Басты жаңалықтарЖастар

Жастарға қамқорлық жасала береді

Ресми дерекке сүйенсек, облыста 266 мыңнан астам жас бар. Олардың 170 мыңға жуығы қалада, қалғаны ауылдық жерлерде тұрады. Қоғамның басты қозғаушы күші саналатын жастардың бүгінгі жағдайы қандай? Ақтөбелік қыз-жігіттер үшін жұмысқа тұру, баспана алу мәселесі қалай шешіліп жатыр? Бұл туралы облыста қайтадан құрылған жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетовтен сұрап білген едік.

Екеуара сұхбатта волонтерлер мен арнаулы есепте тұрғандар туралы да айтылды.

Еріктілер еңбегі

Биылғы көктем ел тұрғындары үшін, оның ішінде ақтөбеліктер үшін оңайға соқпады. Қиын-қыстау кезеңде жұдырықтай жұмылған ел азаматтары бір-біріне қолдан келгенше қолдау көрсетіп, көмек берді. Осы ретте ерікті жастардың еңбегін айтпай кетуге болмайды. 27 наурыздан бастап олар құм тасу, бөгет жасау, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарына қатысты. Ал қауіп бәсеңдегеннен кейін гуманитарлық көмек қабылдайтын орталықтарда қажетті тұрмыстық тауарларды сұрыптап, тасуға көмектесті.

— Көктемгі тасқын ақтөбелік қыз-жігіттердің ауызбіршілігінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Төтенше жағдай кезінде тасқын судан зардап шеккендердің жанынан табыла білген жастардың еңбегі ескерусіз қалмайды. Еріктілердің арасында ақылы бөлімде оқитын студенттер де бар. Осы ретте өңіріміздегі оқу орындарының басшылықтарытүсіністік танытып, ерікті студенттердің оқу ақысына жеңілдіктер қарастырып жатыр. Бұл жұмыстарды Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті бірінші болып бастады.Университет басшылығы алдағы оқу жылында бірқатар студенттің оқу ақысына 10,20,50 пайыз көлемінде жеңілдік жасағалы отыр, — деді басқарма басшысы.

М.Ермағанбетовтің айтуынша, өңірде волонтерлік топтар саны 3 есеге артқан.Қазіргі таңда облыс бойынша 164 волонтерлік желі қызмет етеді.

— Расын айту керек, біз көп жағдайда еріктілерді тек өзімізге керек кезде ғана есімізге түсіріп, былайғы уақытта ұмытып кетіп жатамыз. Қиналғанға көмек қолын созуға жүгіретін еріктілердің жағдайы қалай? Бұл сұрақ қайтадан құрылған жастар саясаты мәселелері басқармасыныңбасты назарында тұр. Бұрын ерікті топтар үшін ешқандай әлеуметтік тапсырыс берілмейтін. Олар барлық іс-шараны өздері қаражат жинап ұйымдастырып келді. Биылдан бастап, волонтерлік қозғалысты қолдау мен дамыту мақсатында әлеуметтік тапсырыс берілгелі жатыр. Ол үшін ұйымдар заңды түрде үкіметтік емес ұйым ретінде тілкелген болуы керек, — деді Мирхан Ермағанбетов.

Сондай-ақ ол волонтерлік ұйымдардың жұмысын жүйелендіріп, бір арнаға тоғыстыруды мақсат етіп отырғандарын айтты.

Барлық волонтердің мақсаты мен міндеті — бір. Олардың әрқайсысының жүрек түпкірінде біреуге қол ұшын созу, қайырымдылық жасау секілді игі істер жатыр. Біз осы жастардың басын біріктіріп, өзара бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізгіміз келеді. Бұл бойынша нақты жоспар құрылды. Нәтижесін жылдың аяғына дейін көріп қалармыз, біздің ерікті жастардың ұстанымы — Ақтөбенің қайырымды өңір екенін республикаға таныту, — деді ол.

Жұмыссыз жастармен жұмыс

Басқарманың алдында тұрған тағы бір міндет — өңір жастарын тұрақты жұмыспен қамту мәселесі. Мирхан Ермағанбетов бұл тұрғыда «Мансап» орталықтарымен бірлесіп жаңа жоба әзірлеп жатқандарын айтты.

— Арамызда қазіргі уақытта жұмыстың түрін, жеңіл-ауырлығын таңдайтын қыз-жігіттер де бар. Облыс бойынша NEET санатына жататын 16 мыңнан астам жас анықталып отыр. Бұл жалпы пайдыздық көрсеткіште өткен жылдың қорытындысы бойынша 5,3 пайыз болса, 2024 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша 5,2 пайыз болып отыр. Біздің дәл қазіргі мақсатымыз — осы санды барынша азайту. Көрсеткішке қол жеткізу үшін жастардың санасымен, түсінік-танымымен жұмысқа аса назар аудару қажет деп ойлаймын. Бүгінгі таңда жастар ресурстық орталықтары тарапынан нақты жұмыстар басталды. Жоспар бойынша биыл NEET санатына жататын үш мыңнан астам жасты жұмысқа бағыттауды көздеп отырмыз. Жоба аясында әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізіледі. Жұмыс беруші тараптан жұмысқа орналасқандығы туралы бұйрық шығарылғанша, біздің бақылауымызда болады, — деді басқарма басшысы.

Кәсіп бастаймын дегендер үшін «Zhas Project» жобасы бойынша гранттар табыстау жұмыстары да өз мәресіне жетті.14 ақтөбелік жасқа 1 млн теңгеден грант берілді.

Жылдағы дәстүр бойынша жастарды, оның ішінде жұмыссыздар мен студенттерді уақытша еңбекпен қамту мәселесі облыста «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Биыл 2 мыңнан астам жасты еңбекке тарту көзделіп отыр.

— Қала, аудан мен ауыл-аймақтың тазалығына ерекше үлес қосып отырған осы «Жасыл елдің» жасақтары екенін айта кеткен жөн. Қазір Ақтөбе қаласы бойынша «Жасыл ел» жасағында 287 жас еңбек етіп жатыр. Олар қаланы тазарту, абаттандыру, сондай-ақ құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған. Бұл жұмыстар аудандарда да бастау алды. Биыл жазғы еңбек маусымы тамыз айының аяғында аяқталады. «Жасыл елдің» XX маусымы қыркүйек айына қарай ауқымды етіп өткізуді жоспарлап отырмыз. Жылдағы дәстүр бойынша үздік жауынгерлерге облыс әкімінің арнайы сертификаттары, сыйлықтары табысталады, — деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетов.

Баспаналы болудың бірегей мүмкіндігі

Елімізде жастарды қолдау мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі — өткен жылы қолға алынған«AQTOBE JASTARY» тұрғын үй бағдарламасы. Жастарға барынша жеңілдетілген пайызбен баспаналы болу мүмкіндігін сыйлаған бағдарламаның арқасында өткен жылы 42 жас ақтөбелік отбасы үйлі болды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы «AQTOBE JASTARY» бағдарламасының биыл да жалғасатынын айтты.

— Бүгінгі таңда жергілікті бюджеттен жастарды баспанамен қамту мақсатында бөлінетін қаражат мөлшері анықталды. Көп ұзамай өтініш қабылдау жұмыстары басталады. Өткен жылы өтініштер жазбаша негізде қабылданған болатын. Биыл барлық құжат электронды нұсқада қабылданады. Қазіргі таңда арнайы осы бағдарлама үшін сайт әзірленіп жатыр, — деген ол бұл жолы аудан, ауылдан үй алатын деген жастар үшін барынша мол мүмкіндік қарастырылатынын айтты.

— Биыл бағдарлама аясында шамамен 70-тен астам отбасы баспаналы болады деген жоспар бар. Тапсырылуға тиіс құжаттар мен конкурсқа қатысу шарттарына аз ғана өзгерістер енгізілді. Тек бұл жолы ауыл жастары мен мүмкіндігі шектеулі жастардың баспаналы болуына басты назар аударылады. Сонымен қатар ауыл жастарының ауылдық жерлерде тұрақтануы, жас мамандардың ауылдарда еңбек етіп, үйлі болуы мақсатында мүмкіндіктер жиегі ашылуда.

Берілетін несиенің ең жоғары сомасы ауылдық елді мекендерден үй алатындар үшін — 15 миллион теңгеге дейін, ал облыс орталығынан үй алатындар үшін 18 миллион теңгеге дейін болады,  — деді басқарма басшысы.

Бағдарламаға әлеуметтік саланың, коммуналдық және мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері, ЖОО оқытушылары, ҒЗИ ғылыми қызметкерлері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ ТЖД, АҚ қызметкерлері және ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қатыса алады. Өтініш берген кезде олардың жасы 35-тен аспаған болуға тиіс. Сондай-ақ соңғы 5 жылда ел аумағында меншігінде тұрғын үйінің болмағандығы да ескеріледі. Ақтөбе облысында таңдалған салада ресми жұмыс өтілі соңғы 1 жылдан кем болмауы қажет.

Мақұлданған жағдайда оларға жылдық 5 пайызбен несие беріледі. Бұл ретте бастапқы жарна небәрі 10 пайыз болды. Тұрғын үйді бастапқы және екінші нарықтан сатып алуға болады.

«Тәртібі қиын» тентектер үшін

Жыл сайын Ақтөбеде 12 тамыз — Халықаралық жастар күні қарсаңында өңірдің белсенді жастары үшін «Aqtobe Camp-2024» лагері ұйымдастырылады. Қала сыртындағы екі күндік шараға түрлі салада жетістікке жетіп жүрген жастар қатысып, оларға марапаттар тапсырылатын. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы биыл «Aqtobe Camp-тың» форматы өзгергендігін айтты.

— Облыс бойынша мектеп пен колледж студенттерін қосқанда 200-ге жуық бала есепте тұр екен. Ертеңгі күні жастайынан әдетке айналдырған тентек қылықтары, өзінің де, өзгенің де өміріне кесірін тигізбеуі үшін бұл мәселені бүгіннен бастап қолға алуымыз керек. Сондықтан биыл «Aqtobe Camp-2024» лагері сол санатта тұрған балалар үшін ұйымдастырылады. Олар бір апта бойы қала сыртында болып, полицей, психолог мамандардан кеңес алып, тынығады, — деді ол.

Сондай-ақ басқарма басшысы жастар ресурстық орталықтарының «Жас өрен» атты жаңа жобаны қолға алғандарын айтты. «Жас өреннің» аясында «тәртібі қиын» тентектер бір күні құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар департаменті мамандарымен бірге бір күнін өткізеді. Яғни олардың ішкі жұмыстарымен танысады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button