Спорт

«Ақтөбе» Шымкентте «Тұранды» тұқыртты

Премьер-Лига

«Тұран»-«Ақтөбе» — 0:1

1-2 маусым күндері 10-тур ойындары өтті. Бұған дейін Магомед Адиев Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерлігінен кетті. Әсіресе соңғы екі жеңілістен соң біздің құраманы бұдан әрі өрге сүйрей алмайтынын сезді ме, әлде басқа жағдайлар себеп болды ма, қалай болғанда да, біздің жігіттерге енді жаңа бапкер келетін болды. Ал ақтөбелік футболшы Максим Самородовқа «құда түсушілер» көбейіп кетті. Рас, олардың арасында әзірге Еуропаның үздік клубтары жоқ. Дегенмен Максимнің әлі жас ойыншы екенін ескерсек, ондай күн де келетініне күмәндануға болмайтын сияқты.

Ал өз чемпионатымыздағы кездесулерге келсек, сырт алаңда 1:2 есебімен жеңіске жеткен «Қайсардың» сенсациялық ұтысы жанкүйерлерді гу еткізді.

Бұл турда «Ақтөбе» сырт алаңда, Шымкентте «Тұран» командасымен кездесті.

«Тұран», әрине, фаворит емес. Дегенмен өздерінің мәліметінше, ақтөбеліктердің соңғы бес ойынын асықпай зерделеген түркістандықтар қатты қарсылық көрсетті. Небәрі үшінші минутта Максим Самородовтың соққысы қақпа діңгегіне тиіп кері серпілуі де оларды үркіте алмады. Обалына не керек, жерлестеріміз қарсыластар қақпасына қауіп төндірумен болды. 17-минутта Богдан Вэтэжелу айып алаңының оң бүйірден қауіпті соққы жасады. Хосе Севальостің соққысы қақпадан жоғары асып түсті. Максим берген тамаша пасты  Әлібек Қасым пайдалана алмады. Одан соң да Самородов пен Севальос жасаған шабуылды қарсыластар қақпашысы орта жолдан тоқтатты. Әрине, түркістандықтар да қарап қалмады. Расын айтқан жөн, олар қорғаныста да, шабуылда да бұл кездесуде жан аяған жоқ. Бірінші тайм осылайша алма-кезек шабуылдармен өтті.

Екінші тайм да осы бағытта дамыды. Тек ақтөбелік бас бапкер Дмитрий Парфенов алмастырулар жасаған соң ғана ойынға да, есепке де өзгеріс енді. Кездесудің 77-минутында Рамазан Оразов бұрыштамадан тепкен допты Арман Кеңесов қақпа жаққа қарай баспен бағыттап жібергені сол еді, сәл уақытқа ғана бақылаусыз қалған Жан Жайро атып шықты да, ол да баспен соғып қақпаны дәл көздеді, қақпашы ештеңе жасай алмай қапыда қалды — 0:1.

Осы есеп ойынның соңына дейін өзгерген жоқ. «Ақтөбе» турнир кестесіндегі көшбасшылықты бұл жолы да ешкімге бермеді.

«Тұран»-«Ақтөбе» — 0:1

Гол авторы: Жан Жайро,77-минут (0:1).

Ескерту қағазын алғандар: Давид Мавутор, 45+3 минут, Марко Николич, 69-минут, Александр Соколенко,​ 83-минут («Тұран»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий, қақпашы, Дмитрий Бессмертный, Әлібек Қасым, Габи Кики, Матео Барач, Богдан Вэтэжелу (Бағдат Қайыров, 76-минут), Леонель Струмия, Хосе Севальос (Ыдырыс Умаев, 55-минут), ​​​Бауыржан Байтана (Рамазан Оразов, 76-минут), Максим Самородов (Жан Жайро, 76-минут), Дорни Ромеро (Арман Кеңесов, 65-минут).

Бас бапкер — Дмитрий Парфенов.

2 маусым 2024 жыл.  Шымкент қаласы, Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадион.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Тобыл»-«Қайсар» — 1:2

«Ордабасы»-«Жетісу» — 3:1

«Қайрат»-«Шахтер» — 4:2

«Қызылжар»-«Елімай» — 1:1

«Жеңіс»-«Атырау» — 0:1

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 4;

Габи Кики, қорғаушы — 1;

Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 1;

Матео Барач, қорғаушы — 1;

Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1;

Хосе Севальюс, жартылай қорғаушы — 1;

Жан Жайро, жартылай қорғаушы — 1.

*   *   *

Жерлестеріміз 9 кездесу өткізіп, 5 рет жеңді, 3 рет тең ойнады, 1 рет жеңілді. Ұпай саны — 18. Доп айырмашылығы — 15-6.

*   *   *

Оныншы турдан соң турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:

Алғашқы екі орынға 18 ұпаймен екі команда шықты — «Ақтөбе», «Қайрат».

3-4 орында 16 ұпаймен «Ордабасы» және «Елімай» тұр.

5-6 орынға келгендер — «Жетісу (14 ұпай) мен «Атырау» (13 ұпай).

12 ұпайдан жинаған үш команда 7,8,9-орындарға жайғасты: «Астана», «Тобыл», «Қайсар».

10-орын иесі — «Қызылжар» (10 ұпай).

11,12,13-орындарда 7 ұпайдан жинаған үш команда қалды: «Тұран», «Шахтер», «Жеңіс».

*   *   *

11-тур ойындары:

15 маусым, сенбі

«Шахтер» — «Атырау»

«Тобыл» — «Қайрат»

«Қайсар» — «Тұран»

16 маусым, жексенбі

«Жетісу» — «Жеңіс»

«Астана — «Ордабасы»

«ЕЛІМАЙ» — «АҚТӨБЕ»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button