Ел чемпионаты қорытындыланды

Тоғызқұмалақ
Ақтөбеде өткен тоғызқұмалақтан ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Аталған чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 20 команда қатысты.
Жарыстың жабылу салтанатына тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы Дәулет Ұзаққалиұлы, республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсұн, облыстық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Сабыржан Мұхтаровтар қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
— Тоғызқұмалақ соңғы уақытта қарқынды дамып жатыр. Биылғы жарысқа 83 ер адам, 87 әйел қатысып, тоғызқұмалақтың классика түрінен жекелей сынға түсті. Қатысушылардың дені — халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, еңбек сіңірген спортшылары екен. Бұл — қуантарлық жайт. Кезекті ел чемпионаты тартысты өтті. Әсіресе Батыс Қазақстан және Абай облыстарының ойыншылары жарыста көзге түсті. Төрт мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақ — ақыл-ойды дамытатын қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Бүгінде ойлылардың ойыны саналатын спорт түрі әлемнің 30-дан аса елінде сұранысқа ие, — деді республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсұн.
Нәтижесінде әйелдер арасында тоғызқұмалақтың классика түрі бойынша сынға түскен Абай облысы командасының ойыншысы Аяна Исахан алтын медальді жеңіп алды. Ал Астана қаласы командасының ойыншысы Гүлнар Базаралиева күміс медальді иеленсе, Қызылорда облысы командасының ойыншысы Ұлдана Махамбеталина мен Қарағанды облысы командасының ойыншысы Аңсаған Қожанәсіп қола медаль иегерлері атанды.
Сондай-ақ ерлер арасында сайысқан Батыс Қазақстан облысы командасының ойыншысы Дархан Ануарбеков командасының қоржынына алтын медаль салды. Павлодар облысы командасының ойыншысы Ринат Керейбаев күміс медаль иеленсе, қола медаль Павлодар облысы командасының ойыншысы Ерасыл Абуталипов пен Қызылорда облысы командасының ойыншысы Бексұлтан Бостандықовқа бұйырды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.