Ауыл

Алақозыны қимаған ана

Еңбек адамы

Ауылдағы күйбің тiрлiктен қолы босамайтын нәзік жандардың арасында әулет ошағын сақтап қалудың үйлесімді үлгісін көрсетіп отырғандар бар. Осындай табандылықты орта жасынан отбасы аманатын арқалаған Алақозы ауылының тұрғыны Сұлушаш Қазиқызының бойынан кездестіре аламыз.

Сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда іргесі сөгіліп, тұрғылықты халқы жаппай көшкен елдімекендер сапында Алақозы ауылы да бар. Төрт түлікке өрісі шұрайлы бұл мекеннің бауырайында ілгеріде «Сарыбұлақ» кеңшарының №4 фермасына тиесілі 1 600 жылқы, 150 сиыр, 11 000 қой жайылған екен. Ферма орталығы болып саналған Алақозыда кезінде 60 қаралы үйі, 1 негізгі мектебі, дүкені, моншасы тұрақты жұмыс істепті. Ырысы мен ынтымағы жарасқан құм бойындағы осы аядай ауылдың ізінде қазір сегіз ғана түтін бар. Саусақпен санарлық бұл үйлердегі тұрғындардың да бірқатары— шаруашылық барысымен қаладан ауылға кейіннен келіп қоныстанғандар. Тұрғындар санының аздығына байланысты өткен жылы ауыл мәртебесінен айырылған Алақозы табаны бүгінде Есет Көтібарұлы ауылдық округі аумағына қарасты әкімшілік жер болып саналады. Қойнауы малға жайлы осы ауыл маңындаТүйебай, Мәзім, Алақозы, Балақозы, Дамбар сынды көкке ұмтылған биік қырлар бар. Бұндағы шаруа ағайын ара-тұра өркениеттің сатысындай болған осы биіктерге шығып, ұялы телефондарына жан бітіріп, қаламен, даламен байланысқа шығады.

— Дүние есігін ашып, есейген жерім осы — Алақозы топырағы. 1985 жылы осы мекенде үлкен әулетке келін болып түстім. Отағасым Юсуп Арыстанұлы екеуміз өмірге екі ұл, бір қыз бала әкелдік, ата-ана ретінде бірігіп алға қойған жоспарларымыз да көп еді. Алайда адам баласының дегені бола береме, 2006 жылы өмірлік серігім бақилық болды. Ол кезде мен 41 жаста едім, аяққа тұрмаған үш баланы жетілдірудің салмағы өзіме түсті. Алақозыдан көшкен ауылдастарыма, олардың қатарындағы өзімнің бірге туған бауырларыма қарап түрлі ойға шомған сәттерім де болды. Бірақ жаныма демеу болар азаматым болмағасын балаларымның ертеңін ойлап, туған жерімдегі жылы орнымды суытқым келмеді,—дейді ол.

«Елде болсаң, ерінге тиеді» демекші, кейіпкеріміз бүгінде туған топырағында отырып,  ата кәсіпті өрлетіп отыр. Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты «Сапарғали» шаруа қожалығына 2019 жылдан бастап Сұлушаш Пұсырманова төрағалық етеді. Төрт түлік санын жыл сайын арттырып келе жатқан шаруашылық  2020 жылы мемлекеттің «Алтын асық» бағдарламасымен 3 миллион 600 мың теңге несие алып, 160 бас қой алған. Бүгінде қожалықта 500-ге жуық шопан ата төлі бар. Қожалық малы қыста Борсық құмының ішіндегі «Ғаббас» қыстағын қыстап, көктем шыға Жарықкөл жерінде сақмандап, жазда Ажырықты жайлауын жайлайды.  Шаруашылық жұмысын ортаншы баласы Қанат пен келіні Аршат үйлестіреді.

— Мал бағудың қиындығын ауылда тұрғасын бір кісідей білеміз. Бейнеті бөлек болса да қораңды малсыз тағы да елестете алмайсың. Менің әке-шешем де, келін болып түскен өз жұртым да мал шаруашылығынан алыс болған жоқ. Жастайымыздан осы ауылдағы қайнаған еңбектің ортасында жүріп, ширадық. Кезінде Меңді Оразов, Өмірзақ Жұмабаев сынды алды кең жайлау жақсы ағалар осы фермаға меңгерушілік еткен. Одан бері қаншама жылдар жылжыды, айлар ауысты, заман талабы өзгерді. Десек те қазір де мал өсіремін дегенгеҮкіметтен қолдау бар, мәселе сол төрт түлігіңнің бейнетіне төзіп бағуда болып тұр. Меніңше, мал иесінің өзі шаруашылық басында өзі жүргені жақсы. Осы ұстанымды ұлыма да жиі айтамын, өзімде  оған ылғи қолдау білдіріп жанында жүремін,— дейді қожалық иесі.

Атакәсіпке ден қойған Сұлушаш апаның еңбегі де ескерусіз қалған емес. Өлкеміздің іскер әйелдерінің басы қосылатын мерейлі кездесулерде оның есімі жиі аталады. Өткен жылы «Еңбегі жанған арулар» атты әйелдер қауымына арналған салтанатты іс-шарада аудан әкімі Жанболат Жидехановтың арнайы марапатын иеленсе, биыл облыс әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хатын алған.

Балаларын аяқтандырып, немерелерінің қызығына кенеліп отырған Сұлушаш Қазиқызы Алақозыдан алысқа кеткісі келмейді. Бір бүйірде бұйығы жатқан туған мекенінен береке көзін тапқан ана «еліміздің алтын тамыры болған шалғайдағы ауылдардың шамы ешқашан сөнбесе екен» деген тілегін айтады.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button