«Ақтөбе» — 100!

Сергек қалам иесі

«Ақтөбенің» ардагері

Ол С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін жиырма бір жасында бітіріп, облыстық «Коммунизм жолы» газетіне тілші болып қызметке қабылданды. Бұл 1977 жыл болатын. Газетте ол уақытта, негізінен, бұрыннан қалыптасқан, тісқақты сақа журналистер еңбек етеді. Солардың ортасында ол жаңа отырғызылған жас шыбықтай болып көрінген болуы керек.

Біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері — Қазақстанның құрметті журналисі, филология ғылымдарының докторы, дипломат Серікқали Байменшенің баспасөздегі алғашқы қызметі осылай басталған еді…

Ол редакцияға күніне бір құшақ болып түсіп жататын оқырман хаттарымен отырып қалмай, балаң қаламын қайрай түсті.

Сол кездегі уақыт талабына сай замандастар өмірін бейнелеген «Тұлпардың ізі бітпейді», «Жарқырайды Шилісайдың оттары», «Өмірбаян осылай басталады», «Айшуақта ауылы», «Оймауыт өңірінде», «Атамекеннің сәні» секілді очерктері жас журналистің қолтаңбасын айқын танытты.

Ол мұндай ілгері ізденістерімен тоқтап қалмай, тіпті «Құм кешу», «Хош келдіңіз», «Оң мен теріс» деп аталатын фельетондар жазып, сатира садағын қоғамдағы көлеңкелі көрініс иелеріне қарай бағыттады.

Қысқасы, сол жылдарда облыстық «Коммунизм жолы» газетінің шығармашылық ұжымы Серікқали ала келген бір самалды сезінді, оны енді жас санамай, әдемі сипаттағы бәсекелестік рухын қалыптастырушы ретінде қарады.

Ол облыстың аудандарын, шалғайдағы елді мекендерді жиі аралап, уақыт тынысын тап басатын мақалаларды нөмірден нөмірге жалғастырып жазып отырды. Оны өңір ғана емес, республика оқырмандары да жақсы біле бастады.

Серікқали Байменшенің кезінде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Мөңке бидің Нострадамустан несі кем?»деген мақаласы туралы мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Мөңке туралы сүбелі мақала жазған ғалымдарымыздың бірі — Серікқали Байменше. Оның «Мөңке бидің Нострадамустан несі кем?» атты мақаласы ол туралы тәуелсіздік жылдарында жинақталған жарияланымдар мен зерттеулерді қорытып түйіндеген, тиянақты туынды болып шықты», — деп жоғары баға бергені жадымызда.

Қаламы жүйрік журналист бірте-бірте ғылымға қарай мойны көбірек бұрылып, зерделі зерттеушіге айналды. Әсіресе өзі қызмет істеген облыстық газеттің тарихын түгендеуге белсене кірісті. Осы тақырыптағы мақалаларының қай-қайсысын оқып шықсаңыз да, бүгінде ғасырлық белеске көтеріліп отырған басылымның әйтеуір бір кезеңінен шынайы көрініс көзі алдыңызға тартылады.

Ілгеріректе «Кедейдің» Кенжеғалиы» деген мақала жазды.

1917 жылғы төңкеріске дейін «Қазақтың қамы» және «Ұран» деп аталатын екі өлеңдер жинағын шығарған Кенжеғали Абдуллин 1925 жылы Ақтөбедегі «Кедей» газетіне қызметке келеді. Ол өзінің ұйымдастырушылық һәм журналистік қабілетімен газеттің редакторы дәрежесіне көтеріледі. Осы жайлар Серікқалидың баяндауында есімі елеусіз қалып бара жатқан қаламгер туралы оқырманға мол мағлұмат береді. Бұл аз десеңіз, осы зерттеулер нәтижесінде «Ғайып қалам» сүбелі жинақ жарыққа шықты.

1995 жылы Серікқали «Бейімбет Майлиннің журналистік шығармашылығы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Оның Бейімбет шығармашылығын зерттеудегі еңбегі ересен болды. Көп мұрағат деректерін, ХХ ғасыр басындағы мерзімді басылымдарды түгел ақтарып, Майлин мұрасының толық ғылыми айналымға енгізілуіне қажыр-қайратын сарқа жұмсады. «Майлының Бейімбеті», «Бейімбеттің сөзстаны», «Бейтаныс Бейімбет», «Зергердің зертханасы» сияқты бірнеше кітап шығарды.

2004 жылы академик Рымғали Нұрғалидың ғылыми кеңесшілігімен «Бейімбет Майлиннің белгісіз туындыларының шығармашылық тарихы» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғаған ол ғылымның ғажайып әлеміне дендеп ене түсті.

Журналист Серікқали Байменшенің дипломатиялық қызметі де ерекше атап өтуге тұрарлық. Ол 2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі болды және осы кезеңде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Ресейдегі өкіл тілшісі міндетін қоса атқарды.

2012-2015 жылдары Сыртқы істер министрлігінде басқарма басшысы болған ол 2015 жылғы мамыр айынан Мәскеу қаласындағы Еуразиялық экономикалық комиссияның Одақ нормативтік актілерін аудару бөлімінің жетекшісі қызметіне келді. Ол осылайша қазақ тілінің халықаралық қатынастағы, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі  рөлін  арттыра түсуге айтарлықтай ықпалын тигізді.

Оның дипломатиялық дәрежесі де жыл аралатып жоғарылап отырады. 2007 жылы атташе атағын алған ол, одан кейін көп ұзатпай үшінші хатшы, бірінші сыныпты 2- хатшы, бірінші сыныпты 1-хатшы деңгейіне көтеріледі.

…Серікқали шын мәнінде сегіз қырлы қалам иесі. Біз оның ойымызға оралған, көңілімізді қозғаған бірнеше қыры туралы баян етіп үлгердік.

Ең бастысы, ол — «Ақтөбенің» ажарына ажар қосқан, қалам қуатын өзіне үлкен мектеп болған осы басылымның базарлы болуына жан аямай жұмсаған журналист.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button