Денсаулық

Жаңа жобалар тиімді ме?

Ақтөбе медициналық орталығында Адам қауіпсіздігі институты ЖШС енгізген екі пилоттық жоба қорытындыланды. Олар: «Цифрлық технологияларды енгізу негізінде көпсалалы стационардың күнделікті тәжірибесінде инциденттерді тіркеу» және «SOS жобасы аясында жедел жәрдем қызметкерлері мен инсульт орталығының өзара әрекеттесуін жақсарту үшін инсульт кезінде Stroke кодын тексеру парағын цифрландыру».

Аталған жобалар институт пен медициналық орталықтың ынтымақтастық меморандумы аясында өткен жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Мақсат —инсульт кезінде науқасқа цифрлық технологиялар арқылы шұғыл көмек көрсетудің сапасын жақсарту және медициналық инциденттерді тіркеу жүйесін жетілдіру.

Ақтөбе медициналық орталығымен 2018 жылдан бері ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Сол жылы орталық «S0S» бағдарламасын енгізді. Бұл бағдарлама аурухана ішінде науқасқа жедел көмеу көрсетуде дәрігерлер жұмысын үйлестіруге бағытталған. Жүйенің екінші кезеңі — аурухананың сыртқы процестерін үйлестіру. Бұл бойынша бірінші  жедел жәрдем бекетімен арадағы жұмысты цифрландыруға күш салынады. Осы бағыттағы пилоттық жобалар жарты жылда жақсы нәтиже көрсетті. Жобаның негізгі мақсатының бірі — медициналық орталық пен жедел жәрдем бекетінің жұмысын үйлестіру, жұмыс барысындағы ескірген әдістер мен технологияларды жаңарту. Бұл бағытта халықаралық  классификатор, яғни «Stroke»  код бар. Ақтөбе медициналық орталығы осы стандарттарды белсенді түрде қолданысқа енгізді. Яғни бұрын жедел жәрдем қызметкері науқасқа барған кезде қағаз толтырып уақыт жоғалтатын болса, жаңа әдіс бойынша толтыру парағы цифрлық түрде болады. Науқасты ауруханаға апарғанша ол туралы ақпарат электронды түрде дәрігерге алдын ала жетіп тұрады. Бұл әдіс тек бас қан айналымының жеткіліксізді, яғни инсульт ауруына қолданылады. Алдағы уақытта басқа ауруларға қатысты толтыру парағын цифрландыру жоспарда бар.

Екінші жоба —инциденттерді, яғни оқыс оқиғаларды тіркеу. Аурухананың ішінде көптеген оқыс оқиғалар болады. Мәселен, медбике препаратты шатастырып, науқасқа басқа дәрі егіп жіберу, немесе ота кезінде жарық өшіп қалуы мүмкін. Осындай оқыс оқиғаларды тіркеп, талдау өте маңызды. Себебі оқиғаның мән-жайын зерттеп, себебін анықтаған аурухана келесіде  бұндай жағдайды қайталамайды. Біз осы жобаны цифрлы түрде ауруханаға енгіздік. Өткен жылмен салыстырғанда оқыс оқиға екі есе көп тіркелді. Бұл жүйенің оңтайлы шешімге келгенін көрсетіп отыр. Себебі бұрын оқыс оқиғаларды қағазға жазып, жәшіктерге салатын. Ал бұл пилотты жоба бойынша барлық ақпарат анонимді түрде жиналды. Бұдан бөлек жазалау процесі алынып тасталады. Егер әрбір инцидентке қатысты адамдар жазаланатын болса, мұндай оқыс оқиғаны тіркемеуге тырысады. Ал оқыс оқиғаны тіркеу неге маңызды? Себебі оны тіркеп, зерттеген сайын, оның не үшін болғаны түпкілікті зерттеледі. Жоба кезінде медициналық қызметкерлер өзінің еркіндігін сезінді, олар ертеңіне оқиғаның өзіне таяқ болып тимейтінін түсінді. Оқыс оқиғаның нақты себебін білгенде,кейін қайталамауға тырысады.

Жалпы пилотты жобалар институт тарапынан инвестицияланып, тегін өткізілді, — деді «Адам қауіпсіздігі институты» ЖШС-ның жоба жетекшісі Нұртуған Мұхамедәлиев.

Жиында Ақтөбе медициналық оратылығының бас дәрігері Ерлан Сұлтангереев аталған жобалардың тиімділігін айтты. Сондай-ақ «Адам қауіпсіздігі» институты директоры Виктор Балбачан, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиев өз пікірін білдірді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button