Басты жаңалықтар

Жолың дұрыс болсын!

Ақтөбе облысындағы автокөлік жолдарының ұзындығы 6 мың шақырымнан асады. Оның 1869 шақырымы — республикалық маңызы бар жол. Соңғы жылдары облыс аумағындағы жолдардың сапасына қатысты сын көп айтылып жүр. Әсіресе Самара-Шымкент тасжолының бір бөлігі саналатын,  яғни Ақтөбе мен Ырғыздың арасындағы ұзын жолдың ой-шұқыры көп. Жұртшылық осы мәселені жиі көтереді.  Жалпы республикалық маңызы бар жолдардың сапасы қашан жақсарады? Биыл жөндеу жұмыстары жүргізіле ме?  Осы орайда «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Ринат Оразғалиевпен сөйлескен едік...

Ақтөбе мен Ырғыз арасы

Облыстағы негізгі мәселенің бірі — жол. Тұрғындар шұрқ-тесік жолдармен жүру мүмкін емес екенін айтып жиі шағымданады. Әсіресе салынғанына 20 жылға жуық уақыт болған Ақтөбе мен Ырғыздың арасындағы тасжол жүргізшілердің жанайқайына айналған.

Ақтөбе-ХромтауҚарабұтақҰлғайсын бағытындағы жолдың нашар екенін айтып, тұрғындар жиі шағымданатыны рас.  Себебі бұлжол «Батыс ЕуропаБатыс Қытай» дәлізінен бұрын жөнделіп, 2005 жылы пайдалануға берілді. Яғни халықаралық көлік жолының құрылысы басталған кезде бұл жол жаңадан салынғандықтан, сапасы да жақсы болатын. Ал қазір тозды. Себебі жылдан жылға жүретін көлік саны артып келеді. Үшінші санаттағы жол болғандықтан, талап бойынша тәулігіне үш мыңға дейін көлік жүруі керек. Ал қазір күніне 12-15 мың аралығында көлік өтеді. Оның жетпіс пайызы —  жүк көліктері. 2005 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген.  Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Яғни жеті учаске бойынша үш жобалаушы мекеме жұмыс істеуде. Осы жеті телімінің екеуі мемлекеттік сараптамадан өтті. Бұлар —Ақтөбеден Хромтауға дейінгі екі учаске. Бірінші учаске —  Ақтөбенің солтүстік айналма жолынан Ақжар елді мекеніне дейінгі аралық. Қазіргі таңда мердігерді анықтау бойынша конкурс жариялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Екінші учаске —  Ақжардан Хромтауға дейінгі 28 шақырым жол. Бүгінгі күні мердігер мекеме анықталды. Қажетті техника жұмылдырылуда. Шілденің басында құрылыс жұмыстары толығымен басталды.  Мердігер — «Сине Мидас Строй» жауапкершілілігі шектеулі серіктестігі. Ал техникалық қадағалауды «KZ Строй Эксперт» серіктестігі жүргізсе,  авторлық қадағалау «Алматы – инженерлік орталығы» серіктестігіне жүктелген. Қазіргі таңда құрылыс монтаж жұмыстарын бастауға рұқсат алу үшін облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына өтініш жіберілді. Рұқсат талоны алынғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Бұл жолдар қайта жаңартылып, үшінші техникалық санаттан бірінші техникалық санатқа ауыстырылады. Яғни екі жолақты жолдан төрт жолақты жолға өзгереді. Ал қазіргі қолданыстағы жол айналма жол есебінде пайдаланылады. — деді Ринат Оразғалиев.

Ринат Оразғалиев жоспарланған жеті учаскенің қалған бөлігі, яғни Хромтаудан Ұлғайсынға дейінгі аралығы қаражаттың бөлінуіне байланысты қайта жаңартылатынын айтты. Жеті учаскеде жүргізілетін жұмыстардың жалпы құны — шамамен 560 миллиард теңге. Алайда нақты құны мемлекеттік сараптамадан кейін белгілі болады.

Мердігер күре жол қайта жаңартылғанша, оның ой-шұқырын тегістеп, күтіп ұстау жұмыстары жүргізіле беретінін жеткізді. Кешенді бағдарлама шеңберінде жолдағы 35 мыңшаршы метр шұқырды жөндеу қарастырылса, қазіргі таңда оның 31 мың шаршы метрі бітелген. Оның ішінде жүргізушілерден жиі шағым түсетінАқтөбе мен Қарабұтақ арасындағы жол бөлігі бар.

—  Ақтөбе мен Хромтау аралығында жолдың 22 мың шаршы метр болатын ой-шұқыры жамалды. Бұдан бөлек облыс орталығынан Хромтауға дейінгі аралықты «Ербол-Эль» мекемесі жөндеп жатыр. Жолдың қауіпті жерлерін фрезерлеп, тегістеу қабатын салуда. Шілдеге дейін бұл жұмыстардың барлығы аяқталады.  Сондай-ақ Хромтау мен Қарабұтақ аралығындағы жолға да ағымдағы жөндеу жүргізу үшін қаражат бөлінді. Бұл аумақтың да шұқыры көп қауіпті жерлерін анықтап,  шамамен 42 шақырым жолға ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізу жоспарланып отыр. Шілденің соңына дейін осы жұмыстың барлығын аяқтау жоспарлануда — деді Ринат Оразғалиев.

Қандыағаш пен Шалқар жолы

Биыл облыс аумағындағы жолдарды орташа жөндеуден өткізу үшін қаржы қарастырылған. Мәселен, осы жылы  43 шақырым жол орташа жөндеуден өтсе, бұған тағы қосымша 295 шақырым жолды тегістеу үшін құжаттар әзірленіп, мердігерді анықтауға конкурс жарияланған.

Өңірдегі республикалық маңызы бар Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз аралығындағы тас жолды орташа жөндеуден өткізу қолға алынып отыр. Қандыағаштан Ізімбет елдімекеніне дейінгі елу шақырым жол жөнделеді. Шалқардан Ембіге дейінгі жиырма шақырым жолды орташа жөндеу жұмысы былтыр басталған болатын. Соның жалғасы, яғни тағы 75 шақырымы салынады. Жалпы Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз бағыты бойынша барлығы 125 шақырым жолды орташа жөндеу жұмысы биыл бастамақ. Талап бойынша бұл жолмен ірі жүк көліктері жүрмеуге тиіс. Алайда Шалқар көлін тазартып жатқан мердігер мекемелер осы жолмен түрлі құрылыс материалдарын тасып жатыр. Бұл туралы жергілікті халық әлеуметтік желіге де жазды. Себебі ұзақ жылдардан бері сапалы жолға енді қол жеткізген жұртшылық, көліктер осылай жүре берсе бір-екі жылда асфальттың шаңы шығып қалама деп қорқады. Бірнеше рет аудан әкімдігіне де ескертіп, құзырлы органдарға да хабар бердік, — деді компания директорының орынбасары.

Сондай-ақ Ақтөбе-Орск бағытындағы жолдың 96 шақырымы, Ақтөбе мен Мәртөк аралығындағы жолдың 34 шақырымы да жөнделеді. Биыл Қарабұтақ-Комсомол бағытындағы жолдың Қостанай обылысына дейінгі аралығы орташа жөндеуден өтеді.  Бұл жөндеу жұмыстары екі жылға жоспарланған. Сондай-ақ осы жылы Ақтөбе мен Қандыағаш арасындағы жол құрылысы аяқталады.  Бұрын бұл жол үшінші санатта болса, енді бірінші санатқа ауысады.

Күрежолдарыдың бойындағы тағы бір мәселе — қоқыс. Әсіресе жолдың екі жағы жазда қоқыстан көрінбейді. Мекеме жұмысшылары тазартып-ақ жатыр. Бірақ жолаушылар жауапсыз,  пластик құтылар мен қалдықтарды арнайы қоқыс жәшіктеріне тастамай, жол бойына лақтырыпк етеді. Осы мәселені бұқаралық ақпарат құралдарынан сан мәрте айтып жүрміз. Тіпті жүргізушілерге де ескертіп жатырмыз, алайда тазалыққа мән беретіндер аз болып тұр, — деді Ринат Оразғалиев.

Компания өкілі республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмысы жалғаса беретінін айтты.

Белгілер орнатылып жатыр

Республикалық маңызы бар жолдардың бойындағы жол белгілері де жаңартылып жатыр. «ҚАЖ сервис» ЖШС Ақтөбе облыстық филиалының бас инженері Абылай Қыдыровтың айтуынша, жол жөндеу жұмыстарына жеті бригада жұмылдырылған. Сондай-ақ асфальттің жоғарғы қабатын қырып тастаумен қатар, реактивті инерция әдісі қолданылып жатыр.

Жаңа әдістің тиімділігі өте көп. Мәселен, бұрын шұңқырды тегістеу үшін бес-алты адам жүретін. Құрылыс материалдарын бірі алып, екіншісі салып біраз уақыт жоғалтатын едік. Ал жаңа техниканың көмегімен екі адам шұңқырларды әп-сәтте бітеп тастайды. Бұл мақсатқа «ҚАЖсервис» серіктестігі  екі техника бөлді. Бір техника шұқырды тазартып, кейін қиыршықтас пен эмульсия араласқан қоспаны құйып, бітейді. Бұл әдіс жол-көлік оқиғасын болдырмас үшін асақауіпті шұңқырларды тез арада жоюға арналған. Қазіргі таңда Самара-Шымкент тасжолының бойындағы ойылған жерлерді осы әдіспен тегістеп жатырмыз, — деді бас инженер.

Сондай-ақ республикалық тас жолдарға 400-ге жуық жол белгісі орнатылып, бұрылыстарға жарық беретін 182 белгі қойылған. Жолдағы сызаттарға арнайы сұйықтық құйып, асфальт жабындысын сақтау әдісі де қолданылып жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button