Жаңалықтар

34 отбасының қуанышы

Баспана

Жаңа жыл қарсаңында Ақтөбе қаласының бір топ тұрғыны баспаналы болды. Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет тұрғындарға пәтер кілтін тапсырды.

Баспана кезегінде тұрған азаматтардың  мәселесін шешу мақсатында қалада тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек  553 пәтер сатып алынды. Бұл — кезекте тұрған мұқтаж азаматтардың мәселесін шешу үшін қабылданып жатқан іс-шаралардың бірі. Қаланың Матросов көшесінің бойындағы бес қабатты үйден 34 пәтер сатып алынды. Бұл пәтерлер жетім бала, мүгедек жан және көпбалалы отбасы категориясы бойынша кезекте тұрған азаматтарға беріліп жатыр.

— Біз баспана кезегінде тұрған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуді жалғастыра береміз. Бұл мемлекетіміздің қолдауының арқасында жүзеге асып жатыр. Жаңа пәтеріңіз берекеге толы болсын! —  деді қала әкімі.

Жаңа пәтерге ие болғандардың бірі — Сейітжан мен Айсәуле. Жас отбасы енді пәтер жағалап жүрмейтіндеріне қуанышты. Бес жыл бұрын шаңырақ көтерген жастардың бір баласы бар.

— 2009 жылы кезекке тұрып, 15 жыл күткен үйіміздің кілтін алып қуанып жатырмыз. Екі бөлмелі баспана бергеніне өте ризамыз. Енді пәтер жағалап жүрмейміз, — деді Сейітжан Әмірешов.

Ал Айсәуле болса үйдің интерьері  қалай болатынына дейін жоспарлап қойыпты. «Әуелі асүйдің жиһазына тапсырыс берем. Содан кейін қоныстойын тойлаймыз», — дейді.

Қалада тұрғын үй кезегінде 28 мың адам тұр. Бұл мәселе тұрғын үй салу және қаланың әр бөлігінде салынған үйлерден дайын пәтерлерді сатып алу жолымен шешіліп жатыр. Жалпы, баспана  6 санат бойынша кезекте тұрғандарға беріледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button