Түлектеріміздің 97 пайызы жұмыспен қамтылады
Бағдашжан МОЛДАШЕВА, Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжінің директоры:
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Былтыр Ақтөбеге сапары кезінде оқу ордамызға келген Қасым-Жомарт Кемелұлы жұмысшы мамандықтар жылында отандық өнеркәсіпті қолдауға баса назар аударылатынын айтып, нақты тапсырмалар да жүктеді.
Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжі — еліміздің батыс өңіріндегі тау-кен саласына мамандар даярлайтын жалғыз кәсіптік оқу орны. Бізде тау-кен саласы бойынша кенші, ұңғылаушы, кен байытушы, слесарь, тау-кен электр механигі, электр монтері және басқа да мамандықтар бойынша оқушылар білім алып жатыр.
Бүгінде колледждің негізгі әлеуметтік серіктесі — ERG құрамындағы «Казхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы. Қазіргі таңда біз Дөң тау-кен байыту комбинатымен бірлесіп теориялық білімді тәжірибемен ұштастыратын дуальды оқыту жүйесін енгіздік. Бұл — біздің білім алушыларымыздың өндіріске, яғни жұмысқа бейімделуіне мейлінше ықпал етпек. Дуальды білім алу кезінде комбинат тарапынан оқушыларға барлық жағдай жасалады. Олар еңбекақымен, тасымалмен және басқа да әлеуметтік жағынан толықтай қамтамасыз етіледі. Ең басты көрсеткіш — осындай іс-шаралардың нәти жесінде түлектеріміздің 95-97 пайызы жұмыспен қамтылады.