Мереке

Еңбек адамдары еленді

Республика күніне орай кеше Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет бір топ азаматты марапаттады.

Республика күнінде әдеттегідей еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктері кеңінен айтылады. Егемендік жылдары Ақтөбе қаласы да ел өңірлерімен бірдей өркендеп-өсті, халқының саны мен аумағы ұлғайды.

Қаланың әлеуметтік-экономикалық саласында ірі жұмыстар атқарылды. Ақтөбе бүгінде 600 мыңнан астам тұрғынның ортақ үйіне айналды. Қаланың 20-ға жуық шағын ауданы, 54 елдімекені бар.

Жаңа аудандар, жаңа үйлер, мәдениет ошақтары, спорт нысандары, мектептер салынды, жаңа тұрғын алаптарға инфрақұрылым желілері жүргізілді. Көшелерді, аулаларды абаттандыру жалғасып жатыр. Осы жұмыстардың бәрінде де туған жерге қызмет етіп жүрген ақтөбеліктердің еңбегі зор.

Бүгін біз осы қастерлі мерекеде бас қосып, әр салада абырой биігінен көрінген ақтөбелік азаматтарды атап өтуді жөн көрдік. Олар өз салаларында қажырлы қызмет етіп, табандылық танытып, көпке үлгі бола білді, — деген Азамат Бекет «Алтиес Петролеум Интернешнл Б.В.» мұнай кәсіпшілігі жабдығының слесарь-жөндеушісі Сапарғали Байдырахмановқа Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» медалін тапсырса, 40-тан астам азаматқа «Ақтөбе қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, «Ақтөбе қаласының 155 жылдығы» мерейтойлық медалі мен Алғыс хатпен марапаттады. Мұндай құрметке ие болғандардың арасында мемлекеттік мекеме басшылары, кәсіпкерлер, еңбек ардагерлері ғана емес, шаһардың тазалығына жауап беретін жұмысшылар да бар.

Салтанатты іс-шара Аллаберген Жақсыбаев, «Әлия гүлі»,  «Серпін»,

«Сұңқар» ансамбльдері, т.б. ақтөбелік өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button