Тең ойынның нәтижесі — ұтылыс
Жолдастық кездесу
Армения-Қазақстан — 2:1
Ұлттар Лигасында өз тобында жеңімпаз атанып, Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарында ешкім күтпеген біраз жеңістерге жетіп, ақырғы тоғыспа кездесуге, ақтық екі ойынға кәдімгідей зор үмітпен келген кезімізде ұлттық құрамамыздың әуелі Грекиядан (0:5), одан соң Люксембургтан (1:2) ұтылуы жанкүйерлердің көңілін су сепкендей басып тастаған еді. Әсіресе 0:5 есебі тіпті түсініксіз болды.
Сол себепті Армениямен өтетін жолдастық кездесуде, Ереванда жеңіске жететінімізге аса көп ешкім сене де қойған жоқ-ты. Негізінен, ойын тең есеппен аяқталуы мүмкін деген болжамдар айтылып жатты.
Дегенмен олай болған жоқ. Гол қақпамызға 4-ші минутта еніп кетті. Айып алаңымызға Әлібек Қасымды басып оза ентелей енген Наир Тикнизян қақпа алдына көлденеңдете тастаған допты біздің Александр Марочкин қиып түсті. Қиып түскені бар болсын, доп зу етіп өз қақпамызға енді де кетті.
Әрине, бұндай оңай олжадан соң армяндар қанаттанып кетті. Шабуылдарын одан әрі жалғастырды, төтеп беру біздің жігіттерге оңайға соқпады. Қазақстан құрамасының алаңына доп жиі келіп жатты, бірнеше бұрыштама доптар соғылды. 15-минутта Эдуард Сперцян біздің екі қорғаушыны алдап өтіп, допты қақпаның алыс бұрышына дәлдеп тепті. Тек Игорь Шацкийдің шалт қимылы ғана қақпаны аман сақтап қалды. Қысқасы, жерлестеріміздің шабуылдары нәтиже әкелмеді. Айталық, Максим Самородов тепкен доп бірде қақпаның маңдайшасына тиіп, кері қайтса, тағы бір соққысы бағанның түбін жалап өтті, енді бірде армениялық қақпашы шеберлік көрсетті. Сондай-ақ Александр Марочкин жасаған соққы да қақпаның бағанына тиіп кері серпілді. Әйтеуір, осы ойында жерлестеріміз жасаған 15 шақты тәп-тәуір соққының бір де бірі қарсыластар қақпасына дарымай қойғанын бұл кездесуде сәттілік бізден аулақтау болғанымен түсіндіруге болатын шығар. Рас, сәттілік шеберлікке де байланысты.
Әрине, сырт алаңда ойнаған соң футболшыларымыздың екіұдай көңіл күйде болғандығында дау жоқ. Дегенмен Армения құрамасы біздің жігіттердің шамасы жетпейтіндей қуатты команда емес еді. Біздің кінәміз — шабуылшылардан көз жазып қалу болды. Мысалы, 58-минутта Ваан Бихачян өзіне тасталған пасты голға айналдырғанда оның қасында біздің қорғаушыларымыз болып жарытпады. Қорғаушыларымыз түгелдей қақпамызды қорғаштаудың әуресімен жүрді де, Ваан бақылаусыз қалып қойды. Ал футболда шабуылшылар сәл қателікті өз пайдасына шешіп кететінін ұмытпау керек еді. Мұндай қолайлы сәт біздің жігіттерімізге де бұйырмай қалған жоқ. Әттең, жерлестеріміз сондай мүмкіндіктерді пайдалана алмай қалды.
Жалпы алғанда футбол мамандарының пікірінше Қазақстан құрамасы жеңіліске ұшырамауына да болатын еді. Өйткені біздің жігіттер алаң иелерінен соншама кем ойнаған жоқ. Бұл ретте бас бапкердің міндетін атқарушы Руслан Балтиевті де айыпқа жығу қиын. Оның үстіне Қазақстан құрамасының жауапты сәтте сақалды қолдан беруі бұл ғана емес. Ал жаңадан тағайындалған бас бапкер Станислав Черчесовтің жолдастық кездесулерден басын ала қашқаны тым түсініксіз. Не болғанда да, бұл істі қолына алған соң ол құрама жеңіске жете алмайтынын білсе де, жетекшілік жасаудан шеттеп қалуға тиіс емес еді.
На болғанда да, құрамамыз жақсы ойын өрнегін көрсеткенімен, тағы да жеңіліп тынды.
Гол авторлары: Александр Марочкин, автогол, 4-минут (0:1); Ваан Бичахчян, 58-минут (0:2); Бауыржан Исламхан, пенальти, 90+6 минут (1:2).
Қазақстан төмендегідей құрамада ойнады: Игорь Шацкий, қақпашы, Ян Вороговский, Нұралы Әліп (Марат Быстров, 68-минут), Әлібек Қасым, Александр Марочкин, Еркін Тапалов (Михаил Габышев, 79-минут), Әділет Садыбеков, Асхат Тағыберген, капитан (Исламбек Қуат 68), Эльхан Астанов (Абат Айымбетов, 59-минут), Рамазан Оразов (Бауыржан Исламхан, 79-минут), Максим Самородов.
Бас бапкердің міндетін атқарушы: Руслан Балтиев.
7 маусым 2024 жыл. Ереван қаласы, Вазген Саргсян атындағы стадион.
Қазақстан келесі жолдастық кездесуді бүгін, 11 маусым күні бейтарап алаңда, Венгрияда Әзірбайжан ұлттық құрамасымен өткізеді.
Е.АХАТҰЛЫ.