Басты жаңалықтар

Жазғы демалыс қызықты өтеді

Балаларды сауықтыруға биыл 1 279,2 млн теңге қаражат қарастырылып отыр. Оның 247,8 млн теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Қалғаны «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, ірі кәсіпорындардың кәсіподағы тарапынан, демеушілік және ата-аналар есебінен бөлінбек.

Биыл өңірде бірінші рет «Талант тур», «Жанды сабақтар», «Summer fest» жобалары жүзеге асырылады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жазда балалар жарақаты мен өлім-жітімі көбейіп кетеді екен. Осыған байланысты биыл алғаш рет Оқу-ағарту министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастырушыларға көмек ретінде 2024-2026 жылдарға арналған әдістемелік ұсыным әзірледі.

Біз облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуовамен балалардың жазғы каникулын тиімді ұйымдастыру мақсатында атқарылатын жұмыстар туралы сөйлескен едік. Сонымен…

Арнайы бағдарлама

Балаларға сапалы білім, саналы тәрбие берумен бірге, оларға жайлы орта қалыптастыру, мүддесін қорғау— мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтері бойынша, балалар денсаулығы мен өміріне қауіп төнетін мезгіл жаз екен. Өйткені жарақат та, өлім де жаз айларында көбірек тіркеледі. Балалардың үйде жарақаттануы көбінесе баланың ересектердің назарынан тыс қалуына байланысты болады. Ресми статистикаға сүйенсек, 2021 жылы еліміз бойынша 125 бала терезеден құлаған. Соның 25-і өліммен аяқталды. 2022 жылы 123 жағдай тіркеліп, 10 бала көз жұмса, былтырғы жеті айда 93 жағдай болып, 15 баланың өмірі үзілді.  Биыл бірінші рет Оқу-ағарту министрлігі 2024-2026 жылдарға арналған жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітіп, әдістемелік ұсыным әзірледі. Басты мақсат — жазғы демалысты тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ балалардың жарақаттануы мен өлімінің алдын алу және болдырмау. Барлық демалыс орталықтары, мектеп жанындағы лагерьлер аталған әдістемелік-нұсқаулық негізінде жұмыстарын жүзеге асыратын болады. Мұнда демалысты ұйымдастыруға арналған ереже, талаптар жан-жақты көрсетілген, — дейді Нұргүл Лескенқызы.

Біздің өңірде 1-10 сыныпта оқитын 159 381 оқушы бар.Балалардың басым бөлігі лагерьлерде демалмақ. Алдын ала мәлімет бойынша қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде барлығы 268 255 балаға қызмет көрсетіледі. Оның ішінде 156 743 бала (98 пайыз) бір ғана қызмет түрін алады. Биыл 673 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді. Мектеп жанындағы лагерьлер 3 ауысымда 12 күннен жұмыс істейтін болады. Тамақтанудың орташа құны — 603 теңге.

Жазғы демалыс және сегіз бағыт

Лагерьлер мәдени-рухани, экологиялық, технологиялық және инновациялық, көркемдік эстетикалық, денешынықтыру-сауықтыру, азаматтық-патриоттық, экономикалық және туристік-өлкетану бағыттарында жұмыс істейді.

Биылға дейін жазғы каникул кезінде облыста 7 маусымдық лагерь жұмыс істеген болатын. Маусым айында Қобда ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылында «Әлия» лагері ашылады. Сөйтіп, өңірдегі маусымдық лагерьлердің саны 8-ге жетпек. Сыйымдылығы 72 балаға арналған лагерь 4 ауысымда 288 баланы қамтиды. Лагерь жұмысы патриоттық, спорттық, шығармашылық бағыттарда жүзеге асырылады.

Айта кету керек, лагерь ғимараты биыл облыстық денешынықтыру және спорт басқармасынан білім басқармасының теңгеріміне алынды. Қазірде мекемені заңды тұлға ретінде тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы өңірдегі маусымдық лагерьлерде 9718 бала қамтылады. Ауысымдардың ұзақтығы — 10-15 күн.Жолдамалардың құны — 70 000-110 000 теңге.

673 бала еңбекпен қамтылады. Мұның арасында «Жасыл ел» көгалдандыру жасақтары бойынша да, жеке кәсіпкерлер арқылы да (Ойыл ауданы — «Спарта» шаруашылығы), ата-аналарымен бірге жұмыс жасайтындар бар.

Туристік саяхатпен — 25 105, шығармашылық алаңдарда —  19 453, зияткерлік бағытта111 512 баланың демалысы ұйымдастырылады, — дейді Нұргүл Лескенқызы.

Оның айтуынша, биыл «Жаздық жолдама» жобасы қолға алынады. Жоба аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен барлық ауданнан жалпы саны 1147 баланың демалысы ұйымдастырылады. Қазір балалардың тізімі жасақталып жатыр. Балалар «Әсем», «Шұғыла», «Campit»лагерьлерінде тынығады.

Сондай-ақ оқушылар ірі өндіріс, кәсіпорындардың («СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, Дөң тау-кен байыту комбинаты) демеушілігімен және ата-аналардың есебінен демалатын болады.

Республикалық «Балдәурен», «Бөбек» орталықтарында, көршілес облыстардың демалыс лагерьлерінде 14 мыңнан астам бала тынығады.

Каникул кезінде еліміздің киелі өңірлеріне туристік саяхаттар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жаз мезгілінде қосымша білім беру ұйымдары жанындағы жазғы алаңдаржұмыс жасайды. Қамтылатын бала саны — 19 453 оқушы.

Тың жобалар

Биыл жаңадан үш жоба жүзеге асырылады. Біріншісі — «Талант тур» жобасы. Мақсат — су тасқыны салдарынан зардап шеккен ауыл балаларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру. Әйтеке би, Ырғыз, Қобда, Мұғалжар, Темір және Ойыл аудандарынан жалпы саны 500 бала қамтылады.​Бөлінетін қаржы — 15 миллион теңге. Жоба аясында «Мәдениет, тарих, өлкетану», «Спорттық, зияткерлік ойындар», «Білім, лингвистикалық» бағыттар бойынша балаларға арналған шеберлік кластар мен интерактивті экскурсиялар ұйымдастырылады.​

Екіншісі — «Жанды сабақтар» жобасы. Жоба аясында Қобда, Ойыл, Қарғалы, Байғанин, Мәртөк және Хромтау аудандарында орналасқан киелі жерлерге экскурсия ұйымдастырылады.  2500 бала қамту жоспарланып отыр. Қарастырылған қаражат көлемі — 30 миллионтеңге.

Үшіншісі — «Summer fest» жобасы. Ақтөбе қаласындағы білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған жоба 4 блоктан тұрады.

«Менің шұғылалы əлемім» блогының мақсаты — оқушылардың сөйлеу мəдениетін, тіл тазалығын сақтауға дағдыландыру. Жазғы демалыста оқушылар кітап оқиды, жергілікті ақын-жазушылармен кездеседі.

ІІ блок — «Art-sdudio» шеберханасының мақсаты — оқушылардың шығармашылық əлеуетін қолдау, көркемдік-эстетикалық талғамын дамыту.

Бұл блокта танымал суретшілердің, мүсіншілердің шебер-кластары өткізіледі. Балалар табиғат аясында сурет салады, бейне мүсіндейді.

ІІІ блок — Спорттық бағдарлау жарысы аясында «Азимут», «Туристік жолақтар» сынды командалық жарыстар ұйымдастырылады.

ІV блок — «Геопарк» — аспанастымузейі. Мақсат — Ақтөбеқаласының 155 жылдығынаорайоқушыларғақалатарихынтаныстыру.Іс-шара облыстықтарихи-өлкетанумузейіндеашықаспанастындаөткізіледі.

Біздің дерек:

***

Жазғы маусымда барлығы 4348 педагог жұмыс жасайтын болады. Сонымен қатар 134 студентті жұмысқа тарту көзделген.

***

​«Шұғыла» лагері 6 ауысым жұмыс істейді. Сыйымдылығы— 300 бала. Ауысым ұзақтығы— 12 күн. Жолдама құны— 110000 теңге. Ауысымды 5 маусымда бастайды.

​«Әсем» лагері 6 ауысым жұмыс істейді. Сыйымдылығы— 300 бала (6 ауысымда 1800). Ауысым ұзақтығы— 10 күн. Жолдама құны— 83165 теңге. Ауысым 3 маусымнан басталады.

​«Campit» лагері 7 ауысым жұмыс істейді. Сыйымдылығы—  300 бала. Ауысым ұзақтығы— 10 күн. Жолдама құны— 89800 теңге. Ауысымды 5 маусымда бастайды.

​«Нефтяник» лагері 6 ауысым жұмыс істейді. Сыйымдылығы—  300 бала. Ауысым ұзақтығы— 10 күн. Өз қызметкерлерінің ғана балаларын қабылдайды. Ауысым 3 маусымда басталады.

​«Мугоджары» лагері 4 ауысым жұмыс істейді. Сыйымдылығы— 340 бала. Ауысым ұзақтығы— 15 күн. Өз қызметкерлерінің ғана балаларын қабылдайды.

​«Көкжар-Бәйтерек» лагері 3 ауысым жұмысістейді. Сыйымдылығы—  90 бала. Ауысым ұзақтығы— 10 күн. Жолдама құны —  70000 теңге.

​«Күншуақ» балаларды сауықтыру лагері (мемлекеттік) — облыстағы жыл бойы жұмыс істейтін бірден-бір лагерь. Мұнда 606 бала қамтылады. 6 ауысым жұмыс істейтін лагерь бір ауысымда 101 баланы қабылдайды. Ауысымдардың ұзақтығы — 10 күн. Бұл лагерьде ерекше қажеттіліктері бар және арнайы санаттағы балалар демалады.

«Әлия» маусымдық лагері (мемлекеттік). Сыйымдылығы— 72 бала.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button