«Ақтөбе» — 100!

Бірінші рет шақырылды

Әр тәуелсіз елдің өз әскері бар, әр елде өз заңына сай, жастардың тұрақты түрде әскер қатарына шақырылуы — қалыпты жағдай. Біздің елде де қазіргі аға ұрпақтан бастап, балаларға дейін мұны жақсы біледі. Ал халқымыз бодандық қамытына іліккен заманнан беріде, қазақ жастары алғаш рет 1928 жылдың күзінде тұрақты түрде әскер қатарына шақырыла бастапты. Бұл жылы әскерге 1906 жылы туған жастар шақырылған. Осыған байланысты округтік «Кедей» газеті арқылы да үгіт жұмыстары жүргізілген.

1928 жылдың жазында «Кедей» газетінде жарияланған төмендегі материалдар осы жұмыстың, сондай-ақ бай мен кедейді қарсы қою саясатының, астық дайындау мен дін өкілдерінқудалау науқанының көріністерін көз алдыңызға әкеледі.

 

ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ, ДАЙЫН БОЛ

Алдымыздағы күз мизан айында 1906-жыл туған орыс жастарымен бірге, қазақ жастары да айбарлы қызыл әскер қатарына шақырылғалы тұр. Бұл — қазақ жастарының қызыл әскер қатарына бірінші рет шақырылуы. Бұның еңбекшілер жұртшылығына көп маңызы бар.

Бұл жұмыс қазақ жастарының өмірінде бірінші рет кездесуі. Сондықтан бұған қазақ еңбекшілерінің арасынан шыққан еңбекші жастар сүйіну керек. Қуану керек.

Өйткені патша заманында қазақ елін — ел демей, айаққа басып, кемдікте ұстаған, қазақ жастарын әскерлікке алып, қолына мылтық беріп, жауға жіберуге сенбеген. Қазақтан әскер алынса, қазақ еңбекшілері ойанады. Патша өкіметінің қанауына көнбей кетеді деген. Ондағы мақсат осы еді. Қазақ жастарын айап алмаған емес еді. Қазақ еңбекші жастарының қызыл әскер қатарына алынуы кеңес өкіметінің арқасы. Соның үшін бұны шақырылатын жастар жақсы түсініп, жадына алу керек. Елде не жоқ? Байлар да, қулар да, атқамінерлер де, молдалар да бар.Олардың сырты жылтырағанмен,көбінің іші бықсық. Олар шамасы келсе кеңес өкіметінің күрделі жұмысына кедергі жасайды. Еңбекші жастардың арасына «соғыс болып жатыр екен, сендерді сонда апарады екен» деп, өсек-айаң таратуға олар ұйалмайды. Оларда бет, ұйат, наным деген жоқ.

1906-жыл туған қазақ жастары елдегі қулардың бұл сөзіне алданбай, ықпалына түспей жүруге тырысу керек. Сондай айтқандарға заң ретімен шара қолданудың жолын іздеу керек. Сонда ғана олардың ауызына құм құйылып, жолы байланып, жағы қарысады. Біздің кеңес өкіметінде болып жатқан соғыс, төгіліп жатқан қан жоқ. Қан төгуге біздер құмар емеспіз. Бірақ айналамыздың бәрі жау. Байлар патшалығының бізге елдігі жоқ. Олардың қолынан ешнәрсе келмейді. Келетін болса, кеңес өкіметін әлдеқашан-ақ құлатып болар еді. Кеңес өкіметінің еңбекшілері әлденді.

Ел еңбекшілерінің қорғаны қызыл әскердің санымен қатар, сапасы да артты. Біздің қызыл әскеріміздің бір-біреуі байлар әскерінің онына татиды.

Кеңес өкіметі жаудан қорқып, қорынбайды. Оның сүйеніші — еңбекшілер арасынан шыққан, қатары берік, жауынгер қызыл әскерлер. Біздің қазақ жастары да осылардың қатарына алынып, осындай қызыл әскер болмақшы. Енді аз күннің ішінде сап түзеп, қызыл әскер қатарына қосылып, қызыл әскердің ұлт бөлімі құрылмақшы.

Қазақ еңбекші жастары, байлардың кедей мен орта шаруаларға дос емес екенін білдіңдер. Оны ел арасында күнделік өмірде көріп жүрсіңдер. Олай болса, байлардың азғыруынан аулақ болып, еңбекшілер өкіметі — өз өкіметіңізді қорғауға дайар болыңдар. Орыс еңбекшіл жастарымен қол ұстасып, тізе қосып тыныштық дәуірін орнатуға әзір болыңдар. Қорқып, қорғанып, жылап, сықтап, жасымаңдар.

Кейінгі қалың еңбекшілер сендерге көмек беруге дайар. Қайтпас құрыш, жасымас болаттай қазақ еңбекшіл жастары, дайар бол!

ҚҰРМАШҰЛЫ Қ.

«Кедей», №24 (186),

1928 жыл, 17 шілде.

 

ӘСКЕРЛІККЕ ШАҚЫРЫЛҒАН ЖАСТАРҒА БЕРІЛЕТІН ЖЕҢІЛДІКТЕР

Алдымыздағы күз 1906-ыншы жылы туған жастар әскерлік қатарына шақырылады. Шақырылатын жастар әскерлік қызмет мерзімін толтырып қайтқан жастардың орнында тұрады. Бұрынғы әскерлік қызметіне жаттыққан елдердің жастарымен терезесі тең қызмет атқарады.

Әскерлікке шақырылған жастар қалай болса солай алына бермейді. Олардың денсаулығы, шаруашылығы еске алынады. Егер денсаулығы нашар болса, әйтпесе жалғыз жігіт болып, әскерлікке алынғанда шаруашылығы бұзылатын болса, әскерліктен босатылады. Осы босатылатын жастарды айыру үшін олардың тұрмысы, шаруашылығы үш түрге бөлінеді.

Бірінші түрі — үш немесе үштен артық жұмысқа жарамайтын адамы бар үйлер. Екінші түрі — бір иаки екі жұмысқа жарамайтын адамы бар үйлер. Үшінші түрі— өзінен басқа жұмысқа жарайтын жалғыз ғана адамы болып, екеуінің қарауында жұмысқа жарамайтын үш иаки онан артық адамы бар үйлер. Жұмысқа жарайтын, жарамайтын кісілердің еншісі бір болуы керек. Еншісі басқа кісілер тума болса да, оның қарауында есептелмейді.

Әскерлікке шақырылмастан бір жыл бұрын енші алып, дөкемет алған кісі еншісі басқаға саналып, онан жақында енші алысқандар еншісі басқаға қосылмайды.

Еркектердің 18 жасқа жетпегені, 55 жастан жоғарғысы, әйелдердің 18 жасқа жетпегені, 50-ден асқаны жұмысқа жарамайтын кісі деп есептеледі. Екіқабат әйелдер, сегіз жасқа толмаған баласы бар әйелдер жұмысқа жарамайтындардың қатарына кіреді. Жарымдар да жұмысқа жарамайтындарға қосылады.

Сайлау, сайлану құқығы жойылғандар, қызыл әскер қызметінен құтылу үшін жасын жасырғандар, үйіндегі жұмысқа жарайтын кісілерін жасырушылар, тағы сондай тәсіл істеушілер жеңілдікпен пайдалана алмайды. Өтірігі білінсе, дереу әскерлік қатарына алынады.

Жоғары дәрежелі білімі бар, әскерлік дайарлығы толық кісілер де жеңілдікпен пайдаланбайды. Тіке әскерлікке алынады.

Бірінші түрдегі үйлердің әскерлік жасындағы жастары әскерлік қызметінен мүлде құтқарылады. Әскерлік есебіне алынбайды.

Екінші, үшінші түрдегі үйлердің әскерлік жасындағы жастары окрік қарамағынан алынатын жастардың мөлшеріне қарайды. Егер бұларды алмағанда мөлшер толатын болса, бұларды әскерлік қызметінен босатады. Егер толмайтын болса, кезекпен алынады. Әуелгі кезекте 3-түрдегі жастар, оған да толмаса 2-түрдегі жастар шақырылады.

Жеңілдікті кім береді?

Тұрмысы жоғарыда айтылған үш түрдегі үйлердің жастарына жеңілдікті жастарды әскерлікке шақыратын окріктік кемесие береді. Жеңілдік берерде кемесие әскерлікке алынатын жастардың тізімін, онда жазылған үй тұрмысын, оларды  ыспаттайтын дөкеметтерді тексереді. Алынатын жастардың іштерінен жоғарыда көрсетілген үш түрге қарап жеңілдік аламыз деушілері болса, үй тұрмысын, оны ыспаттайтын дөкеметтерді әзірлеп ауыл кеңестеріне мәлімдеме берулері керек. Ауыл кеңестері ол мәлімдемелерді аудандық атқару камитеттері арқылы окріктік шақыратын кемесиеге жібереді. Екіқабат әйелі бар иаки жарымжан кісілері бар жастар да осылай етулері керек. Жасы жұмыс жасында болып та, өзі жұмысқа жарамайтындар доғдырға көрініп, жұмысқа жарамайтындықтарына дұрыс дөкемет алып кемесиеге кезінде тапсыруы тиіс. Осылай еткен күнде ғана жеңілдік ала алады.

 «Кедей», №24 (186),

1928 жыл, 17 шілде.

САЛЫҚТАН ЖЕҢІЛДІКТІ КІМ АЛАДЫ? ҚАЛАЙ АЛАДЫ?

Салықтан табыс мөлшері мынадай әлсіз шаруалар мүлде құтқарылады. Мәселен, егін егетін аудандарда 1-2 жаны болып, барлық табысы — 90 сом; 3-4 жаны болып, барлық табысы — 100 сом; 5 және артық жаны болып, барлық табысы 120 сом болса.

Егін, мал шарушылығы аралас аудандарда 1-2 жаны бар, табысы — 60 сом; 3-4 жаны бар табысы — 80 сом; 5 және артық жаны бар, табысы 120 сом болса.

Жоғарыда бірсыпыра әлсіз шаруалардың кірісі салық түспейтін мөлшерден артық болса да, салықтан құтқарылады дедік. Оның мәнісі былай: жоғарғы өкімет әлсіз шаруаларға салықтан жеңілдік беру мақсатпен ақша қорын (жеңілдік қорын) шығарып отыр.

Биыл Қазағыстан өкіметі 3 жүз мың сом ақша жеңілдік қорын шығарып, гүбірнелерге бөліп отыр. Біздің Ақтөбе гүбірнесіне тиіп отырғаны — 20 мың сом. Әр ауданға мөлшерленіп бөлінеді. Мәселен, Ақтөбе ауданының сыбағасына бір мың сом тиген болса, осы бір мың сомға мөлшерленіп, бірсыпыра салық төлейтін әлсіз кедейлер салықтан құтқарылады.

Мұның үшін жылдағыдай арыз-өтініштің керегі жоқ. Ауылдық кеңес пен ауылдық қосшы ұйымы кедей шаруалардың тізімін тапсырады. Тізім бойынша аудандық салық кемесиесі бір сомға дейін салық төлеушілерді, оған жалғас кәсіпке жарайтын адамы кемдерді құтқарады. Қалғандарын салық кемесиесі өз билігімен сұрыптап босатады.

«Кедей», №26 (188),

1928 жыл, 5 тамыз.

ТОМАРӨТКЕЛДЕН АСТЫҚ ДАЯРЛАЙТЫН ОРЫН АШУ КЕРЕК

Тұзтөбе болысының екі тегісінен егін кесінін істейді. Егетіндері — бидай, тары, сұлы, қарабидай.

Әсіресе биыл күн райына қарағанда астық мол шыға ма деген шаруаның үміті күшті. Бұлар астықты Тұзтөбе базарына сатады. Осы күні бұл болыстан 6-7 мың пұт шамасы астық дайарланды. Осы күні де дайарланып жатыр.

Әрине, бұл Тұзтөбе болысының егіншілік кесініне қарағанда көп астық емес. Астық орта шыққан жылы Тұзтөбе болысынан 150 мың пұт астық дайарланатын еді. Бұған қарағанда Орынбор гүбірнесіне бірнеше мың пұт астық кетіп отыр. Сондықтан әркім өз қоңын өзі қасып, өз кемтігін өзі толтыру үшін Томарөткелден астық дайарлайтын орын ашу керек. Осылай болған уақытта жақын жерден елдің де, өкіметтің пайдасы табылар еді.

№32.

«Кедей», №24 (186),

1928 жыл, 17 шілде.

ҚҰЛАҚТАНДЫРУ

Мені 1925 жылы Қобда болысында 2-6-ауылдарға имамдыққа сайлап еді. Сол имамдықты осы жылы 23-заузада шаруашылықты тәуір көріп тастадым.

Амантұрлы БАДЫРАҚҰЛЫ.

«Кедей», №24 (186),

1928 жыл, 17 шілде.

 

Ауыл хаттары

ПАЙДАНЫ ӘЛДІ ШАРУАЛАР КӨРІП ОТЫР

Біздің Қобда болысындағы қарыз серіктестік шаруаларға деп келген ақшаны дұрыс үлестірмейді. Мысалы, 10-ауыл жарлыларына деп арналып келген мың сом ақшаны әлділерге бөліп отыр.

  1. 10-ауыл кеңес ағасы О. Ж.-ұлы 200 сом алды.
  2. Ж.-ұлының туған інісі, еншісі бірге С. 200 сом алып отыр.
  3. Ж.-ұлының тумасы Б. Е.-ұлы 200 сом алды. Мұның 30 қарасы бар. Б. ақшаны алған бойға мауыттан бешпет, шалбар тіктірді. Мұнысы ақшаны тиесілі орнына жұмсағаны ма?

Ақшаны әлділерге бергеннің орнына жарлыларға берсе, олардың шаруашылығы көтеріліп қалар еді.

К. БАБАҚОЖАҰЛЫ,

«Кедей», №24 (186),

1928 жыл, 17 шілде.

ШАРА ҚОЛДАНСА ЕКЕН

Қобда болысы 2-3 және 5-ауылдарының айдаған егіндерін сарышұнақ жеп жатыр. Егіннің құлағын қыйып қойатын емес.

Бұған шара қолданса екен.

ҚАСЕН.

«Кедей», №25 (187),

1928 жыл, 25 шілде.

Материалдар облыстық мемлекеттік архивтен алынды.

Араб қарпінен (Байтұрсынов әліпбиі) оқыған Индира ӨТЕМІС.

 (Көп тұста сол кезеңнің орфографиясы сақталып берілді.)

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button