Тарих

Қара қылды қақ жарған әділдік

Билер институты тарихынан алынған бір үзік сыр немесе Әбіш Кекілбаев зерттеулеріндегі ақиқат

Қазақ билері тарихымызда әділ шешімімен ерекшеленеді. Сол қара қылды қақ жарған әділдік осы заманда болса екен дейміз…

Осы уақытқа дейін қазақтың үш биі — Төле, Қазыбек, Әйтеке есімі ерекше дараланып айтылып келгендіктен, қазақтың билер институты тарихындағы басқа билер аз айтылған сияқты болып көрінеді.

Төле биге қатысты бір қате мәліметті алғаш Ш.Уәлиханов жазғандықтан, сол оқиға осы уақытқа дейін талай зерттеуші ғалымдар үшін жұмбақ болып келген-ді. Ол — қазақ елін Ресей шапқыншыларынан өмір бойы қорғаған батыр, қолбасшы Әбілқайыр ханды қастандықпен өлтірген Барақ сұлтанды Төле мен Әйтеке билердің ақтағаны еді. Қалай болғанда да ол осылай  Ш.Уәлиханов еңбегінде жазылып кеткендіктен, соңғы уақытқа дейін талай тарихи мәліметтерді шатыстырған еді.

Әрине,  Шоқан бұл мәліметті халық арасынан алып, өзінің билер сотын зерттеуіне пайдаланған. Қазақ елінің алдындағы осынша еңбегі бар хан Әбілқайырды Неплюевтің тапсырмасымен өлтірген Барақ сұлтанның жауыздық әрекетін қазақ билері ақтады дегенге зерделі зерттеуші сене қоюы мүмкін емес. Дегенмен осы жалған, шындыққа қисыны келмейтін мәлімет талай зерттеушінің санын соқтырғаны анық.

Ғұлама қаламгер Әбіш Кекілбаевтың қазақ тарихына қатысты зерттеулерінде ерекше орын алатын тарихи тұлғалардың бірі — Әйтеке би. Жалпы қазақ еліндегі билер институтының тарихын соңғы екі ғасырда көптеген ғалымдар зерттеді. Солардың ішіндегі ең ірілерін айтсақ, ХІХ ғасырда Ш.Уәлиханов, ХХ ғасырда С.Зиманов болатын. Ал Әбіш ағамыз Қазақ билеріне (Әйтеке, Төле, Қазыбек билерге) қатысты барлық деректі жан-жақты зерттегенін қазір біз мақтанышпен айтамыз…

Төле биге қатысты көптеген шындықты ашқан жазушының көлемді зерттеуі «Егемен Қазақстан» газетінің 1991 жылғы 23 қазандағы санында «Әйтеке би» деген тақырыппен жарық көрді.

Әйтеке бидің ХVІІІ ғасырда өмір сүргендігі туралы Ш.Уәлиханов еңбектерінде қате жазылып кеткендіктен, бұл жағдай соңғы жылдарға дейін көптеген зерттеушілерді жаңылыстырды. Әбекең осы тақырыпқа қатысты материалдарды мұқият зерттеп, Әйтеке бидің ХVІІІ ғасырда емес, тек ХVІІ ғасырда ғана өмір сүргенін дәлелдеді.

«Жеті жарғыны» жасақтаған әйгілі үш бидің тарихтағы орнының аса үлкен екенін айта келіп, Әйтеке би туралы: «…алаш ішінде — алшыннан. Алшын ішінде — әлімнен. Әлім ішінде — төртқарадан. Төртқараның қарашы. Қараштың сейітқұлы.

Сейітқұл болғанда, кәдімгі Әз Тәукенің төртінші атасы, атақты Қасымхан өлген соң біраз уақ қазақ билігін қолына алған Шығай Жәдікұлы 1581 жылы күллі ұлысымен Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, қасына төртқара Сейітқұл дегенді ерте кетпейтін бе еді — сол Сейітқұлдың дәл өзі. Сейітқұлдың сегіз баласының аты жер жарған. Ең атақтысы Жалаңтөс сол кезде бар болғаны бес жаста екен. Сол Жалаңтөс Нұратада жүріп, Бұқар мен Тамды маңындағы қазақ ұлыстарын билеп, Ақназар ұлы Дінмұхамедтің көзіне түседі. Ол — кәдімгі Хафиз Таныштың «Абдулла-нәмесіндегі» Дінмұхамед. Қасым өлгесін, шырқы бұзылған Қазақ хандығының еңсесін тіктеп берген әкесі Ақназардың саясатын одан әрі жалғастырып, Абдолла әулетінен өрбитін билеушілермен батыл тайталасқа шығып, қазіргі Орта Азияның кейбір шаһар мемлекеттерінің тізгінін өз қолына ала білген қазақ ханы Жалаңтөс те Дінмұхамедтің сол күресі үстінде көзге түссе керек», деп оның туып-өскен ортасы мен айналасындағы тарихи тұлғалар  туралы нақты мәліметтерді келтіреді.

1748 жылы Әбілқайыр ханды Неплюевтің тапсырмасымен өлтірген Барақ сұлтанды ақтап шыққан атақты билер ішінде  Төле би мен Әйтеке би болғандығы туралы жалған мәлімет Ш.Уәлихановтың «Сот реформасы туралы жазбалар» атты еңбегінде жазылып кеткен. Шынында, бұл оқиғаға Төле би де, Қазыбек би де, Әйтеке би де қатысудан аман болатын. Біріншіден, Төле би мен Қазыбек би Барақты ақтау түгіл, ешқашан жақтаған емес. Екіншіден, Әйтеке ол кезде дүниеде жоқ болатын…

Әбіш Кекілбаев сол оқиғалардың шындығын алғаш рет анықтағандардың бірі еді. Барақ туралы: «Төрт биге, атап Айтқанда, Кіші Орданың алшын төртқарасының Қаратоқасына, қаракесегінің Қожанабы мен Мәмбет аталығына, Орта жүздің бағаналы найманының Өтебайына өз атынан сәлем жолдап, егер солар Әбілқайырды өлтіргенің теріс болды десе, басымның еркін соларға беремін»,депті. Көріп тұрмыз, бұлардың арасында Төленің де, Әйтекенің де аты жоқ.

Ю.Гуляевтің күнделігінде келтірген бұл деректі С.Абдрезяков қуаттайды. Оның айтуынша, Барақ наймандағы Өтебай Шүрек би, Қабанбай батырға, Қаракесектегі Қазыбек биге үш кісі жіберіп, «Әбілқайырды өлтірдім. Қазақтар оның орнына мені хан қояйын деп жатыр», — деп хабарлаған. Оған жоғарыда аты аталған игі жақсылар қатты наразы болған… Барақ жаушыларын олар құр қол қайтарыпты. Сұлтан (Барақ) жаушыларынан Төле биге де хабаршы жіберген екен. Одан да сондай жауап алыпты. Амалсыз Сарысудың Жоңғар жағын көшіп қоныпты. Қасында 500 шаңырақтай ғана ел қалыпты…», — деп нақты мәліметтермен дәлелдеген болатын.

Барақ сұлтанның 1735 жылы Ресей патшасына хат жазып, бодан болуға өтініш жасағанын да және оның 1742 жылдың күзінде Орынбор генерал губернаторы Неплюевке барып ант бергені, патшаға елшілікке батыр Сырымбет Бекбасұлын жібергені туралы да алғаш  Әбекең жазған еді.

Бұл жерде біздің айтпағымыз осынау Әбіш аға алғаш айтқан тарихи аса құнды мәліметтер И.Ерофеева зерттеулерінде түгелдей қолдау тапты және кеңейтілгенін айтуға міндеттіміз.

Патша өкіметі, Орынбор басшылары көп жылдан бері бағынбай жүрген Әбілқайыр ханның қаза болғанын тойлап жатты. Ең басты мәселе, ол қазақ сұлтанының қолынан қаза тапты. Демек, осы оқиға нәтижесінде қазақ елін және оның сұлтандарын қырылыстырып, қызығына батамыз деп есептеді. Алайда олай болмады. Қазақ елі Әбілқайыр сынды кеудесін оққа төсеп, қырық сегіз жыл бойы Ресей империясынан және оның итаршыларынан қорғаған батыр қолбасшыны аса құрметтейді екен. Олар Барақты өлтіріп қана қоймады, жанында болған Сырымбет сияқты адамдарды да және оның балаларын да аямады. Осы қатаң жазалауды, әрине, Әбілқайырдың балалары басқарды.

1750 жылы сәуір айының басында жазған хатында адай Мырзатай батыр (Әбілқайырдың бәйбішесі Бопайдың ағасы) Ю.Гуляевке Барақтың өлтірілгенін хабарлады. Мырзатай батыр сол хатта Барақтың жанында болып, Әбілқайырды өлтіруге қатысқан Сырымбет батырды және оның бала-шағасын Әбілқайыр балалары Ералы мен Нұралының жазалап өлтіргенін жазған еді.

1753 жылдың 3 қаңтарында Нұралы ханның Тевкеловке жазған хатында осы оқиғаларды толық баяндайды. Барақ өлтірілген соң інісі Ералының Сыр бойындағы ауылына адам жіберіп, әкесін өлтірген Барақтың өлтірілгенін, алайда басқа қаскүнемдердің әлі тірі екенін және олардың ауылының қазір қай жерде отырғанын дәл хабарлайды. Осы хабарды естіген Ералы асығыс өз жасағымен аттанып, Барақтың ауылына жетіп, талқандайды. Сонда Сырымбет батырды және әйелімен қоса, үй-ішін түгелдей қырып тастаған. Бұл тарихи мәліметті алғаш рет Б.Сүлейменов пен В.Басин жариялаған болатын: «… семью его, также и семью Баракову и все имение, служителей, служанок и верблюдов их… в добычу получил…», «через одна ночь… всех трех злодеев разорил…» деп жазылған мәліметтерге қарағанда Барақ семьясынан тек бір ғана әйел аман қалған екен.

Ералы Барақ пен Сырымбет батырдың үй ішіндегі адамдарды түгел қырған соң оның ағайындары құн сұрап, билер сотына шағым жасайды. Міне, осынау үлкен әрі қиын, әйгілі сот процесін Ұлы жүздегі атақты Төле би басқарады. Себебі бұған туыстық жағынан да, жерлестік жағынан да қатысы жоқ бейтарап адам, яғни Ұлы жүздің биі басқаруға тиісті болады. Міне, осынау тарихи оқиғада қазақ биінің әділ соты жарқырап көрінеді.

Сырымбет батырдың туыстары, Сырымбетті кінәлі деп есептегенге келіседі, алайда оның жазықсыз балалары мен әйелдерін қырып тастағаны үшін Ералыға  құн төлетуді сұрайды. Алайда Төле би Ералының екі қылмысын да кешіреді. Кешіріп қана қоймайды, одан бетер тағы жаза қолданады. Қорыта айтқанда, Сырымбеттің туыстарын Ералыға құн төлеуге мойындатады.

Осы аса құнды материалдарды біздің заманымызда қайта қарап алғаш жариялаған И.Ерофеева: «…Толе-бий не только оправдал сына Абулхаира, но и присудил сородичам Сырымбета уплатить в его пользу два куна, а остальные четыре куна султан им простил», — деп жазған еді.

Қара қылды қақ жарған әділдік деген — осы. Қазақ билерінің әділдігі соншалық — ақты ақ деп, қараны қара деп әділ төрелік еткен. Бұл жерде аса құнды тарихи мәліметпен Төле би түгелдей Барақты ақтады деген жаманаттан құтылады. Жоғарыда көрсеткеніміздей, оның өзі Ш.Уәлиханов еңбектерінде үстіртін жазылып кеткендіктен, кеңес заманындағы зерттеушілердің негізге алуына себеп болды. Алайда осынау Әбілқайыр ханды өлтірген Барақты ақтаған Төле би мен Әйтеке биге жабылған жала сол ХІХ ғасырдың өзінде-ақ анықталған еді. Себебі ол  Л.Ф.Баллюзектің 1871 жылғы жарық көрген зерттеуінде анықтап жазылған болатын. Одан соң Добросмысловтың 1900 жылғы еңбегінде жазылған. Осы тарихи мәліметтер қазақстандық кеңес ғалымдарының назарынан тыс қалмаған болатын.

Бұл 1948 жылы Алматыда жарық көрген «Материалы по казахскому обычному праву» атты жинақтың 1-бөлімінде берілген болатын. Алайда осы аса құнды мәліметтер көп ұзамай ескерусіз қалды. Оған негізгі себептердің бірі — 50- жылдардың аяғы, 60-жылдардың басында қазақ ғалымы Ш.Уәлихановтың еңбектерінің жарық көруі болған сияқты. Сонда әлгі айтқан жалған мәліметтің жарық көруі Әбілқайыр тарихына да, Төле би тарихына да нұқсан келтірді. Осы кемшілікті қайтадан зерттеген Ә.Кекілбаев еңбектері 1984-1987, 1997 жылы, ал И.Ерофееваның зерттеулері 1999 жылы жарыққа шыққанын мақтанышпен айтамыз….

Біз бұл жерде Ә.Кекілбаевтың тек тарих зерттеушісі ғана емес, деректанушы екенін де мәртебемен мойындайтынымызды айтпақшымыз.

Қысқасы, жоғарыда көрсетілген Әбекеңнің зерттеулері Төле би тарихын зерттеушілерге үлкен сый болды…

Бұл жерде біздің айтпағымыз, Барақ сұлтанды кейбір жазушылар Әбілқайырды Ресейге бодан болған үшін өлтірді деген қауесетті қолдап, оны нағыз патриот есебінде көрсетуге тырысты. Ал Ә.Кекілбаев Барақ сұлтанның 1735 жылы Ресей қоластында болуға ниет білдіріп хат жазғандығын, 1742 жылдан бастап ресми бодан болып Ресей бұйрықтарын орындағанын, яғни патша өкіметінің нағыз шынжыр балақ, шұбар төс қолшоқпары болғандығын көрсетіп, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін жапты…

Барақ сұлтанның Ресей қолшоқпары болғандығы туралы өз заманында  Ш.Уәлиханов мына мәліметті жариялаған еді.

Башқұрттармен достық қатынасты Әбілқайыр өмір бойы жалғастырды. 1736 жылы башқұрттардың кезекті көтерілісі бұрқ еткен кезде патша өкіметі башқұрттар мен қазақтарды және бір рет жауластырмақшы болып, көп ақша бөлді. 1738 жылдың ақпан айында Татищев «Әрбір башқұрттың басын әкелген қазаққа 60 рубльден ақша беріледі. Кек алатын және байып қалатын жағдайыңыз бар» (Олкотт Б.) деп қазақ еліне жар салды. Кейбір қылмыс істерді башқұрттан көріп жүрген қазақтар осыны пайдаланып, кек алмақшы және ақша таппақшы болды, бірақ олардың бірде-бірін Әбілқайыр жібермеді, керісінше, ол бұрынғыдай башқұрт халқына көмектесті.

1740 жылы Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан Ресейге ант берген салтанатында олардың башқұрт көтерілісін басқарған Шона батырды ұстап береміз деп уәде бергеніне ашуланған Әбілқайырдың балалары Нұралы мен Ералы кетіп қалады. Олардың ашуланатын себебі, әкесі Әбілқайыр өмір бойы башқұрт елін қызғыштай қорғады. Әбілқайырдың мұнысын қазақ елінің игі жақсылары түгелдей қолдаған. Сол Шона батырды Әбілқайыр алдымен қауіпсіз болуы үшін Қабанбай батырдың қол астындағы  Найманның Қаракерей ауылына жіберіп паналатады. Осы мәселе туралы Ш.Уәлиханов: «Поселившись в степи, он сделался опасен как для России, так и для Джунгарии: первая боялась, чтобы он снова не возмутил башкирского народа, вторая была напугана его самозванством: какой-то Шуна, погибший претендент на джунгарский престол, был так любим джунгарским народом, что последний готов был во имя его восстать против тогдашнего хана Галдан Серена»,деп жазғаны — тарихи шындық.

Ал Ресей басшылары башқұрт көтерілісінің басшысын қолға түсіру үшін Барақ сұлтанды жалдайды. (Себебі Барақ қол астындағы азғантай елмен 1742 жылдың күзінде Ресейге бодан болуға ант берген еді. Ал өтінішті Ресей патшасына 1735 жылы жазған болатын. Ант беру кезінде оған көрсетілген сый-құрмет Әбілмәмбет пен Абылайға көрсетілген құрметтен әлдеқайда асып түсті). Әрине, Ресеймен одақтас Жоңғар басшысы да осы істі Бараққа жүктейді…

Бараққа тез арада Шона батырды ұстау әлде өлтірудің сәті түспейді. Ол нөкерлерімен Қабанбай ауылын аңдуға кіріседі. Ал Қабанбай болса қауіп шындап төнген кезде Шона батырды Қарқаралыдағы Қазыбек бидің ауылына жөнелтеді…

Бараққа деген Ресей мен Жоңғар басшыларының қысымы күшейеді. Барақтың Жоңғармен қатынасының күшті болғаны соншалық — бір баласын аманатқа беріп қойған еді. Ш.Уәлиханов осы оқиға туралы: «Когда Барак султан посылал к Галдан-Серену в замену прежнего аманата своего сына Шигая, то Галдан-Серен обещал ему отпустить его сына Шигая, если он поймает мнимого Шуну», — деп жазған.

Қазақ елі қызғыштай қорғап жүрген Шона батырды күшпен ала алмайтынын түсінген Барақ, амалы таусылып басқа айла қарастырады. «Мен Шона батырға қарындасымды беремін, құдандалы боламыз!» деп кісі жібереді. Ол тіпті қарындасын көндіріп те қояды. Ұзатылатын күні мен ырым-жырымы келісіліп, Шона батыр қызды алып кетпекші болады. Барақ оны осылай тұтқындау үшін жендеттерін сайлап, тағатсыз күтеді. Қазақ батырлары мен Қазыбек би Барақтың арам пиғылын бұрыннан біліп жүрген себепті Шонаны белгіленген күні жібермей қояды. Сөйтіп, Ресей қоластына қара басының қамы үшін кірген (1742), қолшоқпар және итаршы болып жүрген Барақ осылай Ресей алдында қарыздар болып қалады.

Ал Шона батырды қазақ елінің құрметтегені соншалық — Барақ сияқты итаршылардың қолына түспей-ақ, жасы жетіп қартайғанша өмір сүріп, қазақ арасында дүниеден өтеді. Мұның бәрі Орта жүз батырлары мен билерінің башқұрт халқына Әбілқайыр сияқты әскери жәрдем бермесе де, осындай туысқандық көмек көрсеткенін айғақтайды. Қорыта айтқанда, қазақ елінің басшылары Әбілқайыр саясатын яғни оның Ресейге қарсы күресін әрқашанда қолдағанын көрсетеді.

Әбіш Кекілбаев Әйтеке бидің жерленген жері туралы дақпырт жасап жүргендердің жорамалдары туралы: «…Тәуке тұсындағы Кіші жүздің ұлысбегі Әйтеке, міне, осындай ықпалды әулеттен шыққан. Ол Жалаңтөстің әкесі бір, анасы бөлек бауыры Ақшаның үшінші баласы Бәйбектен туады. Бір ғажабы, осындай атақты тұқымнан өрбіген атақты бидің қай жерде жерленгені беймағлұм», — деп  олардың әртүрлі жорамалдарын жоққа шығарып, нақты деректермен жазған болатын.

Қысқасы, осы бір қазақ билерінің әділдігіне күмән келтіретін оқиғаның шындығы Ә.Кекілбаевтан соң орыс тілінде И.Ерофееваның «Әбілқайыр» атты зерттеуінде жарық көрді. Осы кітап жарық көрген соң барып көптеген зерттеушілердің күдігі сейіліп, шындыққа көзі жетті.

Қазақ елінде аса қадірлі батыр қолбасшы Әбілқайырды өлтірген соң, оның туыстарының кек алмай тынбайтынын білген Барақ ел алдында ақталғысы келіп, өзін үш жүздің билері ақтағанын тілге тиек етеді. Алайда сол мәлімет ел аузында өзгеріп, Шоқанға жеткенше Төле би мен Әйтекені қатыстырады. Оның шындыққа келмейтіні — біріншіден, сол заманда Әйтеке би дүниеде жоқ еді. Екіншіден, Төле би сияқты қазақ биінің Барақ сынды атаққұмар, таққұмар кісі өлтірушіні қолдай қоюы — билер тәжірибесінің тарихында болмаған жайт…

Сол кездегі нақты тарихи құжаттарда ол былай баяндалыпты. Барақ сұлтан өз айыбын жуып-шаю үшін өзінің беделі жүретін үш бидің сотын ұйымдастырады. Оларды атап айтсақ, біріншісі — төртқара Қаратоқа (Қаратоқ) би, екіншісі де Кіші жүз Әлімұлының бірі, Батыр сұлтанның аулынан Қозанай мен Мамет-Аталық билер еді. Ал Орта жүзден бағаналы найман Олжабай би болатын. Соңғысы — Барақтың өз қоластындағы адам. Сонымен, осынау сот процесіне үш емес, төрт би қатысқан болып шығады. Шыққан елдеріне қарағанда, үшеуі — Кіші жүз руларынан, тек біреуі — Орта жүз руы бағаналыдан. Ал Ұлы жүзден Төле би түгіл, ешкім қатыспаған екен. Осы сот процесінің қаншалықты нақты екені белгісіз, алайда Барақ сұлтан «Мені осындай билер ақтады» деп елге таратқаны белгілі.

Бұл, әрине, асығыс жасалған сот процесі болу керек. Себебі Барақ Төле би сияқты ұлы адамдарға баруға, біріншіден, беті жоқ болса, екіншіден, уақыты да, мұршасы да жоқ болатын. Себебі ол өзі өлімнен қорқып, қашып-пысып жүрді. Әрине, аталған сот Барақ сияқты қылмыс жасаған адамды ақтағаны рас. Егер осы оқиғаны Барақ жалған таратпай, ақиқат іс болса, қазақ елінің билер сотына, яғни ғасырлар бойы келе жатқан әділ сотқа көлеңке түсіретіні рас… Қалай болғанда да, осы сот мені ақтады деп Барақ елге таратқан…

Әбілқайыр балалары кек алмай қоймайтыны айдан анық. Сондықтан Барақ жанталасып неше түрлі әрекет жасады. Оны Әбілқайыр өліміне айдап салған Ресей басшылары және бұндай арам істе оған тікелей басшылық еткен Орынбор басшысы Неплюевтен ешқандай жәрдем болмай қалғаны, Барақтың алданып, арандап қалғаны туралы шындыққа көзін жеткізген еді… Жан сақтап жанталасуға тура келді…

Қалай болғанда да, Барақ Әбілқайыр балаларының қолына түспеді, алайда ел адамдарының қолынан ойламаған жерде қаза болды. Осы жайт Барақты ел адамдарының өзі қолдамағанын көрсетеді.

… Қысқасын айтқанда, шындықтың ашылуы Төле би тарихын зерттеушілерге және шоқантанушы ғалымдарға үлкен сый еді. Алайда олар осы құнды материалдарды елемейтін сияқты. Осы уақытқа дейін қазақтың әйгілі биі Төле туралы қаншама кітаптар мен мақалалар жарық көрді. Солардың көбі Төле биді орынды-орынсыз мақтаса да, дәл оның Ералыны ақтаған ерлігі сияқты тарихи ерлігіне тең келе алмайды. Бұл қазақтың билер институты тарихындағы аса елеулі және халқымыздың жат жұрттық басқыншыларға, соның ішінде Ресей экспансиясына қарсы тұрған Әбілқайыр сынды мемлекет қайраткерлерінің тарихындағы ақтаңдақтарды анықтауға айырықша маңызы болды.

Ғаппар Маймақов деген тарих ғылымының кандидаты Төле бидің 350 жылдығына арналған жинақтағы мақаласында былай деп жазыпты:

«Бас сауғалап қашып жүрген Барақ сұлтан Төле биге өзі келіп, жасаған ісі үшін сотқа тартуды сұрайды. Төле би билер сотына қазақ билерінің ішінен Барақ сұлтанның ұсынуы бойынша төрт белгілі биді (Жалған би, Сырлыбай би, Даба би, Қабек мырза) қатыстырады, өз тарапынан бірнеше биді шақырады. Билер алқасында Төле би Барақ сұлтанды ақтап алады. Билер алқасында Төле бидің ханды өлтірген Барақ сұлтанды ақтап жіберуі — оның беделінің және билігінің ең жоғары дәрежеде екендігін көрсетілген факт…»

Жалғыз Төле би тарихы емес, жалпы ХVІІІ ғасыр тарихының проблемасы әлі шешілген жоқ. Аталған ғасырдағы қазақ  тарихында, негізінен, төрт проблема ақырына дейін анықталмады.

Қазір, шынында, тарихшылардың көп екені рас, алайда тарихымыздың аса маңызды мәселелері шешілген жоқ.

Сол ХVІІІ ғасыр тарихындағы негізгі проблемалардың біріншісі — Ақтабан шұбырынды оқиғасы…

Осынау  Қазақ елінің басындағы үлкен трагедияның авторы жоңғар емес, Ресей еді. Ол тіпті Ресейдің атақты патшасы Бірінші Петрдің қолымен жасалған іс болатын… Сондай-ақ Қазақ елінің Ресей құрамына кіруі де бұрынғы көзқарастан алыстай қойған жоқ. Шын мәнінде, бұрынғы жалған айтылған мәліметтер бұл күнде 180 градусқа бұрылғаны рас.

Ал Әбілқайыр мен Абылай туралы қазіргі кезде шындықты екінің бірі білсе де, халық игілігіне жаратылған жоқ. Тек ғалымдардың үлесі болып қалып жатыр.

Әбілқайыр Қазақ елін Ресейге қосып, сол арқылы хан болған емес, керісінше, қазақ елін Ресей басқыншыларынан өмір бойы қорғаған ұлы тұлға болып шықты. Ал оның Ресейге бодан болу үшін жазған хатының да мазмұны басқа екені 1999 жылы түпнұсқасы оқылғанда ғана белгілі болды… Біз осы уақытқа дейін оның орысша, яғни жалған аудармасын пайдаланып келіппіз…

Ал Абылай туралы 1830 жылғы Левшиннің еңбегінен бастап жазылып келе жатқан мақтаулар мен марапаттаулар да шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын болып шықты.

Қысқасын айтқанда, тарихымыздың көптеген ақтаңдақтарын жапсақ та, біраз ақтаңдақтарды әдейі жаппай отырған жағдайымыз бар…

Самат ӨТЕНИЯЗОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Мадрид және Қазақ-американ университетінің профессоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button