Спорт

Мейрамбек Парижге барады!

Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, 2024 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Мейрамбек Қартбай Париж Олимпиадасына жолдама алды.
Мейрамбек — Ембі қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі. Ол 57 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Осы салмақта Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Нұрислам Санаевтың ізбасары.
Еркін күрестен ел құрамасының бапкерлері осы спорт түрінен Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынатын ең алғашқы жарыс — Белградта өткен 2023 жылғы әлем чемпионатына Мейрамбекті апарған болатын. Бұл жарыста ол ширек финалда неміс балуаны Никлас Штехелден басым түсіп, жартылай финалға дейін жеткенімен, жартылай финалда 2022 жылғы әлем чемпионы, жапон балуаны Рей Хигучиден жеңіліп қалған еді. Бұдан кейін екі рет қатарынан сәтсіздікке тап болды: қола жүлде үшін болған белдесуде — армениялық Арсен Арутюняннан, Олимпиада жолдамасы үшін болған сайыста ресейлік балуан Заур Угуевтен жеңілді. Сөйтіп, бұл жарысты Мейрамбек үшін, жалпы осы салмақта ұлттық құрама үшін нәтижесіз болды деп есептеген едік…
Ақпан айында күрес түрлері бойынша ел чемпионаты өтіп, Мейрамбек қола жүлде алды. Оның салмағында алтын жүлде — жетісулық Ерасыл Мұхтаровқа, ал күміс медаль жамбылдық Рахат Қалжанға бұйырды. Сондықтан Белградтағы әлем біріншілігінен кейінгі іріктеу турнирлеріне құрама бапкерлері осы екі балуанды апарды. Бірақ сәуірде Бішкекте болған іріктеу турнирінде өнер көрсеткен Ерасыл да, мамырда Стамбулда өткен соңғы іріктеу жарысына қатысқан Рахат та үмітті ақтаған жоқ.
Сонымен, бұл салмақта Қазақстан Париж Ойындарына балуан апармайтын болған еді. Алайда нәтижесіз аяқталды деп есептелген Белград чемпионатындағы Мейрамбектің соңғы белдесуі 9 айдан кейін ойламаған жерден нәтиже әкеліп отыр. Халықаралық Олимпиада комитеті Ресейден ХХХІІІ жазғы Ойындарға тек 10 балуанды ғана қатыстыру жөнінде шешім қабылдады. Бір топ балуанға, соның ішінде 57 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Заур Угуевке де Олимпиадаға қатысуға рұқсат бермеді. Белградта Мейрамбекпен күресте жеңіп алған Угуевтің жолдамасы енді қарсыласына беріледі деп шешім шығарылды.

Жанкүйерлерге айта кетсек, бұл — Париж Олимпиадасына біздің өңір спортшылары иелік еткен үшінші жолдама. Бұған дейін тағы бір еркін күрес шебері Юсуп Батырмырзаев (125 кг) пен триатлоншы Екатерина Шабалина Олимпиада жолдамасын алды.
Ал өткен Токио Олимпиадасында еркін күрестен 57 кг салмақ дәрежесінде Қазақстан, соның ішінде Ақтөбе өңірі атынан өнер көрсеткен Нұрислам Санаев қола жүлде алған еді. Спортшыларымыз бұл жолы да жүлдемен оралғай дейміз.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button