Жаңалықтар

Ата ұлағаты, әже тәрбиесі

Форум

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде «Аялы әже» облыстық форумы өтті.

Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған форумғаоблыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов, өңірдің әжелер кеңесінің өкілдері, облыстық және қалалық мәслихаттар депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері, «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі, ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері, іскер әйелдер одағы мен Жазушылар одағының өкілдері, мәдениет және білім қызметкерлері мен жастар қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан ата мен әже институтының рөлі туралы айтты:

— Еліміздің рухани астанасы Түркістаннан бастау алған осы форум біздің өңірде өтеді дегеннен бастап көңілім әрі-сәрі боп жүрді. Себебі немеренің тұңғышы болғасын, әжемнің тәрбиесінде өскен бала едім. Әжемнің етегінен ұстап, әлдиі мен ертегісін тыңдап өстім.

Бұл іс-шараның мақсаты — әжелер мектебі, әжелер институтын дамыта түсу. Шын мәнінде әже тәрбиесін көрген бала ұлтжанды, бауырмал, мейірімді болып өседі. Сіздердің әрқайсысыңыз жаңа заманның жас ұрпағын тәрбиелеп отырсыздар. Қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиеcі мен ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін асыл әжелердің орны әрқашан ерекше. «Қарты бар үйдің —  қазынасы бар» дегендей, ата мен әже — ел тұлғаларын өсіретін ұлттық мектеп.

Әжелер форумы — бір күндік іс-шара емес, ұзақ мерзімді қамтитын қазақ ұлтының салт-дәстүрін насихаттайтын стратегиялық жоба, — деді Жолдас Батырхан.

Түркістаннан бастау алған тағылымды іс-шара еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылып келеді. Ақтөбе өңірі бұл эстафетаны Қостанай облысынан қабылдап, Батыс Қазақстан облысына тапсырды. Эстафетаны қабылдау үшін Батыс Қазақстан облысынан арнайы делегация келді. Топ құрамында Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, «Ақжайықтың асыл арулары» клубының вице-президенті Меруерт Елеуқызы және ардагерлер клубының жанынан құрылған «Асыл әже» вокалды тобының жетекшісі Жаңылай Арыстанова бар.

— Биыл Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құратындығына және оларды мемлекет әрдайым қолдайтындығына баса назар аударып, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл, ең алдымен, үлкендердің кінәсі екендігін айтқан болатын. Сондықтан біз де ұрпақ тәрбиесіне ерекше алаңдап, қолымыздан келген үлесімізді қосамыз.

Мәселен, әжелер мектебі қоғамда қайта жаңғыра бастады. Облыстық ардагерлер ұйымы жанынан құрылған әжелер алқасы 50-ден астам танымдық-тәрбиелік басқосу ұйымдастырды. Облыстағы барлық ауданда әжелер алқасы құрылды. Бұл ұйымның жұмысына өмір тәжірибесі мол, көпшілікке сыйлы, белсенді еңбек ардагерлері тартылған. Олар өздерінің білімі мен өмірлік өнегесі арқылы жастарға дұрыс бағыт беріп, ұлттық болмысымызды сақтауға үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да бірлесе еңбек етіп, «Аялы әже» мәртебесін енгізу арқылы осы ізгі жұмысты ел көлемінде жалғастырамыз.

Форумға облыстың аудандарынан арнайы келген әжелерге алғыс айтамын. Ұлттық тәрбиені нығайтуда әжелермектебінің орны ерекше. Өңірдегі білім беру мекемелерінің басшылары еңбек ардагерлерін — ата-әжелерді жастармен кездесуге шақырып тұрса деген ұсынысымыз бар, — деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов. Сондай-ақ олАбай мен Шоқанды тәрбиелеген Зере, Айғаным әжелерді атап өтіп, әлемге әйгілі Димаш Құдайбергеннің де ата-әжесінің баласы екенін айтты. Одан соң төраға ұрпақ тәрбиесінде ерен еңбек етіп келе жатқан аяулы әжелерімізге Алғыс хаттар табыс етті. Қалалық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әжелер алқасы атынан сөз сөйлеген Бәтима Кенжебаева 37 жыл еңбек жолында аналармен, әжелермен тығыз байланыста жұмыс істей жүріп, жас ұрпақтың тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысқанын тілге тиек етіп, жиналғандарға игі тілегін айтты.

Форум барысында «Аялы әже» мүсін-таңбасыБатыс Қазақстан облысынан келген делегация басшысы, Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Бергенге табысталды. Ол ақтөбеліктердің сәлемдемесін жерлестеріне жеткізетінін айтып, әжелерді дәріптейтін эстафетаны келесі өңірге лайықты табыстауға уәде берді.

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры өнерпаздары тақырыпқа орай көрініс көрсетсе, еңбек ардагері, «Атамекен-Асылым» ардагер аталар мен аналар ән ансамблінің әншісі Қарагөз Сағынқызы «Бір шәугім шай» әнін орындады. Ата-әжелер бас қосқан форумды Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері Нұрлан Әбдібек,  Динара Шынарбаева, Ақбота Қоянбайқызы, Ғазиза Әбдірова халық әндерін, «Саз» балалар студиясының өнерпаздары әже туралы ән айтып, көркемдеді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button