Басты жаңалықтар

Саябақтардың сәні — субұрқақ

Жаз мезгілінің алғашқы айы да аяқталуға жақын. Аптап ыстық болғанда тұрғындардың көбі субұрқақтың саясында демалғанды тәуір көретіні белгілі. Осы ретте шаһардағы су шаруашылығының жай-күйін білу мақсатында жауапты сала мамандарымен сұхбаттасқан едік…

14 субұрқақ жөнделіп жатыр

Ресми деректерге сүйенсек, Ақтөбе қаласында 21 субұрқақ бар. Қазіргі таңда соның 3-еуі ғана жұмыс істеп тұр. Бұның себебін Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болат Серіков былай деп түсіндірді:

— Биыл қаладағы субұрқақтарды күтіп ұстауға 25 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат жеткіліксіз. Мысалы, басқа өңірлерде бір субұрқақтың өз деңгейінде жұмыс істеп тұруына 4 миллион теңге қарастырылады. Сол себепті де осы уақытта қала бойынша 3 субұрқақ қана қосулы, қалғандары істен шыққан.

Субұрқақтарға қызмет көрсету бойынша мердігерлер арасында екі рет конкурс жарияланды.

Жалпы, субұрқаққа қатысты мәселе биыл ғана өзекті болып отырған жоқ. Былтыр 8 субұрқақты жөндеуге 184 миллион теңге бөлініп, келісімшарт жасалған еді. Бірақ аталған жұмыстар уақытында жасалмағандықтан, қаржы сот шешімімен кері қайтарылды.  Сот «Шалқар Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арасында  медиативтік келісім негізінде  келісімшартты бекітті.

Осыған орай биыл басталған жұмыстарды аяқтау үшін бюджеттен 107 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта «Шалқар Бастау» компаниясы 4 субұрқақтың жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр: Әбілқайырхан даңғылы бойындағы «Халық банкінің» аумағында, Сулы-жасыл гүлзары, облыстық сот ғимаратының алдында және Орталық саябақтағы субұрқақтар.

Сонымен қатар биыл 521 миллион теңгеге Орталық саябаққа субұрқақ салуға тендер жарияланды.

Қазіргі таңда демеушілердің көмегімен 10 субұрқақты жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған қатысты ақтөбеліктердің де айтары бар. Қала тұрғыны Зібайда Өлмесекова Қаржыгерлер аллеясындағы субұрқақтың бірнеше жылдан бері жұмыс істемейтінін атап өтті.

«Мен осы шаһардың ескі бөлігінің байырғы тұрғынымын. Биыл Ақтөбе қаласының 155 жылдығына байланысты субұрқақтар жөнделеді деп ойлағанбыз. Батыр қызымыз Әлия Молдағұлованың ескерткіш-бюсті орналасқан Қаржыгерлер аллеясы мен теміржол вокзалының маңындағы субұрқақтар әлі қосылмады. Осы демалыс орындарына жиі барғандықтан, ыстық күнде жанымызға сая болатын «фонтандар» іске қосылады деп әлі де үміттенеміз»,  — дейді Зібайда әжей.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болат Серіковтің айтуынша, былтыр қала бюджетінен 4 миллиард теңгеге 74 техника сатып алынған. Қазіргі таңда 2 миллиард теңгеге 67 техника алу үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін қосымша 35 техникамен және толықпақ. Бұл — қала тазалығын және коммуналдық мекемелердің жұмыс сапасын арттыру мақсатында жасалып отырған іс.

Суағарлар мәселесінде оң өзгеріс бар

Ақтөбе қаласында суағар мәселесі де өзекті. Әсіресе көктем айларында еріген қар суы тұрғындарға бірталай қолайсыздық әкелетіні рас. Жауапты сала мамандары бұл мәселеде биыл сең қозғалғанын алға тартты.

— Бүгінгі таңда қала аумағында жалпы ұзындығы 61600 метрлік еріген қар және жаңбыр суын өткізетін арық жүйесі, яғни суағар бар. Оның 55 мың метрі жер үстінде — ашық орналасса, қалғаны жер астында. Сондай-ақ 45 дренаждық жинақтау құдығы, 5 сорғы су айдау бекеті бар.

Жақында 11-шағын ауданда суағарлар салу ісі басталмақ. Бұған мердігер ретінде «Қарасай құрылыс» серіктестігі таңдалды. Әуе қалашығы шағын ауданында да осындай жұмыстар қарқын алғалы отыр. Мұндағы мердігер компания — «Казеврострой». Аталған арық жүйелері келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар қалалық сүт зауыты аумағында да арық жүйесі салынады деген жоспар бар, — дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкері Талғат Наурызов.

Бұдан бөлек қазіргі уақытта Есет батыр тұрғын алабы, 12-шағын аудан аумағында су бұру желілерін салу бойынша жобалардың әзірленіп жатқанын айта кеткен ләзім.

Мердігер өкілі не дейді?

Қалада суағарларды тазартуға жауапты бірнеше компания бар. Айталық,  Астана ауданы бойынша «Damu life» ЖШС жұмысшылары жаз басталғалы арықтарды ретке келтіріп жатыр.

— Біздің компания бойынша барлығы 12 адам осы іске жұмылдырылған. 2 топқа бөліндік. Қажетті техникаларымыз бар. Сырт көзге арықтардың іші таза боп көрінгенімен, іс жүзінде үзілген жапырақтардан бастап саз-балшық, түрлі қоқысқа дейін шығады.  Бүгінге дейін Сәңкібай батыр, Әбілқайыр хан даңғылдары, сондай-ақ Шанхай, Мәскеу шағын аудандарындағы суағарларды жинадық.

Бұл жұмыстар тендер шарты бойынша қараша айына дейін жалғасады, — дейді учаске шебері Наурызбек Тұрғанбайұлы.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button