғымын қашаннан өз ұстанымы етіп алған ол аталған аудандарда жиі болып, қазақ газетіне биіктен қарайтын кейбір басшыларды тәубасына түсіре бастады.

Мәселен, Ленин ауданынан өз әріптесі Сексенбай Күлімбетовпен бірге жазған «Шындық пен шешімнің арасы» деген мақаласы жергілікті басшылық арасында біраз дүрбелең тудырғаны бар. Өйткені аудандық партия конференциясында делегаттардың екі хатшыға сенім білдірмеуі басты тақырыпқа шығарылған болатын. Бұрын жақсыны асырып, жаманды жасыру принципіне үйреніп қалғандар бұл мақалаға шошына қарады.

Бауыржан Құрманқұловтың келуімен сол кезде «Бұрын жазылмаған жай» деген жаңа айдар ашылды. «Темір тордың арғы жағында» деген мақала Ақтөбе қаласындағы №5 деген атауы бар қамақ орнынан жазылды. Тағдыры адастырып, қылмысқа ұрынған, тегіс жолда тігінен жүріп келе жатып сүрінген, ішімдік салдарынан есінен адасып, не істегенін білмей қалған, тағы да басқа себептермен қолына кісен салынған әртүрлі жастағы азаматтардың өмірі туралы ой толғаған олжурналистер арасынан сол жабық мекемеге алғашқы бас сұққан қалам иелері қатарынан болса керек. Кейін осы жазбалары бойынша көптеген адамдар хабарласты. Оларға білген ақыл-кеңесін айтып, адасқан бауырларына қолдау жасап тұрулары қажеттігін ұғындырды.

Бірде редакция тапсырмасымен Қарабұтақ ауданына барғаны бар. Мақсат — қой өсіруші комсомол-жастар бригадасы жұмысын көрсету, жалындаған қыз-жігіттердің еңбегін насихаттау. Аудандық комсомол комитетінің жетекшісімен сөйлесті әуелі. Қағаз жүзінде бәрі жақсы. Мақтаулы ұжымдар бар. Ал шаруашылыққа барып, аралай бастағанда бұның бәрі құр мақтаныш екені байқалып қалды. Тіпті бір бригаданың аты бар да, заты жоқ болып шықты. Содан зерттеу жүргізіп, көптеген адамдармен сөйлесіп, «Жастар бригадасы кімге керек?» деген сын мақала жазуына тура келді. Бұл ауданда да бір дүрбелең басталды. «Журналистке мұндай деректерді кім берген?» деген сияқты әңгіме қозғалып, басшылар бірін-бірі кінәлап жатты.

Отызыншы жылдардағы қуғын-сүргіннің көп дерегі күні кешеге дейін құпия болып келгені мәлім. Бұл тақырып та оның назарынан тыс қалған жоқ. Ретін тауып архив мәліметтеріне үңілді, сөйтіп жүріп Бадамша селосында тұратын бұрынғы НКВД бастығы болған Титов деген кісіні тауып алып, ашық әңгімеге тартты. Көп құпияны ішінде сақтап, сыртқы жұртқа қаншама жылдар бойы сыр бермей келген жазалаушы орган өкілі бастапқыда сасқалақтап қалғанымен, артынан амалсыздан айтқанына көнді, айдауына жүрді. Бауыржанның мұндай мұқияттылығына және табандылығына біраз жыл өзі де қоғамдық тәртіпті сақтау саласында қызмет еткені көмегін тигізген болар, сірә.

Бір күні газетте «Қарғаның екі валеті» деген мақала жарқ етіп көрінді. Оқырмандар тағы да елең ете қалды. Сол кезде ақша салып, карта ойнау, оның арты қылмысқа ұрыну сияқты жайлар белең алып тұрған. Осындай оқиға салдарынан Шұбарқұдық жақта бірнеше жас жігіт өмірімен қоштасты. «Ауруын жасырған өледі». Кейбіреулер бұл көріністерге оншалықты мән бермей, ішінара орын алған мәселе ғой деген сыңай танытқаны да байқалды. Алайда осы мақала шыққаннан кейін көпшілік арасында қозғалыс байқалды.

«Есік сыртынан атылған оқ» деген мақала да көпшілікті мазасыздандырған қылмыстық оқиғаның мән-жайын толық ашып берді.

Осылайша сексенінші жылдардың соңы мен тоқсаныншы жылдардың басында облыстық газетте қызмет атқарған Бауыржан Құрманқұлов өзін осылай танытты.

Алайда ол күрделі тақырыптарға қалам тартып, от пен судың ортасында жүрсе де, бала кезінен жансерігі болған өлеңін ұмытқан жоқ.

Мекенімді өзгеше бақ көремін,

Мін тақпаймын, шабытын тапты өлеңім.

…Қала менен даланың қиылысы —

Мен тұрған үй шетінде Ақтөбенің,—

деп қаламын қайрай түсті.

Оның алғашқы өлеңдері «Балауса», «Рауан», «Баспалдақтар» деп аталған жас ақындардың ұжымдық жинақтарына енді. Кейін Алматы баспаларынан «Кеш емес әлі», «Хат», «Бір өкініш, бір үміт», «Кешір мені», «Беу, дүние-ай!» өлең жинақтары жарық көрді.

«Қыдыр ата» мистикалық хикаят пен детективтік әңгімелер жинағы өз алдына бір толымды еңбек болып оқырманына ұсынылды.

Ол мұнымен де тоқталып қалған жоқ, «Құрдымға апарар жол» толықметражды кинофильмінде басты рөлдердің бірінде ойнап, актерлік шеберлігін танытты. Сондай-ақ «Беу, дүние-ай!», «Ауылдың балалары», «Сені іздеймін», «Ақты жұлдыз», «Әкеге хат», «Ең бақытты жұбайлар жыры», «Ой, құдаша!», «Сен мені сағындың ба, жаным» сияқты сезімге сәуле түсірер жиырмадан аса әннің авторы атанды.

Бұл аз десеңіз, ол қоғамды мазасыздандыратын шаруалардан тыс қалып көрмеген екен. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында тіліміз мен ділімізді, салтымыз мен ғұрпымызды сақтап қалу жолында «Алдаспанның» астында сап құрды, ядролық жарылыстарға қарсы «Жем» тобының да белсенді мүшелері қатарынан көрінді.

Баукең кейін заман ағымына қарай бірыңғай кәсіпкерлікпен шұғылданды. Бұл салада да көптеген шаруалар тындырып жүр. Бірыңғай өзі үшін емес, көпшілікке шапағаты тиген кездері де көп. Ол туралы, әрине, өзінің қарапайымдылығына салып, айта бергісі келмейді.

Ең бастысы, қай жерде жүрсе де, ақындық арына сызат түсірген кезі болған жоқ.

Қазақтың сыршыл да шынайы ақыны Қуандық Шаңғытбаевтың Бауыржанның өлеңдеріне әдейі бір бұрылып қарағанының өзі неге тұрады?!

Бір кездері ішкі істер қызметінің саяси бөлімі капитан Бауыржан Құрманқұловтың болашағынан үлкен үміт күтіп заң факультетіне жолдама берген екен, бірақ оның ақын жүрегі университет қақпасы алдынан журналистикаға қарай бұрылып кетіпті. Оған тіпті де өкінген емес өмірінде…

Бүгінде жетпіс атты желкенді жастың биігіне шығармашылық бабында көтеріліп тұрған Бауыржан Құрманқұловтың сонау жастау кезінде жазған «Кеш емес әлі…» деген бір өзгеше өлеңі бар. Сол ойымызға оралады қайта-қайта…

Иә, жақсы істерге, ізгілік пен имандылыққа ұмтылу ешқашанда кештік етпейді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button