АуылБасты жаңалықтар

Биылғы меже қандай?

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Ақтөбе ауыл шаруашылығы саласына ерекше басымдық беретін өңір екені белгілі. Көктем мезгілінің соңы мен жаздағы бірнеше ай — егін егу науқаны келесі жылға дейінгі қорды қамтып, ұн бағасының аужайын да бағамдайтыны хақ. Диқандар осы уақытта өндіре еңбек етіп, бар күш-жігерін салады.

Биылғы егін егу науқаны қалай жүргізіліп жатыр? Қамбаны толтыруға әзірлік қалай?Шаруаларға мемлекеттен қанша субсидия бөлінді? Жалпы, ауыл шаруашылығына қатысты бағдарламалардың атқарылу деңгейін сала мамандарынан білген едік…

Егіс науқаны: техникалар жұмылдырылды, жанармай толық

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы егіншілік және тұқым шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаевтың айтуынша, осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жазғы егіс жұмыстарын 601,2 мың гектар алқапта жүргізу жоспарланып отыр. Атап айтсақ, дәнді дақылдар — 432,8 мың гектарға, майлы дақылдар —62,2 мың гектарға, мал азығы дақылдары —94,9 мың гектарға, картоп 6,1 мың гектарға және көкөністер 5,2 мың гектар жерге егіледі деп жоспарланып отыр.

— Егіс алқабының 71,9 пайызы дәнді дақылдар, 15,8 пайызымал азығы дақылдары, 10,3 пайызы майлы дақылдар, сондай-ақ 1 пайызы картоп және1 пайызыбақша дақылдары.Бұл жерлерге тұқым егу жұмыстары облыс бойынша сәуір айының аяғы-мамыр айынан басынан қарқын алды.

Бүгінге дейін 402,6 мың гектар жерге(жоспарланған жазғы егіс алаңының 67,0 пайыз) дән себілді. Соның ішінде 314,8 мың гектар дәнді дақылдар,  45,8 мың гектар майлы дақылдар, 39,3 мың гектар мал азығы, 2,7 мың гектар картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілді.

Шаруашылық құрылымдары егін егудің агротехникалық мерзімінің шектеулі екенін жақсы түсінеді. Сондықтан егіс жұмыстарының қарқыны артып, тәулігіне орташа есеппен 25-30 мың гектарға дейін егіліп жатыр.

Ауа райы қолайлы болса, егіс жұмыстарын 4-5 маусымға дейін аяқтау жоспарда бар. Осы орайда көктемгі далалық жұмыстарын жүргізу үшін қажетті 7,2 мың тонна дизель отыны бөлінгенін айта кеткен ләзім. Дизель отынын шаруашылықтарға жіберуші операторлар — «АЗС-лидер» және «Батыс жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Шаруашылықтарға дизель отынын жіберу бағасы 1 литріне —249 теңге, бұл нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан. Дизель отынын алу жұмыстары әлі жалғасып жатыр, — дейді егіншілік және тұқым шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаев.

Одан білгеніміздей, көктемгі далалық жұмыстарына 1,6 мың трактор, 100-ден аса егіс кешені, 1,3 мың тұқым сепкіш мен 1,6 мың жер өндейтін техникалар жұмылдырылыпты.

Шаруаларды қолдау қандай?

Биыл «Кең дала» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы егіс науқанын жүргізуге жылдық 5 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 2,3 миллиард теңге несие қаражаты бөлінді.Қазіргі таңда 2 миллиард теңгеге өтінімдер қабылданып, мақұлданған. Өтінімдер қабылданып жатыр.

Бұдан басқа өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 1,1миллиард теңгеқарастырылған. Субсидиялау бағдарламалары бойынша өтінім қабылдау жұмыстары енді басталыпты.

Мұнымен бірге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын несиелендіруге қосымша 11,55 миллиард теңге бөлінді. Аталған қарызайналым капиталын толықтыруға, минералды тыңайтқыштар, дизель отынын, ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін алуға, басқа да қажеттіліктерге беріледі.«Кепілдікке қою үшін 15 пайызы шаруашылық есебінен, қалған 85 пайызы «Даму» акционерлік қоғамы арқылы алынатынын ескерте кеткен жөн», — дейді агрономН.Райымбаев.

Берері мол бағдарлама

2022 жылы өз бастауын алған «Ауыл аманаты» жобасы да, аты айтып тұрғандай,  Ақтөбедегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, елді мекендердегі шаруалардың ісін ілгерілетуге арналған. Атап айтқанда, құс шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, қайта өңдеу және шағын бизнес ашу бағыттарына басымдық берілетін бағдарламаның қазірдің өзінде нәтижесі көңіл қуантарлық. Өткен жылдың қорытындысы бойынша барлығы 6,8 миллиард теңгенің 1511 жобасына несие берілген.

— Несиелеу нәтижелеріне келетін болсақ, құс шаруашылығында 538 жоба іске асырылып, 219 мың құс сатып алынды, 676,4 тонна ет, 482 мың жұмыртқа алынды.

Өсімдік шаруашылығында — 237 жоба.  73,9 гектар жерден 1404 тонна картоп, 135,9 гектар жерден 2370 тонна көкөніс өнімдері алынды және 12 мың шаршы метрге 93 жылыжай салынды.

Қайта өңдеу саласында 304 жоба іске асты, соның ішінде 132 сүт өңдеу, 65 ет өңдеу,107 наубайхана және кондитер өнімдері.

Шағын бизнес бағытында 432 жоба: 53 тігін, 81 монша, 64 көлік жөндеу, 7 балық шаруашылығы және ауылға қажетті 227 бизнестің өзге де түрлері қамтылды.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жаңа 1210 жұмыс орны ашылып, бұның шарапатына 32 атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы ие болды, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы шағын несиелеу бөлімінің басшысы Бағдат Қожамұрат.

Басқарманың аталған бағдарламаға қатысты биылғы жоспары да бірталай. Сәуір айындағы жағдай бойынша 3,8 миллиард теңгеге 598 жобаның құжаттары мақұлданып, осы уақытта 2,6 миллиард теңгеге 408 жобаға несие беріліп үлгерген.

Несиелеу барысында осы жолы да басымдық құс, өсімдік шаруашылықтары, қайта өңдеу және шағын бизнесті жүзеге асыруға берілген. Бүгінгі таңда қосымша мал шаруашылығы қаржыландыру жүзеге асырылуда.

Мал шаруашылығы бойынша 1462,9 миллион теңгеге — 222 жоба, құс шаруашылығы бойынша 117,2 миллион теңгеге —22 жоба, өсімдік шаруашылығына 112,9 миллион теңгеге —8 жоба, шағын бизнестің өзге  түрлерінен 936,6 миллион теңгеге 156 жоба оң бағасын алды. Сонымен қатар аудан әкімдіктері тарапынан 9,2 миллиард теңгеге 1725 жобаны жүзеге асыру бойынша жоспар әзірленіп отыр. Атап айтсам, Алға ауданында —156 жоба, Әйтеке би ауданында —95 жоба, Байғанин ауданында —108 жоба, Қарғалы ауданында —292 жоба, Қобда ауданында —105 жоба, Мәртөк ауданында —287 жоба, Мұғалжар ауданында —160 жоба, Ойыл ауданында —99 жоба, Темір ауданында —85 жоба, Хромтау ауданында—132 жоба, Шалқар ауданында—154 жоба, Ырғыз ауданында 52 жоба. Осы көрсеткіштерге мән берсек, бұл бойынша Қарғалы ауданының көш бастап тұрғанын айтуға болады.

Ең бастысы, биылғы жоспар сәтті орындалса, нәтижесінде 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жаңадан 1471 кәсіпкерді тіркеледі деп жоспарланып отыр, — дейді сала маманы.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button