Ауыл

Біздің күшіміз — бірлікте!

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшелері Ырғыз ауданында болып, су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың тұрмыс-тіршілігіне қолдау жасау мақсатында 40 тоннадан астам гуманитарлық жүкті тапсырды.

Қолдау қуат береді

Облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева басқарып келген топ құрамындаҰлттық комиссия мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай, еңбек және кәсіподақ құқығы саласындағы сарапшы, «Academy of labour relations» бас директоры Бибігүл Ағыбаева, «Рухани қазына» қоғамдық қорының жетекшісі Гаухар Тасбергенова болды. Оларға облыс әкімі жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Маржан Қорғанбаева, облыстық мәслихаттың депутаттары қосылды.

Ұлттық комиссия мүшелері бұл күндері еліміздің су тасқынынан зардап шеккен барлық аймақтарында жүр. Олардың мақсаты—қиындықта қалған мекендердің тұрғындарымен кездесу.

—Ырғыз жеріндегі кездесуіміз аналардың мәртебесін көтеруге арналған және отбасылық институтты нығайту мақсатын көздейтін Аналар күнімен сәйкес келуі үйлесім белгісі іспетті. Бүгінде бірқатар аналар қызғыштай қорып отырған туған шаңырақтарына қатер төніп, қиындықтарға душар болуда. Біздің мақсатымыз — олардың көңілдеріндегі кіреукені кетіріп, жандарына жеңілдік, жүздеріне шуақ сыйлау.

Біз құр қол келген жоқпыз, Қызылорда облысы тұрғындары жинаған гуманитарлық көмекті сіздерге алып келіп отырмыз. Бұл — 40 тоннадан астам тұрмысқа қажетті заттар, азық-түлік. Бұдан басқа ырғыздықтарды толғандырған мәселелер, өтініштерді де тыңдағымыз келеді, біз олардың барлығын ҚР Президенті жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаеваға тікелей жеткіземіз. Ақтөбе облысына да осындай арнайы тапсырмамен келгенімізді атап айтқымыз келеді, — деді ҚР жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, «Рухани қазына» қоғамдық қорының жетекшісі Гаухар Тасбергенова.

Сол күндердің көрінісі

Тасқынды су бұл өңірге 24 наурыздың таңы сібірлеп атып келе жатқанда лап берді. Өз арнасынан асып-тасыған Ырғыз өзені санаулы сағаттарда қалыпты деңгейінен көтерілді, бұл қауіпті ауданның Құмтоғай селолық округіне қарасты Қарасай ауылы тұрғындары бірінші болып сезінді. Ауылдың төменгі жағында орналасқан үш үй толығымен дерлік су астында қалды. Аз уақыттың ішінде электр бағаналарының құлауы салдарынан желілер үзіліп, бүкіл ауыл жарықсыз қалды.

Қызылжар селолық округіне қарасты Жаныс би ауылының тұрғындары бөгетті су шайып кетуі салдарынан бірнеше күн бойы қорқыныш пен үрей құшағында болды. Ырғыз селолық округіне қарасты Ақши ауылына да қауіп-қатер төнген еді, бірақ құтқарушылар мен еріктілер жергілікті бөгетті бекіту үшін дер кезінде техника мен барлық күшті жұмылдырып, оның бетін қайтарып үлгерді.

Өзен жағасында орналасқан аудан орталығы — Ырғыз селосындағы тұрғын үйлерге де су басып кіруі мүмкін еді, мұнда да адамдардың күш біріктіріп, қолдағы техниканы тиімді пайдаланып, тәулік бойы тынбастан жұмыс істеуі тұрғындарды судан құтқарды.

Шеңбертал ауылында орналасқан гидробекеттің қадағалаушылары анықтағандай, тасқын салдарынан ауылдарды басқан судың ең жоғары деңгейі 4,86 метрге жеткен.

Нұра селолық округіне қарасты үш ауылдың тұрғындары апат салдарынан көбірек зардап шекті. Бұл жерлерде Нұра, Мамыр, Белшер ауылдарындағы үйлерді аз ғана уақыт ішінде су басып кеткен. Олардың ішінде Нұрада судың биіктігі 2-3 метрге жеткен.

Нұра селолық округіндегі Нұра, Мамыр, Белшер елді мекендерінен тұрғындарды көшіру жұмыстары 11 сәуірде басталған. Адамдарды құтқару үшін төтенше жағдай тікұшақтары барған.

Аталған үш ауылдан және басқа селолардан 1000-нан астам адам көшірілді, оның 194-і — ер адамдар, 319-ы әйелдер және 535 бала бар.

Апатты жағдай болған алғашқы сағаттарда аудан орталығында адамдарды қабылдайтын 5 эвакуациялық пункт жабдықталған, оның төртеуі орта мектепте, біреуі спорт кешені ғимаратында орналасқан. Зардап шеккен адамдарға үш мезгіл тамақ ұйымдастырылып, уақытша мекенжайлар қажетті тазалық құралдарымен,  дәрі-дәрмектермен, тұрмыстық заттармен қамтамасыз етілді.

Эвакуациялық пункттерге орналастырылған 1048 адамның 684-і тума-туыстарының үйлерінде тұрып жатыр, ал қалған адамдардың көпшілігі — Нұра селолық округіне қарасты үш ауылдың тұрғындары. Олардың бұрынғы тұрғын үйлері енді пайдалануға жарамайтыны белгілі болды. Сондықтан да олардың ендігі тағдырын анықтау және оңтайлы шешім табу үшін кездесу барысында мәселелер жан-жақты қарастырылды.

Жаңа тіршіліктің бастауы

Ырғыз ауданының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарымен кездесу аудандық әкімдіктің конференц-залында өтті.

—Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін үш ай ішінде жаңа үйлер салынатынына сіздерді сендіргім келеді. Өкінішке қарай, сіздер бұрынғы мекенжайларыңызға орала алмайсыздар. Оның жағдайы өздеріңізге де белгілі. Нұра ауылынан он бес шақырым жердегі жаңа мекенде тыңнан ауыл бой көтереді, тұрғын үйлер салынып, қажетті инфрақұрылымдар жүргізіледі, мектеп, дәрігерлік амбулатория, балабақша пайдалануға беріледі, —деді ауыл тұрғындарына жоғарыдан келген өкілдерді таныстырған Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов.

Өкілдер де халықпен ашық әңгімеге кірісті. Олар қандай да мәселені қағыс қалдырмай, назарда ұстайтынын, жоғары билік органдарына жеткізетінін айтты.

—Бұл — үлкен қасірет, біз мұнда құр сөзбен ғана демеу жасау үшін келген жоқпыз. Біздің міндетіміз —сіздерді мұқият тыңдап, елдегі жағдайды нақты білу, оларды назарға алып, зардап шеккен өңірлердің тұрғындарын толғандыратын мәселелерге қатысты нақты шешімдер қабылдау және бірде- бір проблеманың қадағалаусыз қалмауы үшін басшылық тарапына жеткізу. Бұдан басқа сіздерге Қызылорда облысы тұрғындары жинаған гуманитарлық көмекті өз қолымызбен жеткізуге шешім қабылдадық, сондай-ақ ауыл тұрғындары нақ қазіргі сәтте неге қардар екенін анықтап, қажетті жағдай жасау үшін қолдан келген шараларды жүзеге асырғымыз келеді, — деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай

ҚР Президенті жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшелерінің келуімен бір мезетте Ырғызға Қызылорда облысынан гуманитарлық көмек те жетіп үлгерді. 40 тоннадан астам заттар мен азық-түлік тиелген үлкен көлік гуманитарлық жүктерді қабылдау қоймасына лайықтап жабдықталған эвакуациялық пункттің қазір бос тұрған ғимараты алдына тоқтады.

Жүкті жеткізуші Қызылорда облысы волонтерлік қозғалысының жетекшісі Мұратбек Серікбайұлы жаңа тіршіліктің бастауы ретінде ырымдап, аудан әкімінің қолына қолөнер шеберлері жасаған бесікті салтанатты түрде табыс етті.

—Бұл ырымдап жасалған сыйлық Қызылорда облысы әкіміжанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшелері бастамасымен жасалып, ырғыздық аналар құрметіне ұсынылып отыр. Бұл бесік ешқашан да бос тұрмасын және әр жыл сайын Ырғыз өңірінде дүние есігін ашатын нәрестелер молая берсін!

Біз кезкелген қиындыққа бірігіп қарсы тұра аламыз, өйткені біздің күшіміз — бірлікте! — деді Нәзипа Шанай.

Санат РӘШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button