«Ақтөбе» — 100!

ЖҰРТ БІЛЕТІН ЖАНҒАБЫЛ

«Ақтөбенің» ардагері

 Журналистердің жалпы жұртшылықтың көз алдында жүретін болғандықтан танымалдыққа көбірек ие екендігіне күмән жоқ. Алайда солардың ішінде Жанғабыл Қабақбаевтың орны ерекше. Оның себебі — Жәкеңнің үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысып, араласып кететіндігінде, басқаның шаруасын өз мойнына алып, кісі міндетін көтере беретіндігінде.

Негізінде, бұл кісінің журналистикаға келуінің өзі де өзгелерге ұқсай бермейді. Газеттегі ірілі-ұсақты барлық буыннан өткен ол арасында баспаханада да жұмыс істейді. Сөйтіп, әріп құйылатын қорғасын иісін иіскеп, жаңа шыққан газет бояуын қолымен ұстап өскендіктен, баспа ісінің ішкі құпияларын да жақсы біледі деуге болады.

Жанғабыл Қабақбаевтың журналистігі туралы баян еткенде оның бірнеше қырына тоқтала аламыз.

Біріншісі — тілшілік қызметі. Оның балаң қаламының алғашқы қарымы мектепте оқып жүргенде-ақ байқалады. Аудандық газеттен бастап республикалық «Қазақстан пионеріне» дейін жазған мақалалары үзбей басылады. Ал мектеп бітірген соң жаңадан ашылған Мұғалжар аудандық газетіне корректор болып қабылданады. Негізгі қызметінен қолы босаған уақытта редактордың тапсырмасымен өндіріс орындарында, шаруашылықтарда болып, хабар, суреттемелер жаза бастайды. Осындағы екі жарым жыл ішінде баспагер, әдебиет қызметкер болып, азды-көпті тәжірибемен Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетіне келеді. Мұнда әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтері сатыларынан өтеді. Осы қызметтерде жүріп Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін оқып бітіреді.

Ол 1981 жылы облыстық «Коммунизм жолы» газетінің Шалқар, Ырғыз және Мұғалжар аударындағы меншікті тілшісі болып тағайындалды. Тәжірибелі журналистің меншікті тілшілік қызметі, негізінен, 1981-1988 және 1996-1998 жылдарды қамтиды. Осы жылдар ішінде басты міндетімен бірге, қаншама адамның тағдырына араша түсіп, қолдау көрсеткені оның өмір жолындағы өнегелі кезеңдері іспеттес. Үш ауданның тыныс-тіршілігін қапысыз бағып отырып, жақсы жаңалықтары мен өрісті істерін облыс жұртшылығына жеткізу оның қаламгерлік парызына айналды.

Оның екінші бір қыры — редакторлығы.

1996 жылдың басында тұрғын саны жиырма бес мыңдай болатын Шалқар шаһарында жаңадан жарыққа шыққан «Қала тынысы» деп аталатын басылымның редакторы болып тағайындалды. Тіркеуден өткен кезде байқаса, бұл республикадағы аудан орталығында шығарылып отырған тұңғыш басылым екен. Газеттің алғашқы санында қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов ақ батасын берді. Басылымда қала тарихы, осындағы еңбек адамдары туралы жазылды, басқа да маңызды мәселелер жан-жақты көтеріліп, оқырмандар қатары көбейе түсті. Кәсіби журналист, тәжірибелі редактордың қолымен шыққан газет аз ғана уақыт ішінде айналаға танымал болды.

Жанғабыл Қабақбаев 1988-1993 жылдары Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетінде редакторлық қызмет атқарды. Осы кезеңде ауданға Әйтеке би атағы берілді, басқа да рухани-өркенді өзгерістер орын алды. Соның бәрінде ол жетекшілік ететін аудандық басылым жақсылықтың жаршысы, игілікті істердің қолдаушысы болып отырды.

Жәкең шығармашылығының тағы бір қыры — әнге арнап өлең жазуынан көрінеді. Оның сазгерлер Қайырғали Қожанбаев, Есенжол Өтебасов, Орынбасар Тереков, Аймұрат Мәжікбаевтың әуендеріне жазған өлеңдері тыңдармандар көңілінен шығып жүр. Әсіресе осындай шығармашылық ынтымақтастықтан туған «Анашым», «Қарабұтақ жастарының әні», «Жайықтың аруы», «Періштемсің» әндері жергілікті әншілердің орындауында сахналарда жиі орындалады.

Бұдан басқа қаламгердің әзіл-сықақ жанрында да өзіндік қолтаңбасы қалыптасты. Оның «Борис-Борантай», «Мұрның барда…», тағы басқа сатиралық әңгімелері республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді.

Жәкеңнің ендігі бір қызметі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге байланысты. Қарабұтақта, Шалқарда осы салаға байланысты жұмыстар тізгінін қолға алды, облыстық тілдерді дамыту басқармасында бөлім бастығы, бас маман болды. Біраз уақыт халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2008 жылы баспадан «Қолтаңба», 2020 жылы «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы!» атты кітаптары басылып шықты.

Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның құрметті журналисі Жанғабыл Қабақбаев өмірлік серігі Бәдигүл апамен бірге ұл-қыз өсіріп, немерелер сүйіп отыр.

Ол облыстық «Ақтөбе» газетінде он алты жылдай қызмет атқарыпты. Соның жеті жылында аппаратта еңбек етті. Газеттің жауапты хатшысы, бөлім меңгерушісі, бөлім редакторының орынбасары болып, бүгінде ғасырлық биігіне көтеріліп отырған байырғы басылымның бетінде өзіндік үнін танытып, қолтаңбасын қалдырды. Әлі де сүйікті газетінен қол үзген емес. Оның тұрақты оқырмандары қазіргі уақытқа дейін Жанғабыл Қабақбаев деген есімді іздеп отырады.

Бұл — оның ұзақ жылғы еңбегінің бағасы.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button