Редакциядағы жаңа жыл
Құрамында облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналы бар «Ақтөбе Медиа» ЖШС жылды қорытындылады.
Салтанатты жиында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин жыл бойы атқарылған жұмыстарға шолу жасап, биыл облыс баспасөзінің қара шаңырағы — «Ақтөбе» газетінің жүзжылдық тойы өз деңгейінде аталып өткенін айтты:
— Ғасырлық шежіресі бар облыстық «Ақтөбе» газеті — республикадағы байырғы әрі танымал басылымдардың бірі. Бұл газеттің тамырлы тарихы, жемісті жолы, игерген белестері бар. Газеттің 100 жылдығына байланысты ардагерлеріміз бен қызметкерлеріміз түрлі марапатқа ие болды. Мерейтойға орай «Ақтөбе: Жүз жыл жылнамасы» кітабы мен арнайы журнал да шығардық.
Біз оқырмандарымызға ризамыз. «Оқырманын тапқан газет өміршең болады» демекші, ұзақ жылдан бері газетке жазылатын тұрақты оқырмандарымызға сый-сияпат көрсеттік. Келер жылы да арадағы байланысты одан сайын нығайтуға күш саламыз, — деді.
Серіктестік басшысы ардагерлер Ертай Ашықбаев, Жанғабыл Қабақбаев, Жақсылық Айжанов, Нұрмұханбет Дияровқа жоғарыда аталған кітап пен газеттің жүзжылдығына арнайы шығарылған төсбелгіні табыстап, бір топ қызметкерге кәсіподақ атынан сый-сияпат көрсетті.
Соңында қос газет қызметкерлері Айбек Тасқалиев, Азамат Жалмағанбетов, Жұлдыз Мәтжан, Гүлмара Айназарова, Светлана Мельник әннен шашу шашса, Данагүл Қазихан өлең оқыды. Облыстық филармония әншісі Нұржан Қаражанов кештің көркін қыздыра түсті. Сыйлық толы дорбасын арқалай келген Аязата мен Ақшақар (әріптестеріміз Талғат Тілеулесов, Айдана Алтыбаева)жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Өз тілшіміз.