Су тасқыны

Жаңа үйлер салынып жатыр

Біз біргеміз!

Көктемгі су тасқыны біраз отбасын баспанасыз қалдырды.Дегенмен тасқыннан зардап шеккендерді тұрғын үймен қамту жұмыстары аймақта ыждағаттылықпен іске асырылып жатыр. Бүгінде бірқатар отбасы өз таңдауы бойынша қайталама нарықтағы үйлерге қол жеткізді. Ауыл-аймақтарда жаңа баспана салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Әйтеке би

Әйтеке би ауданында су тасқынынан зардап шеккен тағы бір отбасы жаңа баспанасына қоныстанды.

Тасқын кезінде Т.Жүргенов ауылындағы Қожағұловтар отбасының үйі суға кетіп, тұруға жарамсыз болып қалған болатын. Үй иесінетұрғын үй алуда екі таңдау болған — не дайын үй алу, не жаңа үй салынғанша күту. Ол дайын үйді сатып алуға шешім қабылдапты.

Бұл үйді таңдаған себебіміз —  орталықта орналасқан, балаларыма мектепке және жұмыс орныма жақын. Гаражы мен бақшасы да бар. Болашақта бақшаға жеміс ағаштарын егеміз деген жоспарымыз бар. Енді мұндай жағдай қайталанбасын, — дейді Т.Жүргенов ауылының тұрғыны Шайзада Қарабалина.

Әйтеке би ауданы бойынша 150-ге жуық арыз түсті. Су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың өтініші негізінде құрылған комиссия әр үйге техникалық бақылау жүргізді. Бақылау қорытындысы бойынша 50 үй жарамсыз деп танылды. Бүгінде 23 отбасына қайталама нарықтағы тұрғын үйлер сатып алынды. Сонымен қатар ауданда жаңа үйлердің де құрылысы жүргізіліп жатыр.

Темір

Темір ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға тұрғын үйін қалыпқа келтіру бойынша тиісті төлемдер жүргізіліп жатыр.

Жылжымайтын мүлікті қалпына келтіру, жиһаз бен тұрмыстық техниканың шығындарын өтеу үшін тұрғындардың өтініші және жүргізілген сараптамалық зерттеулер нәтижесі негізінде қаржы қарастырылған болатын. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың бірі — Нұрқожа Шаимов. Қазіргі таңда оның үйін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Су тасқыны кезінде ауламызды, үйімізді, сарайымызды су басты. Қазіргі таңда мемлекеттен қаражат бөлініп, үйімізге жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Үкіметтен бөлінген қаржыға толық жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деген ойдамыз,— дейді Шұбарқұдық кентінің тұрғыны Н.Шаимов.

Бүгінге дейін Темір ауданы бойынша 115 арыз түскен. Су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың өтініші негізінде құрылған комиссия әр үйге техникалық бақылау жүргізді, 56 үй жарамсыз деп танылды.

Қазіргі таңда Құмсай ауылында  22 жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Мұғалжар

Мұғалжар ауданының Жағабұлақ ауылында жаңадан 9 үй, ал Бірлік ауылында 5 үйдің құрылысы басталды. Бұл бағаттағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.

Мұғалжар ауданында 54 үй бойынша  мемлекет тарапынан берілетін қаражатқа сатып алатын тұрғын үйлерді аудан аумағынан қарастырып, келіссөздер жүргізіліп жатыр. Аудан бойынша 8 үйге барлығы 17 млн 450 мың теңгеге жөндеу жүргізілмек.

Ресми мәліметтерге жүгінсек,көктемгі су тасқыны кезінде аудан бойынша 76 тұрғын үйге, 8 шаруа қожалығына, 3 коммерциялық нысанға зиян келген. Тасқыннан зардап шеккен 72 үйдің иесіне 26 млн 582 мың 400 теңге көлемінде біржолғы төлемақы төленді.

Бұл орайда мал шығыны бойынша 1 шаруа қожалығының иесі мен 5 жеке тұлғаға барлығы 17 малға  6 млн 320 мың теңге төлем жүргізіліпті.

Қобда

Қобда ауданында табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр. Аудан бойынша салынатын 150 үйдің  116-сының құрылысы басталды. Бүгінде бір үйге құрылыс материалдары әкелініп жатса, енді бірінің іргетасы құйылып жатыр. Қабырғалары қаланып, ішкі бөлу жұмыстары жүргізіліп жатқан да үйлер бар.

Қауіпсіз аймақта салынып жатқан үйлердің құрылысымен бірге, оларға жарық, су, газ тарту жұмыстары да қатар қолға алынып жатыр.

Жаңа тұрғын үйлердің құрылысымен айналысуды 15 компания өз меншігіне алған. Олар жұмысты жоспарлы түрде атқарып, екі айдың көлемінде аяқтамақ.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button