Спорт

Жерлестеріміз жеңілсе де, жеңімпаз атанды

Қазақстан Кубогы

19 маусым, сәрсенбі күні Қазақстан кубогының жартылай финалының ойындары өтті.

Бұл сайыстың бұл кезеңіне төрт команда қалған еді: «Атырау», «Тобыл», «Елімай», «Ақтөбе».

Әрине, кез келген ойынның алдында белгілі спорт мамандарының пікірлерін сұрау қалыптасқан әдетке айналғалы қашан.

Міне, осы сайыстардың алдында да «Спорт кз» сайты Қазақстанның белгілі футбол маманы Алмас Құлшынбаевпен сөйлескен екен. «Осының алдындағы ойында қақпасына екі доп жіберіп алған «Елімай» оның орнын толтыра ала ма?» деген сауалға футбол маманы: «Екі доптың орнын толтыру «Елімайға» оңайға соқпайды. Егер бұл кездесуге «Ақтөбе» кенеттен тек жас футболшыларды ғана шығармаса. Бірақ олар бұның алдындағы кездесуге негізгі құрамды шығарып, екі доп айырмашылығымен жеңді ғой. Бұл бекерден-бекер емес. Меніңше, алаң иелері бұл айырмашылықты жоя алмайтын сияқты» деп жауап қатыпты. Одан әрі Еуропада біздегіден әлдеқайда көп кездесулер өткізілетінін, біздің де соған бейімделуіміз қажеттігін әңгімелепті.

Енді ойын барысына келейік.

Қазір жанкүйерлер мәселесінде «Елімайдың» да айы оңынан туып тұрғаны жиі айтылып жүр. Бұл жолы да солай болды. «Спартак» стадионын лық толтырған жанкүйерлер жергілікті команданы әбден қолдады. «Бұл трилогияның соңғы кездесуі», — деді телевизия комментаторы. Себебі соңғы күндерде екі команда осымен үшінші рет сайысқа түсіп отыр.

Кездесу басталысымен Максим Самородов көзге түсті. Әттең, ол жасаған соққы қақпадан қиыс ұшып кетті. Бұған іле-шала Роман Мұртазаев жауап қайтаруға тырысты. Бірақ оның қитұрқы соққысын біздің Игорь Шацкий шеберлікпен қайтарып үлгерді. Дегенмен 36-минутта қай кездегідей де Максим Самородов дегеніне жетті. Біздің жартылай қорғаушы Уче Агбоның дәл соққысын семейлік қақпашы кері қайтарғанмен, сол жерге жетіп келген Максим әуелей ұшқан допты баспен соғып қақпаға сіңіріп жіберді. Қақпашы еш айла жасай алмады — 0:1.

Екінші тайм және тайталаспен өтті. 50-минутта ортадан суырыла шыққан Максим Самородов тағы да қақпаны нысанаға алған. Бірақ бұл жолы қақпашы сұрмерген Максимнің соққысын өткізбеді. Ал 51-минутта Роман Мұртазаев біздің қақпаның алдындағы қарбаласты пайдаланып, гол соғып кетті. Бұған қақпашымыз Игорьдің допты ебедейсіздеу қайтарғаны себеп болды — 1:1.

Осы шамада, 59-минутта әлгінде ғана ескерту қағазын алған Габи Кики қарсыластардың шабуылшысын сұлатып түсірді де, айыпты болып қалды. Бас төреші қаратаулық Бағдат Абдуллаев футболшымызға «қызыл қағаз» көрсетіп, алаңнан қуып шықты.

Жан алып, жан беріскен мұндай ойында әр футболшының орны бөлек болатыны белгілі ғой. Осылайша командамыз абыр-сабыр болып жатқанда бұрынғы біздің ойыншымыз, биыл ғана «Елімайға» ауысқан Дмитрий Шомко тұтқиылдан гол соғып кетті. Әрине, Дмитрий бұрынғы әріптестерінен кешірім өтінуді ұмытқан жоқ, дегенмен есеп өзгерді — 2:1.

Тайталас бұдан соң да толастаған жоқ. «Елімай» және бір гол соққанымен ереже бұзылғандықтан есепке алынбады. Сол арада Игорь Шацкий тағы бір қауіпті соққының бетін қайтарды.

Осылайша «Ақтөбе» жеңілді. Бірақ екі кездесудің қорытындысы бойынша жерлестеріміздің басымдығы тіркелді. Енді финалда жерлестеріміз «Атырау» командасымен кездеседі. Атыраулықтар өз алаңында «Тобылды» 4:0 есебімен жеңген болатын. Ал бұл кездесу Ақтөбе қаласында өтетіндіктен биыл Қазақстан Кубогына ие боламыз деген сеніміміз зор.

Айтпақшы, ойыннан соң Максим Самородов: «Не деуге болады… Жеңгіміз келген. Бақытымызға қарай, жалпы есеп бізді қанағаттандырды. Финалға шықтық. Бізге қажеттісі де осы еді», — деді қысқаша.

«Елімай»-«Ақтөбе» — 2:1 (бірінші кездесу – 0:2)

Гол авторлары: Максим Самородов, 36-минут (0:1), Роман Муртазаев, 51-минут (1:1), Дмитрий Шомко, 59-минут (2:1).

Ескерту қағазын алғандар: Еркебұлан Нұрғалиев, 35-минут, Квентин Корнетт, 77-минут, Жан-Али Пайруз, 88-минут («Елімай»), Габи Кики, 52-минут, Бағдат Қайыров, 79-минут, ​Жан Жайро, 86-минут, Рамазан Оразов, 90+1 минут, Әділхан Таңжарықов, 90+2 минут («Ақтөбе»).

58-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Габи Кики алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Бағдат Қайыров (Дмитрий Бессмертный, 84-минут)​, Әлібек Қасым, Габи Кики, Матео Барач, Богдан Вэтэжелу (Әділхан Таңжарықов, 84-минут), Уче Агбо, Леонел Струмия, ​​​Бауыржан Байтана (Рамазан Оразов, 62-минут), Максим Самородов (​Жан Жайро, 84-минут), Дорни Ромеро (Арман Кеңесов, 75-минут).

Бас бапкер — Дмитрий Парфенов.

Семейлік бас бапкер Андрей Карпович алаңға мына футболшыларды шығарды: Денис Кавлинов (қақпашы), Дмитрий Шомко, ​Михаил Габышев, Дмитрий Яшин, Егор Сорокин, Реджис Родригес, Рожерио Шина, Квентин Корнетт (Жан-Али Пайруз, 88-минут), Еркебұлан Нұрғалиев (Юрий Перцух, 46-минут), Роман Муртазаев​, Сада Тиуб (Дмитрий Шмидт, 85-минут).

19 маусым 2024 жыл. Семей қаласы, «Спартак» стадионы.

*   *   *

Премьер-Лиганың мамыр айындағы көрсеткіштері бойынша Максим Самородов үздік шабуылшы болып танылды. Ол мамыр айында барлық ойындарға да қатысты, қазір 5 голмен турнир сұрмергендерінің көшін бастап келеді.

Ал үздік бапкер болып 49 жастағы Дмитрий Парфенов атанды. Ол басқаратын «Ақтөбе» мамыр айында ұтылған жоқ және қазір көш басында келеді.

 

Конференция Лигасы

«АҚТӨБЕ» БОСНИЯҒА БАРАДЫ

Қазақстандықтардың Конференция Лигасында ойнайтын қарсыластары белгілі болды.

«Ақтөбеге» Босния мен Герцеговинаның белгілі клубы тап келіп тұр.

Бізбен кездесетін «Сараево» — бес рет ел чемпионы болған, оған қоса жеті рет ел Кубогын жеңіп алған команда.

Сонау кезеңге жүгінсек, Босния мен Герцеговина Югославияның бөлшегі болып тұрған кезеңде (1967-1968) «Сараево» Еуропа чемпиондары кубогы сайысында 1/8 финалға дейін жетіп, «Манчестер Юнайтедтен» жеңіліп тоқтаған (1:2), ал 1982-1983 жылғы маусымда УЕФА Кубогы үшін жарыста тағы да 1/8 финалға шығып, «Андерлехт» командасынан оңбай ұтылған (2:6).

Ал соңғы жылдардағы нәтижелеріне келсек, Чемпиондар Лигасының үшінші іріктеу кезеңінде (2007-2009), Еуропа лигасының іріктеуінде төртінші кезеңде (2009-2010; 2014-2015) және Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде ойнағанын еске аламыз.

Дегенмен басым көпшілік  «Ақтөбенің» бұл командадан жеңілмеуге тиіс екендігін айтып жатыр. Мысалы, «Серый CARDINAL» телеграм арнасы: «Ақыр соңында «Ақтөбе» босниялық «Сараевоны» жеңуге тиіс. Басқашалай нұсқа болуы мүмкін емес» деп жазды.

Ал «Спорт кз» интернет-порталына берген сұхбатында қазақ футболының ардагері Юсуп Шадиев: «Мен үшін фаворит — қазақстандық команда. «Ақтөбенің» қазіргі қарқынына қарағанда бұлар босниялықтарды жеңуге тиіс. Қазақстан клубтарының ішінде ең оңай қарсылас ақтөбеліктерге тап болып отыр» депті.

«Transfermarkt.de» сайтының мәлімдемесіне қарағанда «Сараевоның» құрамы 8,4 миллион еуро құрайды екен. Ал «Ақтөбенің» бағасы — 10,08 миллион еуро.

Бірінші кездесу 11 шілдеде өз алаңымызда өтеді де, қарымта кездесу 18 шілдеде Босния мен Герцеговина жерінде өтпекші.

Жігіттерімізге сәттілік тілейміз.

Бұл додада біздің басқа командалар да ойнайтынын еске саламыз.

«Ордабасы» Молдованың «Петрокуб» командасымен сайысады.

«Тобылдың» қарсыласы — Словенияның «Ружомберек» командасы.

Додаға Конференция Лигасының екінші кезеңінде кірісетін «Астана» ойынын «Торпедо» (Беларусь)-«Милсами» (Молдова) жұбының жеңімпазымен кездесуден бастайды. Бұл команданың екеуі де астаналықтар үшін аса қауіпті қарсылас емес.

Қысқасы, биыл Еурокубоктардағы сайыстарда қазақстандық командалар жанкүйерлерді қуантып отыруға тиіс.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button