Заң мен тәртіп

Болмашы нәрседен бітпейтін дауға қалады

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде жастар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ақпараттық-насихаттық топ студенттермен кездесті.

«Жасөспірімдер арасындағы келеңсіз оқиғалардың алдын алу» тақырыбында өткен профилактикалық іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, облыс прокурорының міндетін атқарушы Талғат Әлібаев, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов қатысты.

Құқық қорғау органдарының өкілдері қоғамдағы нашақорлық, қаржылық алаяқтық, құмар ойындар, топтық төбелес секілді өзекті мәселелерді көтеріп, жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға шақырды.

Қоғамда жастар арасында түсінбеушілік салдарынан төбелес, бір-біріне қарсы күш қолдану жағдайлары жиі кездесіп жатыр. Мұндай жағдайлартіпті қыз балалар арасында да кездеседі. Жақында осыған ұқсас бір жағдай тіркелді. Қылмыстың өтеуі — жаза. Сондықтан жас ғұмырларыңызды темір тордың ар жағында өткізбеу үшін дау-жанжалды шиеленістірмей, бейбіт жолмен шешкен дұрыс, — деген Жолдас Батырхан жастарға ағалық тілегін жеткізді.

Өңірде жастар арасындағы қылмыс азаймай тұр дейді мамандар. Биыл жыл басынан бері 74 жастың қатысуымен қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген.

Қылмыстық оқиғалар көбіне қаладағы түнгі ойын-сауық орындарында тіркелді. Өкініштісі, жастар арасындағы жанжал топтық төбелеске ұласып, арты қайғылы оқиғамен аяқталып жатыр. Мәселен, биыл жасөспірімдер арасында 180-ге жуық оқиға орын алды. Оның 23-і — аса ауыр, 33-і — ауыр санатта, — деді Т.Әлібаев.Оның айтуынша, дау-жанжалдың көбі болмашы түсініспеушіліктен туындайды. Жасөспірімдер арасында топтық төбелеспен қатар қарақшылық, қорқытып-үркіту, есірткі тасымалы сынды қылмыстар кездеседі екен.

Айта кетейік, соңғы 3 жылда жасөспірімдер арасындағы қылмыс көрсеткіші 20,3 пайызға артқан.

Кездесу барысында сергіту сәтін ұйымдастырып, тренинг өткізген  Жолдас Батырхан студенттермен ашық диалог алаңын құрып, сұрақтарға жауап берді.

 Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button