Мереке

Құрмет пен марапат

Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы наградталды. Оның ішінде Ақтөбе қаласының полиция инспекторы Ф.Нұрманов «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне тақты.

Сондай-ақ ұлтаралық бейбітшіліктің дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін

«Ел бірлігі» орденімен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты, «Динар-Электромаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тең құрылтайшысы С.Вишняк марапатталды.Астана қаласында өткен салтанатты іс-шарада марапат иелеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградаларды табыстады.

Республика күніне арналған салтанатты іс-шара Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында ұйымдастырылды. Облыс әкімі Асхат Шахаров жиналғандарды ұлттық мерекемен құттықтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек»,— деп атап өткен болатын. Республика күнін мерекелеу — жалпыұлттық тұтастығымызды, қалыптасқан мемлекеттілігімізді айшықтай түсетін бүкілхалықтық тарихи күн. Бүгінде мемлекетіміз дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп, әлемдік қауымдастықта лайықты орынға ие болды. Президенттің саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған реформалары мемлекет пен қоғамның әріптестігін жаңа деңгейге көтерді. Ең бастысы — халқымыз тәуелсіздік алғаннан бері тыныштық пен тұрақтылықта бейбіт күн кешіп келеді.Республикамызды көздің қарашығындай сақтап, елдігімізді тұғырлы ету — әрбір азаматтың қасиетті борышы. Ақтөбе жұртшылығы талай ауқымды игі істерді тындырып, елімізді нығайтуға елеулі үлес қосуда. Өздеріңіз білетіндей, өңірімізде болған су тасқыны кезінде табиғи апаттың зардабын ел болып жеңе білдік. Күні кеше өткен Референдумда да ел болашағын тереңнен ойлаған қауым бірлік пен сенімнің үлгісін көрсетті. Осы жетістіктердің барлығы — мемлекеттің саясатына деген әрбір ақтөбеліктің сенімімен келді, — деген облыс әкімі Асхат Шахаров бұдан әрі мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін азаматтардың бір тобын Президент Жарлығымен мемлекеттік наградамен марапаттады. Олардың қатарында белгілі әнші Мирас Бекжанов «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» төсбелгісімен марапатталса, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының бастығы Тимур Еспағанбетовтің кеудесіне Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» ордені тағылды. Еңбек ардагері Қуан Қамалхан «Парасат» орденімен, Ақтөбе қалалық мәдениет үйі жанындағы «Әлия гүлі» қазақ би ансамблінің жетекшісі Шолпан Айнабекова, «Энергосистема» ЖШС атқарушы директоры Марат Аманғалиев, «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ комплаенс қызметінің басшысы Әсет Қалиев және басқалары «Құрмет» орденімен марапатталды. ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталғандардың бірі — Әйтеке би ауданының «Құмқұдық» серіктестігінің механизаторы Марат Балыбеков.

Отыз бес жылдан бері механизатормын. Күннің ыстық, суығына қарамай, далалықта еңбек етеміз, егін салып, оны орамыз. Мереке қарсаңында осындай құрметке бөленіп жатқаныма қуаныштымын, — деді ол.

Облыс әкімі Асхат Шахаров Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының кіші авиациялық мамандарды даярлау оқу-жаттығу орталығының бастығы Жәнібек Қабдуалиевті «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттаса, «Шапағат» медалі де өз иелеріне табысталды.  Сондай-ақ бір топ азамат «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Солардың бірі — еңбек ардагері Жеткерген Данағұлұлы. Бүкіл саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларына арнаған ақсақал Шалқар агротехникалық техникумын басқарды. Оның тікелей қатысуымен Мұғалжар, Ырғыз, Шалқар өңірлерінде сегіз мектеп, алты балабақша, екі клуб, он сегіз тұрғын үй, бір зауыт салынды.

— Республика күні — мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің символы.Бұл күнеліміздің тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз тағдырын өзі шешу құқығына ие болған маңызды қадамын еске салады. Осы жылдар ішінде ел көптеген өзгерістерді бастан өткерді. Ең бастысы — тиімді мемлекеттік жүйе құрылды, экономикалық ұстанымдар нығайтылды, біз халықаралық қоғамдастықтың белсенді қатысушысына айналдық. Ең маңыздысы — осы жылдар ішінде  Қазақстан ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты сақтай білді, — дедіақсақал.

Салтанатты іс-шара соңында марапат иелері облыс әкімімен естелік суретке түсті.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

   

 

 

     
     
 
     
     
 
     
 
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     
     

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button