Спорт

Алғашқы жеңіс

Премьер-Лига

 «Ақтөбе»-«Тұран» — 2:1

8-9 наурыз күндері 2-тур ойындары өтті.

«Қайрат» Алматыда «Ордабасы» командасын ірі есеппен ұтты — 4:0. «Астана» сырт алаңда «Қызылжарды» жеңді (2:0). Астанада «Тобыл» мен «Жеңістің» кездесуінде гол соғылған жоқ.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Түркістанның «Тұран» командасын қабылдады.

Алғашқы турда жерлестеріміз сырт алаңда «Ордабасы» командасымен тең ойнаған болатын (0:0). Ал мына турда сол шымкенттіктерді «Қайрат» 4:0 есебімен ұтқан соң көңілімізге әрқилы ой келді. Бір жарым тайм бойы жерлестерімізді тықсырумен болған «Ордабасының» жағдайы бүгін анадай болғанда мына ойында көңіл көншітерлік нәтижеге жете аламыз ба?

Бекер мазасызданбаппыз. Ойын басталысымен еш қызықты өрнек көре алмадық. Екі команда да, әйтеуір, допты тепкілеумен болды. Футболшылардың қимылында белгілі бір жүйе жоқ, қитұрқы пастар да жоқ. Доп біресе ана тұста, біресе мына тұста жүреді.

«Ұлытаудың» жағдайын түсінуге болады. Бұлар өткен жылы бар-жоғы 20 ұпай жинап, чемпионатты 12-орынмен аяқтаған еді. Ал үшінші орынға ие болған «Ақтөбенің» бұлайша ойнауы жанкүйерлерді тіпті де риза ете алмады. Команда құрамында өткен жылы жап-жақсы өнер көрсеткен Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов, Бағдат Қайыров, Уче Агбо, Фредди Гондола жүр. Былтыр үздік сұрмерген атанған Ыдырыс Умаев та бар. Ал шеберлік дегеніңіз жыл сайын өсе түсуі керек емес пе еді?

Рас, чемпионаттың енді ғана басталып келе жатқанын, сол себепті ойыншылар бір-біріне үйренісіп болмағанын сылтау етуге болар. Дегенмен бүкіл команданы соңына ертіп алатындай, алаңда басқаларға үлгі болып, әрі-беріден соң шабуылдар мен қарсы шабуылдарды ұйымдастырып жүретіндей біреу керек емес пе. Сол біреу бұл ойында Ыдырыс Умаев болып шықты. Қарсыластар қақпасына соғылған екі голға да осы Ыдырыстың қатысы болды.

Кездесу басталғанына жарты сағаттай уақыт өткен соң жанкүйерлердің төзімі таусыла бастағандай еді. Егер гол соғылмаса, мұның несі тартыс? Оның үстіне жұртты желпіндіріп отыратындай да ұтқыр комбинациялар көріне қоймады. Кезекпе-кезек бұрыштама доптар орындалғанмен, қақпалардың жібек торы желпілдемеді.

Ыдырыс Умаев кезекті рет бұрыштамадан тастаған доп та көздеген межеге жете алмады. «Тұранның» қақпашысы Егор Хаткевич бұл допты да кері қайтарды. Дегенмен қайтқан допқа алдымен Ыдырыс жетті. Жетіп қана қоймай, дәл қақпа алдына қарата әуелете пас тастады. Тап осы жерде жүрген сербиялық Неманья Анджелкович ыңғайына келе қалған допты баспен соқты да, қақпа торын бүлк еткізді. Бұл ойынның 29-минуты еді — 1:0.

Әрине, алаң иелерінің өздерінен аса басым ойын көрсетіп жатпағанын сезіп жүрген тұрандықтардың жүні жығыла қойған жоқ. Осы таймның соңына дейін және екінші таймның басында олар бірнеше қауіпті соққылар жасады. Константин Дорофеев жасаған қауіпті соққының бетін қақпашымыз Андрей Влад қайтарды. Дегенмен қонақтар мақсатына жетті. 55-минутта Игорь Стасевич бұрыштамадан допты қақпаға қарай әуелете тастады да, орта жолда Василий Совпель баспен бұл допты қақпа бағанына қарай туралай бұрып жіберді, ал осы жерге келе қалған Горан Милойко және баспен соғып, есепті теңестірді — 1:1.

«Ақтөбенің» капитаны Әлібек Қасым жарақат алып алаңнан шығып кеткен соң бас бапкер ойынға жас екі футболшыны қосқан еді. Еркебұлан Сейдахмет пен  Дархан Бердібек бірден-ақ қарсыластар қақпасын нысанаға алып, түркістандық футболшылардың осал тұсын аңдуға кірісті. Ақыры олардың бұл әрекеті нәтижелі болды да. Ойынның сексенінші минуттары басталған шақта Ыдырыс Умаев кезекті рет бұрыштама доп соқты да, доп біздің футболшылардың төбесінен асып түсті. Бірақ бұл сәтті Амаду Думбия құр жібермеді. Ол допты қайырып әкеліп жаңадан шабуыл бастап кетті. Осы кезде доп қақпа алдына қайтадан әуелей жетті де, оны сол маңда жүрген Еркебұлан Сейдахмет баспен соғып, қақпаға енгізіп жіберді. Қақпашы алданып қалды. Бас төреші әуелгіде Еркебұланды офсайдқа еніп кетті деп есепті бұрынғы күйі қалдыруға белгі бергенімен, ВАР жүйесі голдың ереже бойынша таза соғылғанын көрсетті де, «Ақтөбе» ілгері шықты — 2:1.

Сөйтіп, бұл кездесудегі үш гол да баспен соғылды.

Ойын осы есеппен аяқталды. Жерлестеріміздің пайдасына үш ұпай жазылды.

«Ақтөбе»-«Тұран» — 2:1

Гол авторлары: Неманья Анджелкович, 29-минут (1:0); Горан Милойко, 55-минут (1:1), Еркебұлан Сейдахмет, 82-минут (2:1).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Әділхан Таңжарықов, 15-минут; Риливан Рабиу, 59-минут («Ақтөбе»), Одилбек Абдумажидов, 45+3 минут; Хуршидбек Мухторов, 85-минут («Тұран»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Влад (қақпашы), Лев Скворцов, ​Әлібек Қасым, капитан (Еркебұлан Сейдахмет, 52-минут), Неманья Анджелкович, Әділхан Таңжарықов (Амаду Думбия, 46-минут),​ Бағдат Қайыров, Риливан Рабиу, Уче Агбо, Ыдырыс Умаев (Саят Жұмағали, 90+1 минут), Фредди Гондола, Оралхан Өміртаев (Дархан Бердібек, 65-минут).

Резервте болғандар: Игорь Трофимец (қақпашы), ​Аян Байдаулетов, Әлішер Кенжеғұлов, Джордже Ивкович, Айбар Абдулла.

Бас бапкер: Игорь Леонов.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Қызылжар»-«Астана» — 0:2

«Қайрат»-«Ордабасы» — 4:0

«Елімай»-«Қайсар» — 2:0

«Жеңіс»-«Тобыл» — 0:0

«Жетісу»-«Ұлытау» — 0:0

«Оқжетпес»-«Атырау» — 2:1

*   *   *

2-турдан соң командалар турнир кестесінде төмендегіше орналасты.

1,2,3,4-орындарда 4 ұпайдан жинаған төрт команда тұр: «Қайрат», «Астана», «Тобыл», «Ақтөбе».

5,6,7,8-орын иелері — 3 ұпайы бар «Елімай», «Тұран», «Атырау», «Оқжетпес» командалары.

9,10-орындарда 2 ұпайдан жинаған «Жетісу» мен «Жеңіс» тұр..

11,12,13,14-орын иелері — 1 ұпайлары ғана бар «Қызылжар», «Қайсар», «Ұлытау», «Ордабасы».

*   *   *

3-тур енді үш аптадан соң өтеді.

29 наурыз, сенбі:

«Ордабасы» — «Қызылжар»

«АТЫРАУ» — «АҚТӨБЕ»

«Астана» — «Жетісу»

«Тұран» — «Қайрат»

30 наурыз, жексенбі:

«Тобыл» — «Елімай»

«Ұлытау» — «Жеңіс»

«Қайсар» — «Оқжетпес»

Е.АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button