Ақтөбе — 155Басты жаңалықтар

Еліміздегі төртінші қала

Ақтөбе — еліміздің  батысындағы ең ірі елді мекен. Бүгінде қазақ елінде 90 қала бар болса, соның ішінде Ақтөбе халқының саны жөнінен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, яғни еліміздің үш мегаполисінен кейінгі төртінші орынды иемденіп отыр.

Қашан қала атанды?

1869 жылы іргетасы қаланған бекіністе бастапқы он жылға жуық уақытта тек әскерилер тұрған.

Бастапқыда бекініске 8900 десятина жер бөлінген, қазіргі түсінікті өлшем түріне аударсақ, бұл — 9,7 мың гектардан сәл астам жер. Кейіннен жергілікті қазақтардың қыстаулары, мекендері бірте-бірте алына отырып, ХІХ ғасырдың соңында қала аумағын 27 101 десятинаға, яғни үш есеге ұлғайтқан.

1878 жылдың көктемінен бастап мұнда қарапайым азаматтарға қоныстануға рұқсат берілген. Алғашқы қоныс аударушылар Воронеж, Рязань, Тамбов губернияларынан келген. Бұл жерді сауда орталықтарының біріне айналдыру көзделгендіктен, көпестер мен саудагерлер көптеп шақырылған. Алғаш келіп үй салған саудагерлер — И.Подковыров, Л.Саморуков, Н.Гавриловтер.

Бастапқы үйлерді тұрғызуға ағаш пен саман тастар пайдаланылған. 1880 жылы бекіністе 38 үй болса, солардың бесеуі ағаштан, қалғандары саманнан салынған. Алғашқы кірпіш үйлер 1882 тұрғызылған. Бұлар — жергілікті әкімшілік ғимараты, уезд бастығы мен соттың пәтері. Тарихшылар Г.Сұлтанғалиева мен Г.Көбенованың еңбегінде айтылғандай, кірпіштер Орынбордан әкелінген. Сондағы кірпіш зауытының иесі, ірі көпес С.Мошков және басқа да көпестер бұл ғимараттарды өз қаражаттарына салып берген.

1881 жылы уезд бастығы П.Сунгуровтың ұсынысымен қаланың алғашқы жоспары жасалған. Жоспар бойынша солтүстік бөлікте — Құрмыш, оңтүстікте — Оторвановка, жоғары жағында Татар слабодкасы сынды аудандар орналасатыны көрсетілген.

1891 жылы әскери бекініс ресми түрде қала мәртебесін алып, аты Ақтөбе болып өзгертілді. Төңкеріске дейінгі жылдары Ақтөбе Торғай облысының құрамындағы Ақтөбе уезінің орталығы болды. Құрамында 4 уезі болған (Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Торғай) бұл облыс 1920 жылы таратылды.

1921 жылы Ақтөбе губерниясы құрылып, 1928 жылға дейінгі аралықта Ақтөбе губерния орталығы болды. Губернияның құрамында бастапқыда Ақтөбе, Ойыл, Ырғыз, Темір уездері болса, кейіннен Ойыл көрші Орал губерниясына беріліп, Ақтөбенің құрамында жаңадан Шалқар мен Ақбұлақ уездері пайда болды.

1928 жылы губерния таратылып, округтер құрылды. Ақтөбе қаласы Ақтөбе округінің орталығына айналды. Округке 14 аудан қарады.

1930 жылы желтоқсанда округтер де таратылып, аудандар ірілендіріліп, тікелей республика басшылығына бағынатын болды. Ақтөбе бұл тұста өзі аттас ауданның орталығы атанды.

1932 жылы республикада қайтадан әкімшілік-аумақтық реформа жүргізіліп, облыстар құрылды. Осы жылдың 10 наурызында Ақтөбе қаласы Ақтөбе облысының орталығы болып бекітілді.

Сондай-ақ 1962-1964 жылдар аралығында Ақтөбе Орал, Гурьев және Ақтөбе облыстарын біріктірген Батыс Қазақстан өлкесінің орталығы болды.

Алғашқы санақ нәтижесі — 409 тұрғын

Қаланың демографиясына келсек, 1880 жылы мұнда алғаш рет тұрғындар санағы жүргізіліп, 409 адам тұратыны анықталған.

Ал 1910 жылы қалада 10,7 мың халық тұрса, өткен ғасырдың 50-жылдарында тұрғындар саны 100 мыңға жеткен.

Қаланыңөсіп, қарқынды дамып, халық санының бірте-бірте көбейе түсуіне,тарихшылар пікірінше, оның өзен-көлі көп, сулы-нулы табиғатымен қатар, Орынбор-Ташкент теміржолының бойында орналасуы даықпал еткен.Алғашында патша өкіметі бұл теміржолдың құрылысы туралы бастамаларды тек сөз жүзінде қолдап, іс жүзінде үнемі кейінге ысырып келіпті. Алайда ағылшындардың Ауғанстан жеріне орнығып, одан соң парсы еліне, Орталық Азияға қарай көз тігуі ақыры оларды нақты іс-әрекетке көшуге итермелеген. Оның үстіне қазақ арасында, қазақ жері арқылы Орталық Азияға қарай өтіп сауда-саттық жүргізген уақыт ішінде орыс көпестері мен саудагерлері әбден байып, бұл халықтарды қанай түсудің «пайдасы»зор болатынын түсінген. Ал теміржол құрылысына басқа еңбек күшімен қатар, жер аударылған жұмысшыларды да пайдаланған. Алғашқы пойыз Ақтөбеге 1902 жылы 14 тамызда келген.

Губерния, одан кейін облыс орталығы мәртебесін алған тұста қала өмірі жандана түсті. 1938 жылы маусымда, тұрғындар өтінішімен, қалада ең алғаш рет үш бағытта қоғамдық автобус жүре бастады. Жол ақысы сол кездегі ақшамен 3 тиын шамасында болған.

Ал Ұлы Отан соғысы қарсаңында, соғыс және одан кейінгі жылдарда қалада көптеген кәсіпорындар ашылды: Ақтөбе темір қорыту зауыты, рентген зауыты, хром қосындылары зауыты, т.б.

Өткен ғасырдың 60-80 жылдарында халық саны күрт өсіп, тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілді. Мысалы, 1960 жылдың 1 қаңтарында облыстық «Актюбинская правда» газетіне шыққан «Қала келбеті өзгереді» атты ақпаратта былай делінген: «Өткен жыл қала тарихында құрылыстың қарқын алуымен ерекшеленеді. Жыл ішінде кәсіпорындармен қатар, 40 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. 800-ден астам отбасы жаңа пәтерге көшетін болды.

1960 жылы тұрғын үй құрылысы, былтырғымен салыстырғанда, 1,5 есеге артады. Жаңа жылда халықты тәулік бойы үздіксіз сумен қамту мәселесі шешімін табады. Екі залы бар 600 орындық кинотеатр, 520 орындық мектеп пен балабақшалар пайдалануға беріледі. Медицина институтының мамандандырылған клиникасының құрылысы басталады.

Біздің құрылысшыларымыз ірі панельді үйлер сала бастайды, мұның өзі — құрылыс саласындағы үлкен жаңалық».

1960 жылы қалада телеорталық құрылысы да қолға алынды. Осылайша қаланың өзі де, халқының саны да жылдан-жылға өсіп, тәуелсіздік алатын жылы 265,3 мыңға жетті. Оның ішінде қазақтардың үлесі 30 пайыз еді.

Астана мен Алматы

Кеңестік заманда Ақтөбе Пролетар және Фрунзе аудандарына бөлінген еді. 1988 жылы КСРО-да халық саны 400 мыңнан аспайтын қалаларды аудандарға бөлуді жою туралы қаулы шығуына байланысты, қаланы аудандарға бөлу тоқтатылды.

КСРО кезіндегі қаланың халық ең көп шоғырланған аудандары саналған 5,8,11,12-шағын аудандар 1960-80жылдардағы қарқынды өсу кезінде пайда болған еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін қала маңындағы бұрынғы шаруашылық орталықтары, т.б. ауылдар Ақтөбе қаласы аумағына біріктірілді. 2018 жылға дейін қала аумағында бірнеше ауылдық округ болды.

2018 жылдың наурыз айында облыстық мәслихаттың 18-сессиясында қала аумағын екі ауданға — Астана және Алматы аудандарына бөлу жөнінде шешім қабылданды.

Ақтөбе қаласының қазіргі гербі 1994 жылы 24 шілдеде қалалық мәслихаттың 23-сессиясында қабылданған. Бұл герб 50-ге жуық еңбектің ішінен таңдап алынған, авторы — Сағынтай Әлімбетов.

Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбеде Алтын Орда, Есет батыр, Болашақ, т.б. жаңа шағын аудандар пайда болды. Соңғы 33 жылда қалада көптеген замануи мектептер, жаңа құрылғылармен жабдықталған емдеу мекемелері, Өнер орталығы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимараты, спорт кешендері мен мешіттер, т.б. салынды. 2013 жылы қазанда қаладағы ең биік, яғни 25 қабатты «Ақтөбе ажары» тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды.

2019 жылға дейін Ақтөбе халық саны жөнінен Қазақстанда Алматы, Астана, Шымкент және Қарағанды шаһарларынан кейінгі 5-орындағы қала болып келген еді. Осы жылдың соңына қарай Ақтөбе халық саны жөнінен Қарағанды қаласын басып озды. 2020 жылы қала халқының саны 500 мыңнан асты.

Тәуелсіздік жылдарындағы Ақтөбенің басты өзгерісінің бірі қаланың қазақылануы екені даусыз. Көптеген көшелерге, жаңадан ашылған мектептерге халқымыздың даңқты перзенттерінің аты берілді. Қалада Әбілқайыр хан, Есет батыр Көкіұлы, Әлия Молдағұлова, Мөңке би, Жалаңтөс баһадүр, Тілеу батыр, қазақтан шыққан басқа да даңқты тұлғалардың ескерткіштері ашылды.Қала халқының 80 пайызына жуығы — қазақтар.

Бүгінде Ақтөбеде 570 мың халық тұрады. Салыстырып көрсек: көршілес Атырау облысының орталығында — 325 мың, Ақтау қаласында — 274 мың, ал Орал қаласында 257 мың адам тұрады. Болашақта Ақтөбе агломерациясын, яғни серіктес елді мекендерді қоса алғандағы халық санын 1,3 миллионға жеткізу көзделген.

Тарих беттерін парақтаған Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button