Басты жаңалықтар

Көңілді демалыс

Ақтөбедегі қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысы қалай ұйымдастырылып жатыр? «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен қолға алынған «Жазғы жолдама» әлеуметтік жобасы облыста қалай жүзеге асырылып жатыр? Осы және демалыс орындарындағы оқушылардың қауіпсіздігі туралы жан-жақты білмек ниетпен облыстық білім басқармасы баспасөз турын ұйымдастырған еді. Бір топ журналист облыс орталығындағы «Campit» және «Шұғыла» лагерлеріне және Д.Қонаев атындағы №60 жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясы жанындағы лагерьге бардық. Сонымен…

Қор қолдауы: «Жазғы жолдама»

Облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Гүлдана Бакиеваның айтуынша, өңірде биыл 156 743 оқушының жазғы демалысын ұйымдастыру жоспарланған. Бұл — жалпы мектеп оқушыларының 98 пайызы.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға, сауықтыруға биыл 1 279,2 миллион теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражаттың 247,8 миллион теңгесі — бюджет қаржысы.

Биыл бірінші рет Оқу-ағарту министрлігі 2024-2026 жылдарға арналған жазғы каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітіп, әдістемелік ұсыным әзірледі. Басты мақсат — оқушылардың бос уақытты тиімді ұйымдастыру. Өңірдегі барлық лагерь аталған құжат негізінде жұмыстарын жүзеге асырып жатыр, — дейді Гүлдана Кенжеғалиқызы.

Биыл қала сыртындағы 7 лагерь жұмыс жасап жатыр. Олардың екеуі — мемлекеттік, қалғаны —  жекеменшік демалыс орындары.«Күншуақ» пен «Әсем» лагерьлері жыл бойы жұмыс жасайды.

Былтырдан бастап «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры «Жазғы жолдама» әлеуметтік жобасын қолға алды. Мақсат — дарынды, оқуда үздік көрсеткіштерге ие және мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысатын ауыл мектептерінің оқушыларын қолдау және ынталандыру. Аталған жоба аясында 1147 ауыл баласы демалыспен қамтылады. Бұл мақсатта қала сыртындағы 3 лагерь таңдалды. «Әсемде» — 383 бала, «Campit» пен «Шұғыла» лагерлерінде 382 баладан демалады. Бірінші ауысымда «Шұғылада» — 300 бала, «Campit» лагерінде 200 бала тынықты. Қазір ұйымдастырылып жатқан екінші ауысымда «Шұғылада» — 83, «Campit» лагерінде 182 бала демалып жатыр. «Әсем» лагері «Жазғы жолдама» аясында балаларды үшінші, төртінші ауысымда қабылдауды жоспарлап отыр.  Баспасөз турының осы лагерьлерде ұйымдастырылуының бір себебі осы — «Жазғы жолдама» аясында демалып жатқан балалардың жағдайларын білу, жақынырақ танысу. 

Айта кету керек, осы жоба бойынша су тасқынынан зардап шеккен аудандардың 36 баласы демалатын болады, — дейді Гүлдана Кенжеғалиқызы.

«Шұғыланың» шаттығы

«Шұғыла» лагері 2018 жылдан бері жұмыс жасап жатыр. Басты мақсат — балалардың жазғы каникулының қызықты өтуіне, тиімді өтуіне септігімізді тигізу. Бүгін, міне, екінші ауысымның соңғы күні. Кешкілік жабылу салтанаты өткізіледі. Сырттан келетін балаларды полиция қызметкерлерінің жол бастауымен лагерьге алып келіп, шығарып саламыз. Ал қаланың балаларын ата-аналары алып келеді. 

Ауысымдардың ұзақтығы — 10 күн. Балалар 6 мезгіл тамақтанады. Тамақ құнарлы. Оның сапасы қатаң бақылауға алынған, барлығы санитарлық талаптарға сәйкес пісіріледі. 

Лагерь оқушыларды алты ауысымда қабылдайды.  «Шұғыла» демалыс лагерінің сиымдылығы — 300 орын.  Яғни бір ауысымда  300 баланы қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Әр ауысымда 6 топтан болады. Әр топқа бір тәрбиеші, екі тәлімгер бекітілген. Олардың барлығы да педагогикалық білімі бар мамандар. Медбике де жұмыс жасайды. Сондай-ақ балардың қауіпсіздігі де қатаң сақталған. Арнайы күзет мекемесімен келісіміміз бар. Күзетшілер тәулік бойы қызмет етеді, — дейді «Шұғыла» лагерінің директоры Мереке Байдрахманов.

Мұндағы балалар өте көңілді. Әр топтың балалары бөлініп, өзара түрлі ойындар ойнап жарысып жатыр.

Лагерь директорыныңайтуынша, лагерь табиғатыәсемжердеорналасқан. Мұндабалаларүшін бассейн де бар екен.

Ерекшелігі көп «Campit»

Журналистер Ақжар ауылында орналасқан «Campit» лагеріне де барды. Мұнда да балалардың шаттыққа толы жүзін көріп, жарқын күлкісінің куәсі болдық. Біз барғанда балалар арасында топтық жарыс ұйымдастырылып жатыр екен.

«Жазғы жолдама» бойынша бұл ауысымда 83 баланы қабылдадық.

Жалпы жеті маусым жоспарланып отыр. Әр маусымда 280 балаға дейін қабылдауға дайынбыз. Әр маусымның өзіндік тақырыбы, өзіндік үйірмелері, өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, бірінші маусымның басты тақырыбы — балалардың аспан әлемін танып, білуіне арналды. Заман талабы — робототехника. Сол себепті екінші ауысымда балаларға болашақтың бағдарына айналған робототехниканың қыр-сырын үйретіп жатырмыз. Сондай-а қбұл ауысымда 8 үйірме жұмыс жасап жатыр, — дейді «Campit» лагерінің директоры Айболат Ташпентаев.

«Campit» лагерінің қуаттылығы — 300 орын. Жалпы демалатын бала саны — 2100 оқушы. Ауысымдардың ұзақтығы — 10 күн.

Жазғы демалысымды «Campit» лагерінде өткізіп жатқаныма қуаныштымын. Өйткені мұндағы әр күніміз қызықтыіс-шараларға толы. Көңілді кештер, түрлі ойындар ұйымдастырылады.

Лагерьдегі тәрбиеші, тәлімгерлеріміз де ақ көңіл, ашық мінезді апайлар. Бәріміз бірге ойнаймыз. Жан-жақтан достар таптым. Бір-бірімізбен лагерьден қайтқаннан кейін де хабарласып, кездесіп, аралсып тұрамыз деп келістік, — дейді Инабат Серікқызы.

Мектептегі демалыс

Гүлдана Кенжеғалиқызының айтуынша, биыл жазда 673 мектеп жанындағы лагерь жұмыс жасайды. 252 мектеп жанындағы лагерьде балалар ыстық тамақпен қамтылған. Қалғанында балалар бір мезгіл тынығып келетін болғандықтан тамақ берілмейді екен.  Қосымша білім беру ұйымдары жанында да жазғы алаңдар жұмыс жасайды. Олардың саны — 49.

Лагерьлер мәдени-рухани, экологиялық, технологиялық және инновациялық, көркемдік-эстетикалық, денешынықтыру-сауықтыру азаматтық-патриоттық, экономикалық және туристік-өлкетану бағыттарында жұмысі стейді, — дейді Гүлдана Бакиева.

Оның айтуынша, біз барған Ақтөбе қаласындағы Д.Қонаеватындағы №60 жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясы жанындағы лагерьде облыс бойынша жазғы демалыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылады екен.

Біздің мектептің жанындағы жазғы лагерьде балалармен жұмыс, олардың демалысты көңілді өткізулері үшін түрлі іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Сол себептен де болар, көпшілік ата-аналар балаларын мұнда тек бір ауысымда ғана емес, екінші, тіпті, үшінші ауысымға да қалдырады. Әр маусымда 210 бала қабылданады.

Лагерьде шығармашылық, танымдық, спорттық іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Сондай-ақ қаланың көрнекті жерлерін тамашалауға саяхаттар ұйымдастырамыз. Саябақтарда серуендеп, ойнап, музейлерде танымдық дәрістер өткізіледі. Балалар кинотеатрға да барып, қызықты фильмдер тамашалайды, — дейді Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлназ Қадырова.

Біздің дерек

«Жазғы жолдама» әлеуметтік жобасы  аясында 1147 ауыл баласы демалыспен қамтылады. Нақтырақ айтсақ, Алғадан — 103,Әйтеке биден — 108, Байғаниннен — 120, Ырғыздан— 78, Қарғалыдан — 60, Қобдадан— 65, Мәртөктен — 133, Мұғалжардан — 75, Ойылдан— 84, Темірден— 175, Хромтаудан — 76, Шалқардан 70 бала тынығады.

Жазғы маусымда лагерьлерде барлығы 4348 педагог жұмыс жасайды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button