Мереке

Тілегі бір азаматтардың тынысы

Ассамблея

Республика күні қарсаңында облыс әкімі Асхат Шахаров Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесіп, сый-құрмет көрсетті.

Келер жылы елдегі өзге ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіретін мемлекеттік мекеменің құрылғанына 30 жыл толмақ. Атаулы датаға байланысты дайындық жұмыстары, ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайту, этномәдени бірлестіктердің қызметі, т.б. әңгіме өзегіне айналған отырыста өңірде 90-нан астам этнос өкілінің өмір сүріп жатқаны айтылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін қалыптастыру мен одан әрі нығайту жолындағы рөлі зор. Біздің міндетіміз — еліміздегі этносаралық келісімді күшейту.

Соңғы жылдары Ассамблеяның қызметі айтарлықтай өзгерді. Бұл құрылым этномәдени бірлестіктердің бас штабына айналды. Келесі жылы Ассамблеяның 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл — өте маңызды шара. Ассамблея мүшелері алдағы белесте Ассамблея қызметін халыққа түсіндіріп, насихаттауға және азаматтарды ел бірлігін нығайту жолындағы ауқымды жұмысқа жұмылдыруға, этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлесін қосатынына сенімдімін, — деген Асхат Шахаров ел Президенті — Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ақтөбедегікәрістер қауымдастығының төрағасы Юрий Шекке «Бірлік» медалін тапсырды. Сондай-ақ бірқатар өзге ұлт өкілін Құрмет грамотасы мен Алғыс хатпен марапаттады.

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында өңір басшысы Ассамблея өкілдігінің жыл өткен сайын дамып келе жатқанын, жаңа құрылымдық бөлімшелердің ашылуы соған дәлел екенін атап өтті. Енді жас ғалымдар клубы, студенттер Ассамблеясы және шығармашылық ұжымдар қауымдастығын құру жоспарланып отыр. Мұндағы жастар су тасқыны кезінде де қиындыққа душар болған ақтөбеліктерге қолдау көрсетіп, «Таза Қазақстан» экологиялық жобасына белсене қатысатыны тілге тиек етілді.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қоғамдық бірлестігінің мүшесі Владислав Толочко коворкинг орталық өз жұмысын бастайтынын хабарласа,  «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің төрағасыАнастасия Бошкова өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button