Тарих

Өткеннің өнегесі — мұрағатта

Француз архивтанушысы Шарль Бребан «Архив дегеніміз – тарихтың сарқылмас қоры» деген екен. Шынында да, архивсіз тарих сақталмайды.

Ал бұл салада қызмет ету үшін білікті маман, ұлттық жәдігерлерге жанашырлық болу керек. Облыстың мемлекеттік архивінде ұзақ жылдар қызмет атқарып, кейінгі буынға үлгілі ізін қалдырған тәжірибелі қызметкерлер тағылымы — қай уақытта да баға жетпей рухани байлық.

Тарих түгендеушісі

Жұмабике Рахметова 1976-1995 жылдары Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағатының  директоры болып қызмет атқарды. Оны көпшілік жұртшылық облыстың бас мұрағатшысы деп біледі.

Жұмабике Рахметқызы 1937 жылы Ойыл ауданында дүниеге келген. Бастапқыда Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде білім алып, кейін Ақтөбе педагогикалық институтының филология факультетін бітіреді. Еңбек жолын Ойыл аудандық кітапханасының директоры болып бастайды. Ал 1960 жылы Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағатында қызмет істеуге келеді. Осы ұжымдағы қызметінде қор сақтаушысы, одан кейін ведомстволық архивтер жұмысына бақылау жасау бөлімінің  меңгерушісі болып, мол тәжірибе жинақтағаннан кейін мұрағат басшылығына бекітіледі.

Оның басшылығымен Ақтөбе мұрағат ұжымы жылдық өндіріс жоспарын орындау және құжаттарды сақтау, оларды кең көлемді пайдалану, жақсы материалдық-техникалық базасын құруда көптеген жетістіктерге жетті. 1987-1989 жылдары облыстық мемлекеттік мұрағат Бүкілодақтық социалистік жарыстарда  жүлделі орындарға ие болды: 1987 жылы республика бойынша — үшінші орын, 1988 жылы одақ бойынша — екінші орын, 1989 жылы Кеңес Одағы бойынша бірінші орын  жеңіп алып, ауыспалы Қызыл ту иегері  болады.

Жұмабике Рахметқызы еңбек ете жүріп, өзінің білім деңгейін көтеріп, үнемі ізденіп, тәжірибесін байыта түседі. 1980 жылы Мәскеу қаласындағы ақпараттық қызметкерлер біліктілігін арттыру институтында даярлық курсынан өтеді.

Ол өзінің міндетті қызметімен шектеліп қалмай, өңірдің өткенін түгендеп, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін толтыруға да лайықты үлесін қосты. Облыстық «Шежіре» тарихи-мұрағат қоғамының төрағасы болып сайланып, осы бағытта ауқымды жұмыстарды жүргізудің ұйытқысы болды. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының мүшесі, облыстық өлкетану қоғамының жауапты хатшысы, облыстық мұрағат мекемелерінің ғылыми-әдістемелік кеңес төрағасы, облыстық Бейбітшілік қорының мүшесі, облыстық және қалалық ономастикалық комиссиясының мүшесі, облыстық және қалалық «Білім» қоғамының мүшесі сияқты қоғамдық қызметтерімен ол көптеген игілікті істерге белсене араласты.

Білікті мұрағатшы өзінің ғибратты ғұмырының 35 жылын Ақтөбе облысының тарихын растайтын  құжаттарды жүйеге келтіруге және оларды сақтауға  арнады. Көптеген құжаттар жинағының шығарушысы, құрастырушысы ретінде де танылды. Ақтөбе тарихына байланысты алғашқы құжаттар жинағы, «Ырғыз» кітабы, Ақтөбе қаласының 125 жылдығына орай шығарылған кітапшалар, «Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай», Батырлар  атағы берілген көше атауларына байланысты кітапшалар оның қатысуымен жарыққа шықты.

1991 жылы Ж.Рахметовнаның  басшылығымен  қор мазмұны және құрылымы жөнінде  Ақтөбе облысы мемлекеттік архивінің  алғашқы анықтамалық кітапшасы  құрастырылып, көпшілікке ұсынылды.

Тәжірибелі қызметкер адал еңбегі үшін Қазақ КСР  Бас мұрағаты басшылығының Мақтау қағазымен, ерен еңбегі үшін облыстық кеңестің Құрмет грамотасымен марапатталды, Кәсіподақ құрмет грамоталарымен, КСРО және Қазақ КСР мұрағат ісінің озаты мәртебесіне ие болып, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Ол республикалық мұрағатшылар кеңесінің мүшесі болды.

Жұмабике Рахметқызы құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де ізденісін тоқтатқан жоқ, жастарға тәжірибесін үйретіп, ақыл-кеңесін беріп тұрды.

Өз ісінің маманы

Нұржамал Құлбаева1958 жылы Ойыл ауданында дүниеге келген. Ойыл қазақ орта мектебін бітіргесін комсомол-жастар бригадасында екі жыл құрылыс саласында жұмыс істейді.

1982 жылы Черкасск мемлекеттік педагогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады.

Ойыл орта мектебінде, одан кейін Қобдадағы Ә.Молдағұлова атындағы орта мектепте ұстаз болып еңбек етті.
1989 жылдан бастап Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивіне келеді.Ол осында мемлекетіміздің деректі тарихын жинақтау, көбейту және сақталуын қамтамасыз етуде көптеген жұмыс атқарды. Құжаттардың ақпараттық-іздеу жүйесін құруға және жетілдіруге белсенді қатысты.

НұржамалНұрмұқанқызы— барлық іске жауапкершілікпен қарайтын,өз жұмысына берілген тәжірибелі және білікті маман.Негізгі жұмысын орындай отырып, ол жас архившілерді архив ісіне үйретті. Өзінің еңбекқорлығымен және табандылығымен діттеген мақсатқа жетуде жас мамандарға үлгі бола білді.

2000-2016 жылдар аралығында тарихи ақпараттарға қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві тарапынан ақпараттық хабарламалар, көрмелер мен құжаттық  жинақтар үшін архивтік құжаттардың тақырыптық тізбесі, нақты айтқанда, Қазақстанда тұратын немістердің, поляктардың, шешендердің тарихы, Ақтөбе облысындағы тың және тыңайған жерлерді игеру, «Алаш қозғалысы және «АлашОрда» үкіметі туралы құжаттарды тақырыптық анықтау жүргізілді. Сонымен қатар «ҚР Ұлттық мұрағат қоры-халықтың құжаттық ескерткіші» альбом-кітабы үшін, «1929-1934 жылдардағы КСРО-ғы ашаршылық» және Қазақстандағы ашаршылықтың 80-жылдығына құжаттар жинағына, «Қазақстан комсомолының бірінші басшылары (1920-1991 жылдар)» өмірбаяндық анықтамалығына, «Қазақ КСР-на жер аударылған халықтардың тарихынан» жинағына, «Қазақстанның номенклатуралық кадрлары. 1919-1991 жылдар» электронды анықтамалық үшін материалдарды іріктеуге, «Ақтөбе уезінде, губерниясында, округінде және облысында халыққа білім берудің дамуы (1880-1940 жылдар)» тақырыптық шолуға қатысты.

2005 жылы Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің қорларына жөнсілтердің IIбөлімі шығарылды, «Шығанақ шыққан шың» архивтік құжаттардың жинағы және Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің қорларына жөнсілтердің «Бұрынғы СОКП Архив қорының құжаттары» III бөлімі дайындалып, 2017 жылы басылып шықты.

Архивтік құжаттар облыстық мемлекеттік архивтің қызметкерлері шығарылуына қатысқанмынадай телехабарларда және деректі кинотелефильмдерде белсенді түрде пайдаланылды: 1869 және 2009 жылдар аралығында қаланың қалыптасуы мен дамуы туралы, қаланы салған, оның дамуына үлесін қосқан адамдар туралы Ақтөбе қаласының 140 жылдығына арналған «Менің қалам — Ақтөбе» атты тарихи-деректі сериал; облыстық мемлекеттік архивтің қорынан бейнеқұжаттар пайдаланылған Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Естелік кітабы» деректі фильмі. Ол «Ақтөбе облысы мемлекеттік архивінің және олардың филиалдарының жолсілтемесі» ІІ бөлім (1921-2000жылдар), «Партия архивінің құжаттары бойынша тақырыптық анықтамалық. 1932-1991 жылдар»  кітаптарының құрастырушысы.

1989 жылы архивист болып жұмысын бастаса, одан кейінгі уақыттары қор сақтаушы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2010 жылы облыстық мемлекеттік архивінің директоры лауазымына тағайындалды және бұл лауазымда 2016 жылдың 15 тамызына дейін жұмыс істеді. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де 2021 жылға дейін архивші болып еңбек етті.

* * *

Бүгінде облыстық мемлекеттік архивте мұрағаттарды күтіп ұстап, көпшілік игілігіне пайдалануға қызмет етуге жұмылған ұйымшыл ұжым қалыптасқан. Олар өздерінің алдындағы аға буын өкілдерінің ізгілікті істерін лайықты жалғастырып келеді.

Гүлмира САРҚҰЛОВА,

Бейбітгүл ТАҢАТАРОВА,

Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің қызметкерлері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button