Спорт

Мықтылар бәсекесі

Шахмат

25 мамырда Ақтөбеде «Владимир Дворковичтің мемориалы — Aktobe Open 2024» халықаралық шахмат турнирі басталды.

Бұл беделді жарысқа 21 елден 200-ден астам шахматшы қатысуға тілек білдірген. Шахмат фестивалі Туризм және спорт министрлігі, халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ), облыс әкімдігі және ҚР теннис федерациясының қолдауы бойынша,KazChess, яғни Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Сондай-ақ бұл жарыс классикалық шахматтан Қазақстан Республикасы Кубогының І кезеңі болып есептеледі.

Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович жәнеҚазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов пен жарысқа келген шахматшылар, жаттықтырушылар мен қазылар қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов өзінің сөзінде «Владимир Дворковичтің мемориалы — Aktobe Open 2024» халықаралық шахмат турнирі сынды деңгейі жоғары жарысты өткізудің маңыздылығын атап өтті:

— Мұндай деңгейдегі жарысты өткізу шахматты дамытуға, жастарды осы спорт түріне тартуға, сол арқылы интеллектуалды ұлт қалыптастыруға ықпал етеді, сонымен қатар біздің қазақстандық шахматшыларға үлкен мүмкіндіктер ұсынады, — дей келіп қатысушыларға сәттіліктер тіледі.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов та өз сөзінде мұндай жарыстар қазақ шахматшыларының жоғары бәсекелестік ортада шыңдалуына жол ашатынын атап көрсетіп, турнирді ұйымдастыруға атсалысқан барша қауымға алғысын жеткізді.

ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович — кеңестік заманда көптеген жарысты ұйымдастыруға атсалысқан шахматтың асқан жанашыры, халықаралық дәрежедегі арбитр Владимир Дворковичтің ұлы. Жиында сөйлеген сөзінде ол:

Ақтөбеде өтетін шахмат турнирі дәстүрлі әрі мықтылар жиналатын жарысқа айналды. Биыл да мұнда гроссмейстерлер бас қосып отыр. Бұл, әрине, өңірде осы интеллектуалды ойын түрінің жаңа қарқынмен дамуына әсер етеді, — деді.

Жарыс ерлер мен әйелдер арасындаөтетін екі бөлімнен тұрады: шеберлер турнирі мен ашық турнир. Талап бойынша, қатысатын шахматшылардың рейтингі ерлер арасында — 2400-ден (халықаралық шебер), әйелдер арасында 2200-ден төмен болмауы тиіс. Рейтингі 2700-ден жоғары шахматшылар супергроссмейстер, яғни әлем чемпиондығына үміткер саналады. Бұл жарысқа екі супергроссмейстер қатысып отыр: ирандық Пархам Магсудлу (әлем рейтнгінде — 19-орында) және сербиялық Алексей Сарана (32-орын). Ақтөбеге турнирдің өткен жылдардағы жеңімпаздары — қазақстандық Жандос Ағманов (2022 жыл) пен ирандық гроссмейстер Бардия Данешвара (2023 жыл) да келді. Жалпы, жарысқа әлемнің әр түкпірінен 30 гроссмейстер қатысып жатыр.

Қазақстандық шахматшылар арасынан бұл жарыстаұлттық құрама мүшелері, гроссмейстерлер — Денис Махнев (2519) пен Әлішер Сүлейменов (2500), халықаралық шеберлер, ФИДЕ-ден гроссмейстерлік атағының бекітілуін күтіп отырған Рамазан Жалмаханов (2493), Арыстанбек Оразаев (2476), Жандос Ағмановтар (2469) және жас шахматшылар — 15 жастағыАлдияр Аңсат (2424) пен 13 жастағы Эдгар Мамедов (2410) бақ сынайды. Белгілі шахматшы қыздарымыздан гроссмейстер Меруерт Камалиденова (2367) мен халықаралық шебер Алуа Нұрман (2307) бар.

Жарыс швейцарлық жүйе бойынша 9 турдан тұрады, әр партияға 90 минут (қосымша әр жүріске — 30 секунд) уақыт беріледі. Шеберлер турнирінің жүлде қоры — 45 миллион теңге, ал ашық турнирдің кепілді жүлде қоры — 4,55 миллион теңге. Жарыстың бас демеушілері — Freedom Holding Corp. және Ақтөбе мыс компаниясы.

Шахмат фестивалі аясында өтетін үшінші жарыс — классикалық шахматтан ардагерлер (ерлер мен әйелдер) арасындағы Қазақстан чемпионаты.

Жарыстар2 маусымға дейін созылады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button