«Ақтөбе» — 100!

Өлеңмен өріс кеңейткен

«Ақтөбенің» ардагері

Журналист Сағындық Ниянқұлов облыстық «Коммунизм жолы» газетіне 1982 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң келді. Студент кезінде бұл ұжымда бірнеше рет өндірістік тәжірибеден өткендіктен, газет жұмысына сіңісіп кетуі қиынға соққан жоқ. Елгезек жас жігіт, үлкендердің тапсырған шаруаларын қағілез қимылдап, жедел атқара қояды. Соғыс ардагері Егінбай ата мен Тәбеш ананың ортасында бір үйдің жалғызы болып өскендіктен аздап еркелігі де бар, оны ағалары жақсы түсінеді.

Оны бірге өскен жолдастары да, қызметтестері Сәкен атымен атайды. Оны өзі де бөтен көрмейді. Бір жағынан, Сәкен Сейфуллин секілді болғысы келеді, өлең жазатыны және бар.

Оның журналистикаға келуінің алғышарты балаң кезінен қалыптасқан деуге болады. Мектепте оқып жүргеннен аудандық, облыстық газеттерге мақалалары шығып жүрді, арасында өлеңдерін де жібереді.

Бұл ретте ұстазы Хайролла Евесов ағайының қалам ұстауға ықпалы тигенін еш ұмытпайды. Төменгі кластарда оқып жүргенінде «Сәкенжан, мынаны апарып, поштаға салып жіберші» деп қолына конверт ұстатады екен. Шамалы күн өткен соң аудандық «Ойыл», облыстық «Коммунизм жолы» газеттеріне ағайының мақала, өлеңдері шығып жатқанда, сол дүниелердің өз қолынан өткенін сезініп, марқайып қалатын. Бірте-бірте ұстазына еліктеп, мен де өлең жазсам деген талап пайда болады.

Сәкеннің өмірінде күні бүгінге дейін еске алып отыратын ғажайып көріністер аз емес. Соның бірі мынадай.

1963 — қоян жылы орталықтағы мектепке барып оқиды. Жеті-сегіз жасар балаға қыстың қарлы боранында көшеде қауіп аз емес қой.  Әке-шеше жұмыстан қолы босамайды. Сондайда ертеңгілік анасы суық тимесін деп аузы-мұрнын мойынорағышпен қалың етіп орап, қолына сөмкесін ұстатып, Ақтабан атты итінің құйрығынан ұстатып жібереді екен. Ол соңына ерген баланы үй мен мектеп арасындағы Ащыойылдың жылымдарына түсірмей, адастырмай оқитын жеріне жеткізеді. Сосын иесін сабақтан шыққанша күтіп жатады.

Осы бір әдемі сәт оның ойынан өмір бойы кетпейді. Кейін балалығын сағына отырып, «Ақтабан» атты баллада жазды.

Ол қырық жасқа толғанда белгілі қаламгер Ертай Ашықбаев «Ақын Сәкен Ниянқұловтың кемшіліктері туралы» деген достық әзіл ретінде арнау жыр толғаған. Осы арнауда қаламдас жолдасымыздың біраз «кемшіліктері» — ауызға шарап алмайтыны, карта ойнамайтыны, сақал-мұрт қоймайтыны, екі әйел алуға ұмтылмайтыны, т.б. сын тезіне алынады.

Үлкендердің үлгісімен бұрынғы,

Өзгертпейсің кәдуілгі түріңді.

Қырық жасқа келдің, бірақ біз құсап,

Неліктен сен шекпей жүрсің шылымды?—деп жазылған жолдарда баяндалғандай, оның ешкімге ұқсамайтын осындай жақтары аз емес. Бұған қарап, Сәкеңді қой аузынан шөп алмас момын екен деп ойлап қалуға және болмайды. Ол айтатын жерде турасынан тіліп түседі, ақиқаттың алдаспанын қолына ұстап шыға келгенде талайлардың бетін қайтарғанын көзіміз көрді.

Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Аманхан Әлімұлының осыдан он жылдай бұрын жазылған «Сыршылдық пен сыншылдық» атты мақаласын оқып, оның өлеңдерінің анық бағасын сезінгендей болдық.

«Сағындық жырларын сонау студент кезден қадағалап оқып жүрген оқырмандардың бірімін. Жақында қолыма оның «Әкеммен сырласу» атты кітабы тиді. Жинақтың беташарындағы «Арнау» атты өлеңінде ол:

Аманбысың, оқырманым көз көрген,

Қай кезде де мен біргемін сендермен.

Сол баяғы қарапайым қалпымда,

Бала көңіл, ештеңем жоқ өзгерген, — дейді.

Міне, осы бір жолдардың өзінен-ақ ақынның сыршылдығы мен сыншылдығын байқауға болады емес пе?

Оның поэзиясынан асып-тасқан екпін, болмаса қызуы көтерілген пафос таппайсың. Барынша қарапайым, қазақы. Ал мұндай өлеңдерде ұлттық өлең өрнегі жатады. Негізі  Сәкеңді тану үшін оның өлеңдерін оқыса болды».

Сәкеннің шығармашылығы туралы айтқанда, оның балаң кезден бірге жүрген Әкімғали Мұстафин деген аға-досына тоқталмай өтуге болмайды. Оларды бастапқыда аудандық «Ойыл» газеті табыстырады. Жас айырмашылығы екі-үш жас болса да, екеуі жарысып өлең жазады. Әсіресе Әкімғалидың «Мектебім» деген өлеңі көңілінде сақталып-ақ қалыпты.

Соғылған қоңырау үндері,

Ұландар, тыңдаңдар, не дейді.

Дейді ол жастық шақ оралып,

Келмейді, келмейді, келмейді, — деген жолдар көңіліне әлі күнге дейін жылы леп соқтырады.

Сондай әсермен өзі де талай шумақтарды қағазға түсірді, қаламының түбін тістелеп, түнімен отырған сәттері бүгін де көз алдына келеді. Соның жемісі болар, «Жауқазын жырым жастығым», «Бір қуанту арманым», «Ауылға хат», «Біз екеуміз» атты жыр жинақтары жарық көрді.

Облыстық газеттегі журналистік жолы оны талай сапарларға алып шықты. Мәртөктің Жайсаңына барғаны ойында қалыпты. Шаруашылықтың бас агрономы неміс жігіті екен, қарсы алған соң үйінен жеңіл шай беріп, кешке қарай «сізді қонақ үйге апарайын» деп, ауылдың сыртындағы ашық-шашық, есік-терезесі аңғал-саңғал бір күтімсіздеу үйге мотоциклімен әкеледі. Сол жерде әйтеуір қонып шығып, келесі күні келген шаруаларын тындырады. Бас маманға ренжігендіктен емес, нақты жағдайды бағамдап, «Жайсаңдағы жайсыз көріністер» деген сын мақала жазған еді сол кезде.

Мемлекет және қоғам қайраткері Марат Оспановтың ата-анасы туралы жазған дүниелерін көпшілік жылы қабылдады. Әуелі облыстық әлеуметтік қамту басқармасында ұзақ жыл қызмет істеген Роза апамен сұхбаттасқан. Одан кейін бір сәті түскенде облыстық филармонияны отыз жыл басқарған Тұрдыбек ағамен тілдесті…

Қысқасы, Сәкен-Сағындық Ниянқұлов туралы айтатын әңгімем таусылмайды. Өйткені ол менің Алматыда журналистика факультетіндегі бес жыл бірге оқыған дос-жолдасым.

Бүгінде ол сүйікті жары, білікті дәрігер Зияш Сейілханқызымен Арман, Арғын, Қуандық атты перзенттерін өсіріп, өзінің жетпісінші белесіне қарай қол созып келеді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button