Тарих

Ақтөбедегі киелі орындар

«Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек».

                                              Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Ақтөбе — қасиетті орындарға бай өңір. Айталық, облыс бойынша республикалық маңызы бар киелі жерлердің тізіміне 12 нысан енсе, жергілікті маңызы бар ескерткіштер саны — 46. Бұлардың барлығы жіті зерттеп-зерделеуге, жарнамаға, әрі-беріден соң экскурсияға сұранып тұр.

Газетіміздің өткен сандарында хабарлағандай, оқырманды арнайы тізімге алынған жергілікті маңызы бар ескерткіштермен таныстыруды одан әрі жалғастырамыз. Осы жолы соның бірнешеуіне тоқталсақ…

Ботакөз батыр кесенесі

Ойыл ауданына қарасты Кемер ауылынан 23 шақырым солтүстік-батыста орналасқан Ботакөз батыр кесенесі 2005 жылы тұрғызылды. Көлемі — 5х5 метр, биіктігі 11 метр күмбезді ғимарат.

Елімізді жаудан найзаның ұшымен қорғаған батырлардың арасында Есет Көкіұлының қызы, Әжібай бидің келіні Ботакөз батырдың орны бөлек. Тарихқа көз салсақ:

Үстірт жотасындағы Сам құмын бірге қыстап шыққан Жетірудың Тама руына қараған қырық шақты ауыл ішінде Есет батырдың ауылы бар. Бір күні Есет батыр Әбілқайыр ханның шақыртуымен Орынборға жүріп кетеді. Ондағы хан кеңесінде қазақ елін жоңғар шабуылынан қалай қорғау керек екендігі жөнінде мәселе қаралмақшы еді. Батырдың елде жоқ екенін білген жау бейбіт жатқан қауымға жылқысын түн жамылып келіп, шетінен қуып бастайды. Осы сәтте жылқышы мен малшыдан құралған қайратты жігіттердің басын қосып үлгерген Ботакөз ерлерше киініп, қалмақтарға тойтарыс береді. Ботакөз бастаған топ жауды екі жақтан қуып, айламен қоршап, қалмақтың Қонды деген батырын қолға түсіреді. Қондыны қазақтар жеке қоршап, кеудесіне найза тіреп тұрған уақытта күрең атты бір жігіт Қондының күжірейген мойнына қыл арқан бұғалық тастап жіберіп, шалқалай тартқанда қалмақ жерге ат үстінен гүрс етіп құлайды… Сол кезде жігіттер шапқылап өлтіреді. Жаудың ешқайсысы да тірі қалмайды. Қондыны бұғалықтаған «жігіт» — Ботакөз. Тарихи дерек бойынша Ақкете Әжібай би жиені Есет батырдың қызына құда түсіп, Әжібай бидің баласы Барсай мен Ботакөздің некесі қиылып, отаулары тігіледі.

Әжібай бидің алты ұлы болған екен. Сол алты ұлына көшті кезек басқартып, үміт етіп көрсе, олар жер ыңғайын байқай алмай, көшті жайсыз жерге қондыра беріпті. Содан көңілі қалған би көшті Ботакөзге басқартыпты деседі.

Ботакөз кесенесі — қазақтың қарапайым қызының туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігінің, сұлулықтың, ар-ождан тазалығының ескерткіші, ұлттық сәулет өнерінің туындысы.

Киелі жер туралы 2001 жылы  «Ойыл» атты кітапшада жазылды. Ал 2004 жылы жергілікті өлкетанушы Жақсылық Бисалиевтің бұл туралы мақаласы «Ойыл» аудандық азетіне жарияланды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында бұл тарихи ескерткіш «Ақтөбе облысының табиғи-тарихи-мәдени орындары» атты кітапшаға 2004 жылы енгізілді. 2007 жылы «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» атты кітапта мәліметтер келтірілді.

Дүйсенбі аһун мешіті

XIX ғасырда Ырғыз ауданына қарасты Жайсаңбай ауылынан солтүстік-батысқа қарай  6,4 шақырымда салынғанДүйсенбі аһун мешітін алғаш рет 1983 жылы ҚазССР тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау туралы архитектура-өнертану экспедициясының мамандары(жетекшісі — С.Әжіғали) зерттеді. Сондай-ақтарих ғылымдарының докторы, профессор С.Әжіғалидың «Ескерткіш — ел тарихы» еңбегі және «Архитектура кочевников феномен истории и культуры Евразии» монографиясында бұл туралы мәліметтер қамтылған.

Дүйсенбі аһун — сауатты, арабша оқып, молда болған адам. Дүйсенбі Имашұлы 1885-1886 жылдары арнайы діни медреседе оқып, елге 1904 жылы оралады. Ауыл тұрғындары Дүйсенбіге 1908-1909 жылдары мешіт ашуға қолдау көрсетеді. 1913 жылы мешіт құрылысы толық аяқталады. Үлкендер Дүйсенбіні көріпкел болған деседі. Мысалы, мешітке біреу ауырып келе жатса, оны алдын ала біліп, сезіп отырған. «Екі періні ұстап, оны мешіттің босағасына байлап тастаған» деген аңыз бар. Үлкендердің айтуына қарағанда, ол кісі түн ішінде мешітті айналып, кезіп жүретін болған.

Бір күні қызметшісіне: «Мен кішкене көз іліндіріп алайын. Сен ұйықтамай, күзетіп отыр. Ұйықтап кетсең, маған қауіп төнеді»,— деп ескертеді.  Әлгі қызметші таң ата қалғып кеткенде, босағадағы екі пері аққу кейпіне еніп, ұшып кетеді. Міне, осы оқиғадан кейін Дүйсенбі мазасыз күй кешіп,1920 жылы дүние салыпты деседі.

Досжан хазірет мешіті

 Өткен күзде Темір ауданындағы  Досжан хазірет мешіті мемориалды кешенге айналып, жаңартылғаны белгілі. Ендігі мақсат — тарихи орынды туристерге тартымды ету.

Досжан Қашақұлы — діни ұстаз-ағартушы, өз дәуіріндегі қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан қоғам қайраткері. Азан шақырып қойылған есімі — Досмұхаммед, бірақ ел аузында Досжан, Досеке, Дошеке аталып кеткен.

Досжан хазірет 1815 жылы қазіргі Ақтөбе облысының Доңызтау аумағында туған. Үш рет қажылыққа барған. Киелі мекенге алғаш рет 16 жасында аттанып, жолда түркиялық дін ғұламаларынан дәріс алып, білімін тереңдеткен. 1832 жылы Құран Кәрімді, Мұқтасарды жатқа оқып, Меккеден 17 жасында жас хазірет деген атпен елге оралады. Хиуа, Үргеніш, Бұқара қалаларында білімін жетілдірген. Көп ұзамай Доңызтаудағы Тасастау қайнар алқабында өзінің бірінші мешіт-медресесін ашып, табан аудармай 18 жыл бала оқытады. Мыңға жуық шәкірт тәрбиелеп шығарған.

Жалпы, Шилідегі Досжан хазіреттің «Ишан ата» деп аталатын, ХІХ ғасырдың 70-жылдары тұрғызылған діни-тұрғын кешені — мешіт-медресе, шәкірттер құжыралары, қызметтік құрылыстар, бау-бақша, егін салған жері, үлкен ел болып отырған мекен болған. Темір ауданының Шұбарқұдық ауылынан оңтүстікте 5 шақырым жерде орналасқан. Мешіттің құлап тұрған орны мен басқа да құрылыстары және қорым сақталған.

1868 жылы Орынбор губернаторынан рұқсат алып, Темір уезінде мұсылманша оқу-тәрбие кешенін салдырған. Алты күмбезді мешіт, 150 орындық медресе, ұстаздар мен шәкірттер тұратын жатақхана, қосалқы шаруашылық үйлері бар бұл кешен 1870-1925 жылдар аралығында жұмыс жасаған.

Қасиетті орынға қысқаша тоқталсақ, мешіттің ұзындығы шамамен — 28 метр, ені — 11 метр, биіктігі 5 метр шамасында болған. Мешіт жанына көшпелі қазақтар қоныстанып, қазіргі Шұбарқұдық өлкесінде алғашқы отырықшы қоныстың түзілуіне әсер еткен деседі. Мешіттің алты бөлмесі бар, терезелері адам бойынан ұзын. Бөлме ішінде тіреу жоқ. Терезесінде де бірде-бір қиық белдік жоқ, күмбез бұранда түрінде жасалған. Күмбез үстінде айшық тұрған, мешіт іші ою-өрнекпен әшекейленген, күмбезден түскен жарық барлық нақыштарын нұрландырып тұрған екен. Мешіт ішіндегі аят хадистері қызыл оюмен боялған. Мешіттің алдында кіреберіс үй және азан айтатын мұнарасы болған. Бұның бәрін өткен шақта жазып отырған себебіміз, осы уақытқа бұның жұрнағы ғана жеткен, тек қабырғалары қалған…

…Ақтөбеден шыққан қайраткердің құрметіне былтыр мемориалды кешен — қажылыққа барған сапарларының мерзімі көрсетілген барельеф, музей-үйінің ашылу салтанаты өтіп, «Досжан ишан — Қазақстанның ХІХ ғасырдағы көрнекті діни қайраткері және рухани ағартушысы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылды.

— Осы кешенді салу оңайға тиген жоқ. Өйткені құрылыс жұмыстары карантинге тап келді әрі өз деңгейінде жасау үлкен қаражатты талап етті. Одан бұрын 3 ай бойы  атам түсіме кіріп, кешенді салуға соның түрткі болғанын айтпай кетуге болмайды. Жерленген орнында мемориалды кешен тұрғызып, осы жерді ретке келтіруім керектігін түсіндім. Содан сол кездегі облыс басшылылығы бастамамды қолдады. Сөйтіп, бұл істі 2019 жылдың 16 желтоқсанында бастап кеттік.

Құрылыс жұмыстарына атсалысқан маңғыстаулық шеберлерге ризашылығым шексіз. Сол сияқты құрылыс материалдарын жеткізуге риясыз көмектесіп, ақы сұрамай, атаның аруағын сыйлағандарға рақмет.  Әлгінде айтқанымдай, бұл көптің тілегімен біткен іс болды, — дейді Досжан хазіреттің шөпшегі Асқар Хабибуллин.

Жаныс кесенесі

Ырғыз ауданындағы Құрылыс ауылынан 2,6 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан Жаныс кесенесі — XIX ғасырдың ортасында тұрғызылған нысан.

Жаныс би Сығайұлы —халық пір тұтқан тұлғалардың бірі. Бұл кесенені жергілікті халық «Қызыл там» деп атап кеткен. Көпшілігі ғибадат орны ретінде арнайы келеді. Әсіресе ұзақ жолға шығатындар, сырқаттар дертіне дауа іздегенде, тілек-шарапат күткенде әулие, би атаның мазарына келіп, аруағына бас иеді, түнейді.

Жаныс Сығайұлы — 1769-1867 жылдары өмір сүрген, өте ақылды әрі шешен, болмысында аруақтылық, сүйегінде әділдік қасиеті болған би.

Аталған ескерткіш мәдени мұра ретінде елімізде ғана емес, шетелдерге де таныс. Сегізқырлы симметриялы кесенені Жаныс би көзі тірісінде халық шебері Мейірбек деген кісіге салдырған. Нысан аса көрнекті жерге, басқа кесенелерге ұқсамайтын шеберлікпен тұрғызылғанын айта кету керек.

Ескерткішті алғаш рет 1980 жылы ҚазССР Мәдениет министрлігінің «Казреставрация» бірлестігінің экспедициясының мүшелері (жетекшісі — С.Әжіғали) зерттеді. 2009-2011 жылдары кесене қайта қалпына келтірілді.Этнолог, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шығыс елдерінің Халықаралық архитектура академиясының корреспондент-мүшесі С.Әжіғалидың Лондонда жарық көрген «Қазақ киіз үйі» кітабында Жаныс тамына «Қазақ даласында сақталып қалған сегіз қанатты киіз үй тәрізді кесене» деген анықтама берілген.

Жәлімбет батыр кесенесі

 XIX ғасырдың II жартысында Мұғалжар ауданына қарасты Жаңажол ауылынан 10 шақырым шығыс-солтүстік-шығыста бой көтерген Жәлімбет батыр кесенесі де, оның құрметіне қойылған тұлға туралы да аңыз-әңгіме көп.  Жәлімбет батыр XVIII ғасырда атақты Көтібар батыр Бәсенұлымен үзеңгілес болып, орыс отарлаушыларына қарсы күреске шыққан.Ел аузында жалды Жәлімбет батырдың тұлғасы туралы: «Жәлімбет батырдың арқасында дүрбиген жалы болыпты, Жәлімбет жазғытұрым Құмжарған өзені қатты тасып, су бетінде үйдей-үйдей сеңдер жүріп жатқанына қарамастан, өзенге жалаңаштанып сүңгіп кетіп, сеңдерді қолымен арғы бетіне шығарып, кері жүзіп шығады екен. Сонда Жәлімбет батырдың үстінен буы бұрқырап, жалына жабысып жатқан мұз еріп кететін көрінеді… Ол қайратты, өжет, айтқанынан қайтпайтын батыр, жауға жалаңаш та шапқан күндері болыпты» деген әңгімелер айтылатын болған.

…Жаугершілік заманда Орта жүзден қоныс аударып бара жатқан Уақ тайпасының Балдығұл мен Басығұл бастаған бір топ салт аттысы Жәлімбет ауылының қасынан өтеді. Мінген аттарына қызыққан бір топ ауыл жігіті үстемдік жасағысы келеді, бірақБалдығұл мен Басығұлдан сескенеді. Бұны естіген Жәлімбет ауыл жігіттерін тыйып, бұлардың басқа жерде жүрсе де қорықпағанына тәнті болып, қонақ қылады. Жөн сұраса келе бұларды орыс патшасы мен басқа жаулардың әбден титықтатқанын естиді. Жәлімбет Балдығұлға:«Сарбаздарыңмен осында қал, бәріңе үй, мал беремін, жауға бірге шабамыз», — деп ұсыныс білдіреді. Сөйтіп, бәрі Назар елінде қалады. Кейіннен Жәлімбет жалғыз қызы Қамқаны Балдығұлға беріп, қасына ертеді. Басығұл Назардың Сауғабай еліне барып тұрақтайды.

Мавзолей қасбетті-күмбезді, төртбұрышты, кірпіштен қаланған, іргетасы тұрмыстық тастан, арасы балшықпен сыланған. Оңтүстік қасбетінде орналасқан бетше босағасында пилондар сақталған. Ғимараттың қаңқасы нақты бұрышты конструкцияны құрайды. Ғимараттың сыртқы жағында айқын ойықтардың арасында камералар орналасқан. Мавзолейдің жарына өріп қалаған жалпақ барабан күмбез болып жалғасып кеткен. Жар құрылысында бұрыш ойықтарының арасында терең жебе тәрізді ойықтар бар. Камераның сырты тегістеліп ақталған, арканың төменгі бөлігінде өсімдік және геометриялық ою-өрнектердің іздері сары және қара түсте сақталған.

Зерттелуіне келсек, ескерткішті алғаш рет ХІХ ғасырдың басында зерттеушілер И.Кастанье, ал 1940 жылдардыңсоңында Т.Басенов анықтаған. 1984 жылы құжатқа енгізу мақсатында ҚазССР-і тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының экспедициясы зерттеген (жетекшісі – С.Әжіғали).

Жолай-Жүсіп бейіті          

XIX ғасырдың ортасында Әйтеке би ауданы Белқопа ауылынан шығысқа қарай 1,2 шақырымда орналасқан Жолай-Жүсіп зиратын алғаш рет 1987 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих, этнология және археология институты жанындағы БатысҚазақстан этнографиялық экспедициясы (жетекшісі — С.Әжіғали) зерттеді. 2019 жылы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтынан келген ғалымдар да құлпытастардағы эпиграфикалық және эпитафиялық мәтіндерге ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Құлпытастардағы толық мәтін Ақтөбе облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау орталығында сақтаулы тұр.

Ескерткіш қорған және кірпіштен салынған екі кесенеден, тас қоршау және қазіргі кезеңгі молалардан тұрады.

Зираттың оңтүстік бөлігінде екі кесене бар. Біреуі бай Жүсіп Жолайұлының моласының үстіне салынған,  халық арасында атауы да соған байланысты берілген. Төртбұрышты формада, кірпіштен салынған. Қазіргі таңда қатты бүлінген. Шамамен өлшемі — 8х8 метр. Алдыңғы бөлігінде (солтүстік-батыс) төртбұрышты бүтін блоктан құлпытас орналасқан. Үш жағына тегіс бетті араб жазуы ойып жазылған. Құлпытастың жанында граниттік тақта орнатылған.

Екінші кесене оңтүстік-шығысқа 25 метр қашықтықта орналасқан, олда қатты бүлінген. Оңтүстік-батыс қабырғасында кіреберіс есігі болған болуы мүмкін. Ішкі қабырғаның кейбір бөліктерінде сәндік қалаулар сақталған. Алдыңғы солтүстік-батыс қабырғасында тұтас блоктан құлпытас орнатылған. Беткі бөлігіне тегіс бетті араб жазуы ойып жазылған.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button