Басты жаңалықтарСу тасқыны

Ақтөбеде 2150 үй жөнделіп, 75 отбасы жаңа баспанаға ие болды

Біз біргеміз!

Биыл көктемгітасқын кезінде баспанасы суға кеткен тұрғындар көп қиындық көрді. Мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетілсе де, олардың бірқатары құтты шаңырағын қимады, енді бірі осыған дейін жинап, терген мүлкінен айырылғанына налыды. Дегенмен ерте ме, кеш пе, әр қиындықтың артында бір қуаныш болары хақ. Жуырда үйлері суға кетіп, баспанасыз қалған 75 отбасы жаңа пәтерге көшті. Қазір бұл отбасылардың қуанышында шек жоқ. Біз қоныстойын тойлап жатқан отбасылармен, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккендер тұрып жатқан жатақханаларға жауапты облыстық қоғамдық штаб мүшелерімен тілдескен едік… 

200-ге жуық үй апатты деп танылды

Көктемгі тасқын кезінде суға кеткен үйлердің барлығыАлматы ауданындағы Қарғалы мен Елек өзендерінің бойындағы саяжайларда орналасқан. Аталған аудан әкімдігіне осы саяжайлардың тұрғындарынан жалпы саны 3600-ден астам арыз-шағым келіп түскен. Жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде 3500 үйге су кіргені анықталған.

Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиевтің айтуынша, бүгінде аталған мекенжайларды аралап, тексеру жұмыстары толықтай аяқталған. Соңғы жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша 200-ге жуық үй апатты деп танылған. Ал 3300-ге тарта үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бағалау қорытындылары дайындалған.

— Бүгінде 2150 тұрғынғаүйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жалпы құны 8 миллиард теңге қаражат төленді. Ал үйлері апатты деп танылған 75 отбасына жаңа баспана берілді. Тұрғын үйлердің дайындығына және құжаттардың рәсімделуіне қарай пәтерлерді пайдалануға беру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады. Қазіргі таңда бағалау қорытындысына сәйкес қалған азаматтарғатұрғын үйлерді таныстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алдағы апталарда тағы 11 отбасына жаңа пәтерлер беріледі, — дейді Асланбек Шүйіншалиев.

Оның айтуынша, бүгінге дейін су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың 65 пайызы, яғни2150 адам тиісті өтемақысын алған. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы бес жатақханада әлі де 400-ден астам тұрғын уақытша тұрып жатыр. Олардың көбі күндізгі уақыттаүйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізеді, тек кешкі мезгілде қонуға барады. Әсіресе балалары көп отбасылар уақытша орталықтарда тұруға мәжбүр.

Аудан әкімі тасқыннан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтуда, сондай-ақ оларға қажетті көмек көрсетуде ешқандай мәселе жоқ екенін айтады.

— Өздеріңізге белгілі, жуырда Еurasian Resources Group компаниялар тобы мен «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қорының демеушілігімен 31 отбасына пәтер кілттері табыстады. Сондай-ақ өткен аптада 44 отбасына Болат Өтемұратов қорының демеушілігімен Ақтөбе қаласындағы Алтын орда, Юнис-Сити шағын аудандарынан және Есет батыр тұрғын алабынан пәтерлер берілді. Бұл отбасылардың дені 2-3 бөлмелі пәтерге ие болды.

Жалпы, қазір жаңа пәтерлер тасқыннан зардап шеккендердің ішінде бірінші кезекте үйлері құлап, тұруға жарамсыз болып қалғандарға беріліп жатыр. Сондай-ақ қойылатын тағы бір талап — бұл отбасылардың мүшелерінің атында соңғы бес жыл ішінде тұрғын үй немесе пәтер болмауы керек, — дейдіАсланбек Шүйіншалиев.

Қамқорлық пен қолдау

Көктемде тасқын кезінде үйлеріне су кірген тұрғындар алдымен қала мектептерінде жасақталған эвакуациялық пункттерге орналастырылды. Ал сәуір айының ортасында  Ақтөбе қаласындағыМ.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технология колледжі,Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық техникалық колледжі, Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің жатақханаларына, сондай-ақ «Ас-сәлем» қайырымдылық мекемесі мен Олимпиадалық резерв орталығына көшірілді. Қазіргі таңда зардап шеккен отбасылардың бір бөлігі әлі де осы орталықтарда тұрып жатыр.

Мәселен, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті жатақханасына сәуір айында 57 отбасы көшіп келді. Қазір олардың ішінде 10 отбасы үйлеріне оралған.

Университет жатақханасында уақытша тұрып жатқан отбасылардың ішінде жетеуінің үйі апатты деп танылды. Жуырда 4 отбасына Алтын орда және Юнис-Сити шағын аудандарынан жаңа пәтерлер берілді. Қалғандарына алдағы уақытта береді деп күтіп отырмыз. Жалпы, мұнда тұрып жатқан барлық отбасынабіржолғы өтемақы толық төленді. Сондай-ақ үйлеріне су кірген отбасыларға баспаналарын жөндеу үшін қажетті қаражат берілді. Әзірге тұрғындар үйлерін толық жөндеп біткенше жатақханада тұрады. Мұнда барлық тұрғын үш мезгіл тамақпен, қажетті тұрмыстық заттармен, балаларға керек бұйымдармен қамтамасыз етілуде. Жатақхана базасындаапта сайын балаларға арнап Pizza Party ұйымдастырылады. Осыған дейін орталыққа шаштараздар келіп, ересектер мен балалардыңшашын тегін қиып берді. Сондай-ақ тұрғындарға заңгерлер мен банк өкілдері арнайы келіп, кеңес беріп, заң жағынан тегін көмек көрсетті. 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнінде қала мектептері балаларға мерекелік шара өткізді. Жалпы,мұнда тұрғындарға барлық жағдай жасалып жатыр, — дейді облыстық қоғамдық штабтың мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Айгүл Нұркеева.

Оның айтуынша,Құрбан айт мерекесінде «Нұр Ғасыр» орталық мешітінің өкілдері жатақханада тұрып жатқан отбасыларға ет, азық-түлік себеттерін үлестірген. Сондай-ақ Қызыл Ай қоғамы да гуманитарлық көмек көрсеткен.

Ал Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасына жауапты облыстық штаб мүшесі, облыстық мәслихат депутатыРаушан Жәлімбетованың айтуынша, бүгінде мұнда 28 отбасы тұрып жатыр. Жуырда 5 отбасы жаңа баспаналарына қоныс аударған. Сондай-ақ тағы бес отбасы үйлерін жөндеп, өз шаңырақтарына оралған.

Бүгінге дейін жатақханада тұрып жатқан отбасылардың барлығына қажетті көмек берілді. Атап айтсақ, мемлекет тарапынан және облыстағы белсенді кәсіпкерлердің демеушілігімен гуманитарлық көмек көрсетіліп, заңгерлер мен банк өкілдері, бағалаушы компания қызметкерлері тегін кеңес берді. Балаларға мерекелік шаралар ұйымдастырылып, облыстық штаб төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның бастамасымен аналар мен әйелдерге Аналар күнінде дастарқан жайылып, құрмет көрсетілді. Бұл шаралардың барлығы тасқыннан зардап шеккен азаматтардың көңілін көтеру, оларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында өткізілді, — дейді Раушан Жәлімбетова.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Биылғы су тасқыны кезінде ақтөбеліктер ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Облыста тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоры құрылып, белгілі кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар қаржы аударды. Мәселен, Еurasian Resources Group компаниялар тобы 5 млрд теңге аударса, жеке тұлғалардан 730 млн теңге қаржы түскен. Одан бөлек, Болат Өтемұратов қоры 10 млрд теңге қаржы бөлді. Соның арқасында жоғарыда атап өткен 75 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп отыр. Алдағы уақытта тағы 56 отбасына жаңа пәтердің кілті табысталады деп жоспарлануда.

Қос отбасының қуанышы

Жуырда жаңа пәтерге ие болып, қоныстойын тойлап жатқандардың бірі — Тасеновтер отбасы. Бұл отбасында қазір төрт бала тәрбиеленуде. Отағасы Айбек Тасенов пен зайыбы Айнагүл Шадиярова осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбеге Атырау облысынан көшіп келген. Қаржысын жинап, саяжайдан шағын үй алған. Көктемде болған тасқын кезінде үйлерін су басып, ақыры баспанасы жарамсыз болып қалған. Көпбалалы отбасының жағдайын ескерген қала әкімдігі жуырда Алтын орда шағын ауданынан екі бөлмелі пәтер беріпті.

— Қуанышымызда шек жоқ. Қазір жаңа баспанамызға жиһаз алып, ішін реттеп жатырмыз. Жуырда зайыбым төртінші баламызды дүниеге әкелді. Сол кезде штаб мүшелері бізге қолдау көрсетіп, қуанышымызға ортақтасқан еді. Енді, міне, жаңа баспанаға қол жеткізуімізге себепші болып отыр. Сондықтан бізге жан-жақты қолдау көрсеткен барлық жанашыр жанға алғыс айтамыз.

Отбасымызға келсек, балаларымыз әлі кішкентай. Үлкені биыл беске толды.  

Өзімнің әзірге тұрақты жұмысым жоқ. Негізгі мамандығым — механик. Қазір жұмыс іздеп жатырмын. Жарым үйде бала күтімімен отыр. Жағдайымыз жақсы. Бұған дейін екі жарым ай Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің жатақханасында тұрдық. Ол жерде бізге қажетті көмек көрсетілді. Әсіресе сол жатақханаға жауапты болған штаб мүшесі, депутат Айгүл Маратқызына ризашылығымыз мол, — дейді Айбек Тасенов.

Жаңабаспанаға ие болғантағы бір қала тұрғыны Жадыра Құрманғалиева отбасында жұбайы екеуі 4 қыз өсіріп отыр. Ақтөбе қаласындағы №14 орта мектепте еден жуушы болып жұмыс істейтін ол тасқын кезінде көп қиындық көргенін айтады.

— «Су — тілсіз жау» деп бекер айтылмаған ғой. Су тасқыны болған кезде дүние-мүлкімізді тастап, түн ішінде отбасымызбен эвакуациялық пунктке бардық. Кейін тасқынның беті қайтқан соң бәрі де қалпына келді. Алайда саяжайда тұрған үйіміз жарамсыз болып қалды. Жуырда Есет батыр тұрғын алабынан екі бөлмелі пәтер алдық. Енді, міне, көрген бейнетіміз артта қалды. Ең бастысы, басымыз аман, бауырымыз бүтін. Енді мұндай жағдай қайталанбасын деп тілейміз. Барша жанашыр азаматтарға рақмет, — дейді ол.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button