Диқандар үміті ақтала ма?
Аймақта жауын-шашынға қарамастан, егін егу науқаны қарқын алды.
Егіншілер астықтың мерзімінде шығуы үшін тұқымды уақытында салуға тырысады. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Райымбаев мынадай деректер келтіреді: бүгінде облыста ауыл шаруашылығымен айналысушылар 40 711 га жерге егін еккен. Оның ішінде 31 321 гектарбидай, 3150 гектар арпа, 1300 гектар күнбағыс, 2900 гектармақсары, 1700 гектарбір жылдық судан шөбі және 340 гектар сүрлемдік жүгері.
Әйтеке би ауданының шаруалары алғашқылардың бірі болып егіс науқанын бастады. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ақылбек Исатаевтың айтуынша, ауданда иелігінде жалпы аумағы миллион гектардан асатын жері бар495 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оның 75 878 гектары — егістік, 6 172 гектары — тыңайған жер, 1 315 гектары — шабындық алқап, 960 123 гектары — жайылымдық жер.
Шаруа қожалықтардан басқа ауданда жалпы аумағы 115 771 гектар жері бар тоғыз ауылшаруашылық өндірістік коперативі жұмыс істейді, оның 4 489 гектары — егістік, 533 гектары — шабындық алқап, 109 807 гектары — жайылымдық жер. Сондай-ақ ауданда 379 435 гектар алқапты пайдаланатын 24 ЖШС бар. Оның ішінде 126 519 га егістік, 4 580 га тыңайған жер, 3 431 га шабындық және 233 662 гажайылымдық.
— Қазіргі уақытта ауданның 96 343 гектар егістік жерінде ылғалды үнемдеу және 21 мың 772 гектарға егіс алдындағы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Тұқымнан және шаруашылыққа қажетті техникадан мәселе жоқ, жанармайды жеңілдетілген жолмен алу жағы да қамтамасыз етілген, — деп атап өтті бөлім басшысы.
Мемлекеттік қолдаудың шарапаты
Бұрынғы педагог, ал қазір «Ақ тілек» шаруа қожалығының басшысы, 51 жастағы Әнуар Шүменов Мұғалжар ауданы Ембі қаласында дүниеге келген. Екі баласы бар. Жұбайы мектепте жұмыс істейді. 2015 жылы Әнуардың қайын атасы оған Әйтеке би ауданындағы шаруа қожалығы ісін жалғастыруды өтінген. Сол себепті ол отбасымен бұрынғы Комсомол, қазіргі Т.Жүргенов атындағы ауылға көшті. Астықты аудандағы бұл шаруашылық шағын, иелігінде небәрі 2,3 мың гектар жері бар.
— Бізде жайылымдық және шабындық жерлер жоқ, барлық алқап егінге арналған, мал ұстамаймыз. Соңғы жылдары өзіміздің техникалық паркті құрып жатырмыз, несиелік серіктестік арқылы тракторлар, комбайндар, қажетті ауыл шаруашылығы агрегаттарын сатып аламыз. Несиелік серіктестікке миллион теңге көлемінде жарна салдық. Бұл 19 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік береді, — дейді шаруа қожалығының басшысы.
Кезінде ескі екі трактор, бір К-700, кеңес дәуіріндегі сепкішпен қалған шаруашылықты басқаруға келгенде Әнуар бірінші кезекте техникаларды жаңартуға кіріседі. Сөйтіп, несиеге су жаңа екі К-700, екі сепкіш, тырма мен тұқым тазартқыш сатып алады.
— Егер бізде төмен пайызбен несие алатын мемлекеттік көмек болмаса, осы күнге дейін шаруашылықты ұстап тұру мүмкін емес еді. Техника, қосалқы бөлшектер, тұқым алу өте қымбатқа шығады. Сондай-ақ жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай алуда да мемлекеттік қолдаудың шарапатын сезініп жатырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі егінді сақтандырудың жаңа бағдарламалары жұмыс істей бастағанын айтады. Біз сияқты диқандар үшін бұл да болса шаруашылықты ұстап тұруға көмектесетін бастама деп үміттенемін. Субсидиялаудың арқасында бізге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу оңайырақ, өйткені мемлекет оның құнының бес пайызын өтейді. Сонымен қатар тұқым мен гербицидтерді сатып алу шығындарымызды да өтемек, — деді Әнуар.
Демпинг және кеңестік дәуірдегі элеваторлар
Шаруа қожалығы өсімдік шаруашылығына маманданғандықтан, оның басшысы арпаны тек екі жүз гектарға жұмысшыларының қажеттіліктері үшін ғана себеді. Алқаптың негізгі бөлігіне бидай ғана егіледі.
Шаруашылықта астық сақтауға арналған қоймалар жоқ. Үшқатты ауылындағы элеватор ескірген. Оның қуаты астықты уақтылы кептіруге, алыс қашықтыққа, яғни Ақтөбеге апаруға жетпейді. Бұл — агроөнеркәсіп саласындағы шағын шаруашылық субъектілеріндегі басты проблемалардың бірі. Себебі олар әрбір теңгені үнемдеуге мәжбүр.
Орташа есеппен алғанда, «Ақ тілек» шаруашылығы гектарына 8-10 центнерден өнім алады. Алайда былтыр егіннің түсімі жоғары, гектарына 10-15 центнерден болды. Дегенмен оны жинау мүмкін болмады. Күзгі жаңбырдың салдарынан олар астықтың жартысын жинап үлгермеген.
— Өткен жылы астықтың бір бөлігін үшінші класс бойынша тоннасына 107 мың теңгеден тапсыруға мүмкіндік туды. Оның басым бөлігін бесінші класс ретінде тоннасына 48 мың теңгеден саттық. Бұған да шүкір. Өйткені егіннің 60 пайызы, яғни 800 гектардан астамы жаңбырда қалып, жарамсыз болып қалды. Жақында аудан орталығында кеңес заманынан қалған ескі комбайн боксын сатып алдық. Енді астықты сонда сақтайтын боламыз, — дейді шаруашылық иесі.
«Ақ тілекте» жыл сайын орта есеппен 1,5 мың тонна астық жиналады, 500-600 тоннасын қоймаларда сақтап, қалғанын сатуға шығарады. Алайда қазір диқандар үшін астықтың құнына ресейлік ауылшаруашылық өндірушілертарапынан демпинг жүргізу қатты әсер етеді. Себебі олар біздегі элеваторларды арзан бидаймен толтырып отыр.
— Бұл — үлкен мәселе. Егіс кезінде күзде астықты қандай бағаға сататынымызды білмейміз. Кадр мәселесі де өзекті. Шаруашылықта жеті адам жұмыс істейді, алайда тәжірибелі механизаторларымыздың жасы зейнеткерлікке жетті, — дейді Әнуар Шүменов.
Оның айуынша, қазір жастар заманауи ауылшаруашылық агрегаттарымен жұмыс істегісі келмейді немесе басқара алмайды. «Оларды ондаған миллион теңге тұратын техникаға қалай қызықтыруға болады? Осындай басқа да шешімін таппай тұрған мәселелер бар», — деді шаруа иесі.
Алайда «Ақ тілек» шаруа қожалығының басшысы қандай қиыншылықта да жүні жығылып, жігері жасыған емес.
—Біз бір орында тұрмаймыз, барлық техниканы жаңарттық, өз астық қоймаларымызды салып жатырмыз. Кадрмәселесін де шешеміз деп үміттенемін, — дейді олзор сеніммен.
Санат РАШ,
Әйтеке би ауданы.