Соғыс ардагерінің пәтері жөнделеді
Ақтөбе облысындағы Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері Василий Грецкийге Жеңіс күніне орай оның пәтерін екүрделі жөндеу жүргізуді растайтын сертификат берілді. Сертификатты табыстаған облыс әкімі Асхат Шахаров Василий Грецкийді Жеңіс күнімен құттықтады.
— Сізге тағзым ету —құрмет. Біз ашық аспан мен жарқын болашақ сыйлаған сіздерге әрқашан алғыс айтамыз, ризашылық білдіреміз, —деп тілегін білдіргеннен кейін әкім ғасыр жасаған қарияға ел Президенті Қасым-ЖомартТоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Василий Грецкий 1924 жылы Беларусь елінде дүниеге келген. Соғысқа дейін Жамбыл облысында тұрған. 1942 жылы әскерге шақырылып, бір жылдан кейін майданға жіберілген. Ол Украина және Беларусь майдандарында сегізінші полктің бірінші атты әскер корпусының құрамында соғысқан. Үш реет жарақат алды. Жеңісті Берлиннен 75 шақырым жерде орналасқан ауруханада атап өтті. Осыдан кейін олардың полкі Орал қаласында орналастырылды. 1946 жылы алған жарақаттарына байланысты әскерден босатылды.
Жауынгерлік еңбегі үшін майдангер «Қызыл жұлдыз» және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталды. Көптеген әскери наградалары бар.
Бүгінде Василий Иванович Грецкий Хромтау ауданында тұрады. Мереке қарсаңында ол тұратын үйдің ауласына әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының, аудан әкімдігінің өкілдері, жергілікті тұрғындар жиналды. Оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындаса, мектеп оқушылары сап түзеп, ардагерге құрмет көрсетті.
Облыстық ардагерлер қоғамының төрағасы Қажымұқан Сатенов майдангерді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың атынан құттықтады.
Салтанатты шарада Василий Иванович көзіне жас алып, елімізге амандық, бейбіт өмір тіледі.
Ақтөбе облысынан Екінші дүниежүзілік соғысқа 122 мыңнан астам адам шақырылып, оның 36 мыңнан астамы ерлікпен қаза тапты. 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атанса, тоғызы «Даңқ» орденінің толық кавалері болды. Олардың қатарында аты аңызға айналған мерген қыз Әлия Молдағұлованың есімі ерекше орын алады. Келесі жылы оның туғанына 100 жыл толады. Бүгінде облыста бір соғыс ардагері, 2280 тыл ардагері бар. Олардың барлығына тиісті қолдау көрсетілуде.
М.ТАБЫН.