Басты жаңалықтарДенсаулықМереке

Ақтөбе медицинасы: жұмыс және жоспар

Соңғы жылдары облыстың  денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа деңгейге шықты.  Саланы жаңғырту және медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында заманауи  әдістер енгізілді. Нәтижесі облыс тұрғындарының денсаулығының жақсаруына және өмір сапасына оң әсер етті.Мемлекет тарапынан медицина саласына бағытталған қаржы көлемі де өсті. Мәселен, биыл облыстың денсаулық сақтау саласына 6,8 миллиард теңге бөлінген. Жалпы, биыл өңірде қандай жобалар жүзеге асырылады? Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиевпен сөйлескен едік.

Ғимараттар жөнделіп, құрылыс жүріп жатыр

Облыста 93 медициналық ұйым бар. Оның 39-ы мемлекеттік болса, 54-і — жекеменшік. Басқарма басшысының айтуынша, аталған салаға биыл республикалық бюджеттен 6,8 миллиард теңге бөлінген.

— Өңірге бөлінген қаражаттың 3,2 миллиард теңгесі медициналық құрал- жабдықтарды сатып алуға  жұмсалады. Оның ішінде қан қысымы, қатерлі ісік секілді ауруларды ерте сатысында анықтау үшін диагностика жасайтын аппараттар алу көзделіп отыр. Яғни 22 медициналық ұйымға 74 жабдық сатып алынады. Соның ішінде  Ақтөбе медициналық орталығына МРТ аппараты әкелінеді. Қазір құжаттары дайындалып жатыр.

Жалпы,мемлекет тарапынан осы салаға зор көңіл бөлініп жатыр. Мақсат — медициналық қызмет сапасын жақсарту, ана мен бала өлімінің көрсеткішін азайту. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары ана мен бала өлімі бойынша облысымыз республика бойынша алдыңғы орында тұр. Бұның әртүрлі себебі бар. Жүктілікті жоспарлау, аурудың алдын алу, дер кезінде есепке тұру, салауатты өмір салтын ұстану секілді мәселелерді  көп жағдайда аналар ескере бермейді. Бұның соңы денсаулыққа кері әсерін тигізіп жатады.

Биыл облыстық перинаталды орталықта «Біркүндік клиника» пилоттық жобасын іске қостық. Бұл да ана мен бала денсаулығын қорғау мақсатында қолға алынды. Аталған клиникада ұрық дамуының 10-шы аптасына дейін жүкті әйелдер скринингтен өтеді. Осы арқылы   жүктіліктің ерте кезеңінде ұрықтың жатырішілік патологиясын  уақытында анықтауға, ем жүргізуге болады. Әрине, бұндай қызмет түрі бұрын да болды. Бірақ бұл жоба аясында бәрі тез әрі оңтайландырылған, — деді Нұрбол Тымпиев.

Биыл облыстық балалар ауруханасының 524 терезесі ауыстырылып, төбесін жөндеу жоспарланып отыр. Ғимарат 2010 жылы пайдалануға берілген болатын. Ал келесі жылы аурухананың қабылдау бөлімі қайта жаңартылмақ. Бұдан бөлек 1,9 миллиард теңгеге 11 нысанға күрделі жөндеу жұмысы жүргізелді.

«Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында төрт  ғимараттың құрылысына жөндеу жүргізіледі. Бұл мақсатқа 406,5 миилион теңге қарастырылған.

Сондай-ақ биыл облыста «Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 21 медициналық бекет ашылады. Оның сегізі салынып болды. Мәселен, Байғанин ауданында медициналық бекеттің құрылысы аяқталып, іске қосылса, Әйтеке би ауданында құрылыс аяқталуға жақын. Сонымен бірге жергілікті бюджет есебінен №4 қалалық емхананың Жаңақоныс ауылындағы филиалының сауықтыру орталығы мен Шалқар аудандық ауруханасының екінші корпусы күрделі жөндеуден өтеді.Бұдан бөлек Қарғалы қалалық ауруханасының екінші, үшінші қабаты және  кіреберіс бөлігі қайта жаңартылды.

Ауданаралық аурухана ашылады

Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі — шалғайдағы елді мекен тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру. Басқарма басшысы биыл үш ауданды қамтитын аурухана ашу жоспарланып отырғанын айтты.

— Хромтау, Шалқар және Қандыағаш қалаларын қамтиын көпбейінді ауданаралық аурухана ашу жоспарда бар. Яғни бұл аудандық аурухана негізінде қайта құрылады. Қажетті компьютерлік томография, магнитті резонанстық томография және ангиограф секілді құрал-жабдықтарды алып келдік. Мамандарды  тарту бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр. Ауданаралық аурухана іске қосылған кезде шалғайдағы тұрғындар жоғары деңгейдегі медициналық көмекті алу үшін қалаға сабылмайды. Мәселен, Темір ауданының тұрғындары Қандыағашқа барады. Әрі Қандыағаш — тоғыз жолдың торабындағы қала. Жаманат болмасын, бірақ жол апаты болған жағдайда зардап шеккен адамдарды қалаға тасымай, қажетті көмектің бәрін Қандыағаштан көрсете беруге болады, — деді Нұрбол Тымпиев.

Алдағы уақытта өңірде жеке инвестициялар есебінен үш ірі құрылыс жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ақтөбеліктер үшін ядролық медицина және томотерапия орталығы қызмет етпек.

Ақтөбе қаласындағы ядролық медицина және томотерапия орталығы мен «Орхун Медикал» көпсалалы емханасының жалпы құны — 35 миллиард теңге. Инвестицияның басым бөлігі ядролық медицина орталығына бағытталады. Бұл орталық іске қосылған кезде өзіміздің өңірден бөлек, Атырау мен Маңғыстау облыстарының халқына медициналық көмек көрсететін болады.  Яғни негізгі мақсат — республиканың батыс өңірінің халқын қамти отырып, жоғары технологиялық әдістердің көмегімен онкологиялық, неврологиялық және кардиологиялық ауруларды кешенді радиодиагностикамен емдеу, — деді басқарма басшысы.

Ауылға барған маманға қолдау көп

Облыста маман тапшылығын жою үшін соңғы жылдары бірқатар жұмыс қолға алынды. Жастардың ауылға баруы үшін облыс әкімдігі тарапынан да  үлкен қолдау көрсетілді. Ауылға барған жас маманға баспана, мал беріліп, пайызсыз несие алуға да жағдай жасалып, көтерме ақы берілді. Соған қарамастан, аудандарда бұл мәселе әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Облыстың шалғай Ырғыз ауданында бірде-бір хирург, ал Шалқар ауданында кардиолог жоқ. Аудандардағы дәрігерлердің біліктілігіне қатысты айтылар шағым көп.

— Медициналық университет болса да, өңірде маман тапшылығы бар екенін жасырмаймыз. Мамыр айында Ырғызға хирургті Әйтеке би ауданынан жібердік.  Қазір бұл ауданға биылғы түлектердің ішінен маман жібереміз деген жоспар бар. Басшылыққа жаңадан келгеннен кейін әр сенбі, жексенбі аудандарды аралап жүрмін. Осы апта Шалқар ауданына жол жүремін. Дәрігерлермен тілдесіп, мәселелерді жан-жақты талқылаймыз. Шалқарда  маман тапшы екені рас. Жақында ауданға Ақтөбеден екі хирург жібердік.Жалпы, бас дәрігерлер  кадр даярлау, менеджмент жұмыстарына да көңіл бөлуі керек. Дәрігерлерді тартудың жолын қарастыру керек. Мәселен, Мұғалжарда 21 учаске  болса, соның сегізінде ғана дәрігер бар. Ал Хромтауда 28 учаскенің 14-інде ғана маман жұмыс істейді. Жас мамандар ауылдық жерлерге барғылары жоқ. Дегенмен оларды тартудың жолын қарастырып жатырмыз. Ауылға барған жас мамандарға көтермеақы, баспана беріледі. Ал сапаға келетін болсақ, дәрігер үнемі ізденісте болса ғана медициналық қызметті жоғары деңгейде көрсете алады. Осы бағытта да үлкен жоба, жоспарлар бар. Мамандардың біліктілігін арттыруға күш салынады. Алматы, Астана қалаларынан әр сала бойынша білікті мамандарды өңірге шақырып, шеберлік сағаттарын өткізу ойда бар. Дәрігерлерді  қыруар қаржы шығарып, шетелге немесе өзге қалаға жібергеннен гөрі тәжірибелі, білікті маманды өзімізге шақыртып, үйренген әлдеқайда  тиімді. Әрі бір емес, бірнеше дәрігерді оқыта аламыз, — деді Нұрбол Тымпиев.

Соңғы жылдары қала өсіп келеді. Жаңа аудандар қосылды. Мәселен, Есет батыр ауданы шағын қалаға айналды. Қазір бұл шағын аудан тұрғындары Қарғалы қалалық емханасына қаралады. Алайда бұл емдеу мекемесінің дәрігерлеріне шамадан тыс жұмыс жүктеп отыр. Басқарма басшысы алдағы уақытта осы аумақтан емхана салу жоспарда бар екенін айтты. Егер жоба жүзеге асса, тек Есет батыр шағын ауданы емес, Ақжар секілді сол аумақтағы аудан тұрғындары да көмек алады.

Биыл қалада емхана салу жоспарда жоқ. Жаңадан бой көтеріп жатқан аудан тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімді болуы үшін барлық мүмкіндік қарастырылып жатыр. Мәселен, Алтын орда шағын ауданында мемлекеттік тапсырыс негізінде төрт емхана жұмыс істейді. Бұларға 40 мыңдай тұрғын тіркелген. Жалпы, емханалар 80 мыңғажуық адамға қызмет көрсете алады, — деді Нұрбол Тымпиев.

Медицина мамандары негізгі қызметтерінен басқа, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға да  белсенді қатысады. Нұрбол Тымпиев осы бағытқа әлі де көңіл бөлу керектігін айтты.

—  «Ауырып ем іздегенше, ауырмайдың жолын ізде» деген дана халқымыз. Тұрғындар әлі де болса өз денсаулықтарына немқұрайды қарайды. Қазір жастардың арасында ішек-құрылыс, асқазан жарасы секілді ауру көп. Оның бәрі — дұрыс тамақтанбағанның кесірі. Энергетикалық, газдалған салқын суды өте көп ішеді. Қатарластарымның осындай сусындарды ішкенін көрсем, барынша зиянын түсіндіруге тырысамын. Әрине, ең бірінші денсаулық адамның өзіне керек. Сондықтан әр адам салауатты өмір салтын ұстануға тырысқаны жөн,— деді басқарма басшысы.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button