Пікір

Ел ертеңі — білімді ұрпақ

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,
философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі.

Ана тілі газетіне берген Мемлекет басшысының сұхбатында елдің мүддесіне қатысты көптеген мәселе айтылған. Әсіресе мемлекетіміздің алдында тұрған бүгінгі ең негізгі мәселе — елдің егемендігін нығайту. Егемендік — ата-бабаларымыз үшін де, болашақ үшін де негізгі құндылық. Ал егемендік нығаюы үшін оның әр адамы күшті болу керектігі тарихта айтылған. Ойшылдарымыз күштілік деп кісілікті айтқан. Қалған мәселелер осы қасиет арқылы реттеліп, қоғамның игілігіне айналып отырады. Мемлекет басшысы да сұхбатта осы мәселеге ерекше назар аударады. Ғылым, экономика дамуы үшін бәсекеге қабілетті адамдардың көп болуы маңызды. Ең бастысы, жыраулардың, билердің мұраларында айтылғандай, атақ, бас пайдаң үшін емес, ел үшін жұмыс істеу керек, заң бұзушылыққа жол берілмеуге тиіс. Абай, Алаш зиялылары айтқандай, даңғойлықты, ысырапшылдықты уақыт көтермейді. Әр іске байыппен қарап, ақылға салатын орта, соны үлгі ететін адамдар қатары қоғамда көбірек болуға тиіс. Бірлік, кісілік, білім күшті болғанда ғана кез келген қиындықты елдің жеңе алатынын тарихтан да, бүгінгі уақыттан да көріп отырмыз.
Сондықтан Мемлекет басшысы атап көрсеткен қоғам санасының тұғырына айналатын нәрсе — құқықтық мәдениет, яғни заң мен тәртіп. Заңды құрметтемесек, тәртіп болмаса, сол тәртіпті орындауға жауапты болмасақ, құндылықтарды қоғам игілігіне айналдыру қиын. Заң мен тәртіп адамның өзіне тиесілі істерді дұрыс атқаруына көмектеседі.
Қоғамның қай саласында болмасын заңның бәрінен де үстем болуы керектігі үнемі айтылып жүр. Мемлекеттік саясатта осы мәселенің дұрыс іске асуына күш салынып отыр. Алдағы уақытта толығымен жүзеге асады деп сенеміз. Бірақ әділеттілік, құқықтық мәдениеттің іске асуына қоғамның да тікелей жауапты екенін ескерген жөн.
Мемлекеттің, ұлттың болашағы — ұрпақ, яғни жастар. Елдің ертеңі ұрпаққа тікелей қатысты. Мемлекет басшысының мына бір сөздерін қоғам болып түгелдей ескерген жөн деп есептеймін. «Еліміздің тағдыры – жастардың қолында. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бұл – әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні….бір ғана тілегім, ақыл кеңесім бар. Жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуі керек. Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын..» — деді Президент Қосым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сұхбатынан түйген ойымыз көп. Соның ішінде негізгісін айтар болсам, қазір ұрпақтың жақсы білім алып өсуіне мүмкіндік көп. Мемлекеттің стратегиялық саясаты ұлттың болашағына қатысты түйткілді мәселелерді күні бұрын зерделеп, дұрыс шешуге бағыталған. Осы саясатты, қабылданып жатқан реформалардың дұрыс іске асуына қоғам болып атсалысуымыз, қолдауымыз керек. Жастардың дұрыс білім алуына, мемлекет азаматы ретінде қалыптасуына ел болып жұмылған дұрыс.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button