Денсаулық

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе облысында 21 аурухана мен ауылдық амбулатория салынуда

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен жиын барысында өңірде денсаулық сақтау саласы қалай дамып жатқаны талқыланды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиев биылғы жылы 24 денсаулық сақтау нысанын, оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту»ұлттық жобасы аясында 21 нысанды салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Тағы 8 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Денсаулық сақтау басқармасы 22 медициналық ұйымға 3,2 млрд. теңгеге жабдық сатып алуды, 11 денсаулық сақтау нысанын жөндеуді көздейді, осы мақсаттарға 1,9 млрд.теңге бөлінген.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қарғалы қалалық ауруханасының жапсаржайы қайта жаңартылды, Жаңақоныстағы №4 қалалық емхана филиалының отбасылық денсаулық орталығына жапсаржай салынуда, Шалқар аудандық ауруханасы ғимаратының корпусы балаларды оңалту орталығы болып қайта жарақтандырылады.

Мұғалжар, Шалқар және Хромтау аудандарында 3 көпсалалы ауданаралық аурухана ашу жоспарлануда. Бұл жобалар республикалық бюджеттен қаржыландырылмақ.

2030 жылға дейін өңірде шамамен 97 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың қатарында Қарғалы және Құрайлы тұрғын алабында жылына 25000 қоңырау қабылдауға қауқарлы жедел медициналық көмектің  қосалқы станциялары, 100 орынға арналған көпсалалы облыстық балалар ауруханасы жанындағы инфекциялық бөлімшесі және Темір ауданының Шұбарқұдық аудандық ауруханасы бой көтереді.

Облыс әкімі денсаулық сақтау нысандарын жөндеу және салу барысын тексеруді тапсырды. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары мен пайдаланылатын материалдардың сапасына тиісті назар аударылып, нысандарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету қажет.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button