Спорт

Тағы да ұтылдық

Жолдастық кездесу

Әзірбайжан-Қазақстан — 3:2

Әзірбайжан құрамасымен кездесер алдында біраз болжам жасалды. Бұрынғы бірқатар футболшыларымыз екі құраманың күші тең екенін айтып жатты. Дегенмен Қазақстан жеңіске жетеді деген сенімді сөзді айтуға аса ешкімнің батылы жетпеді. Тек «Parimatch» букмекерлік кеңсесі ғана көпшіліктің тең ойыннан да, Қазақстанның жеңісінен де гөрі Әзірбайжанның ұтысы сенімдірек көрінетінін болжап жатқанын жеткізді. Ақыры осылардың айтқаны дұрысқа шықты.

Ойын Қазақстан үшін жап-жақсы басталған. 3-минутта Ян Вороговский алғашқы голды салып үлгерді. Ал 28-минутта Максим Самородов есепті ұлғайтты. Бұлай болатын жөні де бар еді. Осының алдындағы Армениямен өткен кездесуде осы екі футболшы ерекше көзге түскен. Бұл жолы да солай болды.

Әттең, біздің жігіттердің қауқары осы екі голға ғана жетті. Одан әрі жерлестеріміз уақытты бос жүріспен (мағынасыз жүгіріспен) өткізуге кірісті. Әзірбайжан құрамасы біздің қақпамызға 42,51,73-минуттарда үш гол салды.

Сөйтіп, тағы да ұтылдық. Бас бапкердің міндетін атқарушы Руслан Балтиев: «Кез келген ұтылыс бұдан әрі жылжуымызға негіз болады. Біз бұл жолы да қателіктерімізден зардап шектік. Жинақталуымыз керек» деген мағынада әңгіме айтты. Бұл не қылған жинақталу екені түсініксіз. Ұлттық құрамамыз, міне, қатарынан төрт кездесу бойына ұтылумен келеді. Мына ойында да солай болды. Айталық, Рамазан Оразов тура қақпа алдында тұрып допты далаға тепті. Сол Оразов тастаған пасты Абат Айымбетов те айдалаға жіберді. Ал әзірбайжан Турал Байрамов 30 шақты метр жерден біздің қақпаны дәл көздеді.

Жалпы, командамыздың орталық жүйесі мықтап сыр берді. Не қолайлы пас беріп жарытпады, не пасты ыңғайлы қабылдап келістірмеді, аяқтарындағы доптарынан айырылып қалып жатты. Адрессіз тебілген доп еш пайда әкелмейтінін түсінетін уақыт жеткен сияқты еді. Жоқ, жетпепті. Футболшыларымыз, әйтеуір, алдындағы допты әлдеқайда сырғытып жіберіп құтылуды ғана көздейтін сияқты.

Әрі-беріден соң ойыншылар өздерінің осы сапарларына халықтық салықтың есебінен қыруар қаржы төленіп жатқанын түсінбейтін сияқты, ешқандай нәтиже жоқ, жауапкершілік және жоқ. «Олай ғой, бұлай ғой» деп ақталудың да шегі болуы тиіс еді. Жаңадан келіп жатқан бас бапкер алдымен осы жауапкершілік мәселесін жолға қоюы керек сияқты. Ұлттық құрамаға жұмсалатын қаражат сауын сиырдың сүті емес екені ұғындырылуы қажет. Бұл жолы, мысалы, екінші таймда жасалған алмастырулар ұнжырғасы түскен командаға тіпті де жаңа серпін, жаңа өрнек қоса алмады.

Ақыры не болды? Қазақстан осы кездесуден соң ФИФА рейтингінде 109-орынға төмендеп, Мадагаскар, Гватемала, Кения, Намибия сияқты елдер алдымызға шығып кетті.

Мына түрімізбен алдағы қыркүйекте басталатын Ұлттар Лигасы ойындарынан не күтеміз? Ал біз «В» тобында Австрия, Норвегия, Словения құрамаларымен ойнауымыз керек.

Әзірбайжан-Қазақстан — 3:2

Гол авторлары: Ян Вороговский, 3-минут (0:1), Максим Самородов, 28-минут (0:2),

Махир Эмрели, 42-минут (1:2), Эмин Махмудов, пенальти, 51-минут (2:2), Торал Байрамов, 73-минут (3:2).

Қазақстан төмендегі құрамда ойнады: Александр Заруцкий (Данил Устименко, 46), қақпашылар, Ян Вороговский (Роман Асранқұлов, 64-минут), ​​Нұралы Әліп, Әлібек Қасым, Александр Марочкин, Марат Быстров (Михаил Габышев, 46-минут), Әділет Садыбеков (Исламбек Қуат, 46-минут), Асхат Тағыберген (капитан), Рамазан Оразов (Арман Кеңесов, 77-минут), Максим Самородов, Абат Айымбетов (Бауыржан Исламхан, 58-минут).

Бас бапкердің міндетін атқарушы — Руслан Балтиев.

11 маусым 2024 жыл. Венгрия, Сомбатхей қаласы, «Халадаш» стадионы.

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button