Басты жаңалықтар

Бюджет қаржысы тиімді жұмсалды ма?

Сессия

Кеше облыстық мәслихаттың кезекті он үшінші сессиясында 2023 жылғы облыстық бюджеттің атқарылу мәселесі қаралды.

Сессияға облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Отырыста алдымен облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев өткен жылғы бюджеттің атқарылуы жайында баяндап берді.

Оның айтуынша, былтыр облыстық бюджет түсімі 474,2 млрдтеңге көлемінде жоспарланған. Дегенмен түсім көлемі 504,9 млрдтеңгеге жеткен. 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылғы облыстық бюджеттің түсімі республикалық бюджет трансферттері және жеке кірістердің артық түсуі есебінен 103,8 млрдтеңгеге (25,9%) артқан. Оның ішінде 74,8 млрдтеңгесі (14,8%) салық болса, 11,2 млрдтеңгесі (2,2%) — салықтық емес түсім,  0,1 млрдтеңгесі (0,02%) — негізгі капиталды сатудан түсетін түсім, 418,8 млрдтеңгесі (83,0%) — трансферттер.

Былтыр облыстық бюджеттің шығыстары 525,6 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінде129,4 миллиард теңгесі даму бюджеті болса, 368,4 миллиард теңгесі — ағымдағы бағдарламалар, 27,8 миллиард теңгесі — бюджеттік кредиттер.

2023 жылдың қорытындысы бойынша 4,5 миллиард теңге игерілмеді. Игерілмеудің негізгі себептері — жұмыс актілерінің болмауы, жобалардың жұмыс кестесінен кешіктірілуі, жобалық-сметалық құжаттар бойынша түзетулер жүргізу, келісімшарт талаптарын орындамаудан материалдардың сот органдарына жіберілуі, сот шешіміне сәйкес келісімшарттың бұзылуы, аудиторлық тексеріс жүргізілуге байланысты жұмыстардың тоқтатылуы, жеткізушінің тауардың мерзімінде жеткізілмеуі, — дейді басқарма басшысы.

Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Кенжин өткен жыл ішіндегі бюджеттің атқарылуын бақылау нәтижелері туралы таныстырды. Оның айтуынша,2023 жылға арналған облыстық бюджет нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес бекітілген. Есепті жыл ішінде облыстық бюджет 4 рет нақтыланып, 25 рет түзетілген.

Былтыр құрылыс, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, спорт, туризм, энергетика, экология салаларына бөлінген бюджет қаражатытиімсіз пайдаланылған, соның салдарынан түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмей отыр.

— Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың даму жоспарында қаралған 57 іс-шара орындалмады. Ал Ұлттық жобаларды іске асыруға 2023 жылы барлығы 167,3 миллиард теңге бөлініп, бұл жобалар 96,6 пайызға орындалды, — деді ол.

Одан әрі жиында 2023 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есеп бойынша бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссияның қорытындысы жайында облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нұрлан Махамбетов хабарлама жасады.

Сондай-ақмәслихат депутаттары Алтынбек Жиембаев, Сергей Вишняк, Марат Қойлыбаев, Қайрат Сабыр, Азамат Саймов, Ерлан Тілеуқабылов, Талғат Дүржанов, Дәурен Молдашев, Күлпаршын Айдарханова, Естай Сисенбаев, Наурызбек Сарбасовтар баяндамашыларға өз сауалдарын қойып, Қарғалы қалалық ауруханасындағы құрал-жабдықтардың ескіруі, квазисекторлық мекемелердің жұмысын бақылауға алу, төтенше жағдай кезінде бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы, жылыту маусымына дайындық, су тасқынынан зардап шеккендерді арнайы бағдарламалар аясында тұрғын үймен қамту, Ақтөбе медициналық орталығына жөндеу жұмыстарын жүргізу, Темір ауданындағы елді мекендерде қорғаныс бекеттерін салу, мәдени-көпшілік шараларды қысқарту, т.б. мәселелерді көтерді.

Сессияның күн тәртібінде көтерген тағы бір өзекті мәселе облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 13 желтоқсандағы №74 «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу болды. Бұл жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов баяндама жасады.

— Биыл бірінші кезекте төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге 10,0 миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр. 

Сондай-ақ«Қазгидромет»мекемесініңболжамына сәйкес биылғы жаз айлары әдеттегіден ыстық болады деп күтілуде. Осыған байланысты далалық өртке қарсы іс-шараларды күшейту үшін өртке қарсы техника мен жабдықтар сатып алуға қаражат бөлу жоспарлануда. Атап айтсақ, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне өртке қарсы қызмет бөлімшелерін жарақтандыруға 448,0 миллион теңге және табиғи ресурстар басқармасына орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 382,0 миллион теңге бөлінеді. Ал облыстық гидротехникалық құрылыстарға қызмет көрсету мекемесін жарақтандыруға 93,0 миллион теңге қарастырылады, — деді Н.Мақсатов.

Отырыста облыстық мәслихат депутаттары Сергей Вишняк пен Шахан Жолдасбаевтың депутаттық сауалдары жария етіліп, тиісті орындар назарына ұсынылды.

Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров бюджет қаржысын тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталып, бұл мәселеге барлық басшы жауапкершілікпен қарауы керектігін атап өтті.

— Бүгінгі сессияда көп мәселе қаралды. Қазіргідей қиын кезеңде біз үшін бюджет қаржысын тиімді жұмсап, барынша үнемдеу өте маңызды.

Қазіргі таңда біз су тасқыны салдарын жоюға республикалық бюджеттен қаржы сұрап отырмыз. Бұл бағытта өзіміздің қазынадан да қаржы қарастырылатын болады. Ең бастысы, әлеуметтік нысандарды қалыпқа келтіруде, тұрғындарды баспанамен қамтуда қарқынды жұмыстар жүргізуіміз керек.Бұл орайда 1 маусымдасу тасқынынан зардап шеккендерге 30-дан астам пәтер беріледі. Әрі қарай 15 маусымда тағы да қала тұрғындарына пәтер кілттері табысталады. Аудандарда да тұрғындар баспанамен қамтылады. Барлық жұмыс заң аясында, комиссияның шешімі негізінде жүзеге асырылатын болады. Біздің мақсатымыз —Президент тапсырмасын ойдағыдай орындау, халыққа жағдай жасау.

Сондай-ақ бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі — өрт оқиғаларының алдын алу. Бұл орайда мекемелерге лизинг арқылы өрт сөндіру техникалары сатып алынатын болады. Сондай-ақ шегірткеге қарсы жұмыстарды да жандандыруымыз керек. Бұл бағытта да қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуы керек. Қазір біз 11 ұшақ дайындап қойдық. Осы аптаның аяғында Ауыл шаруашылығы вице-министрі келіп, барлық ауылдарды аралайтын боламыз. Сондықтан жауапты мекемелер жұмылып, бірлесе жұмыс істеңіздер, — деді Асхат Шахаров.

                                                                                         Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button