«Ақтөбе» — 100!

Биші болам деп қиялдап, қалам ұстаған қыз

«Ақтөбенің» ардагері

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары ол кезде «Коммунизм жолы» деп аталатын облыстық газетте журналистер қатарында, негізінен, ер адамдар қызмет істейтін. Ал нәзік жандылар «арпа ішінде бір бидай» дерлік сирек кездесуші еді.

Сол сиректің бірі — Зияш Телеуова апайымыз.

Оның балаң қаламын ұштаған — өзі туып-өскен өңірдегі Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газеті. Мектепте оқып жүргенде осы газетте алғашқы өлеңдері жарияланады.

Ол негізінде Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың тарих-қоғамтану факультетін бітірген. Журналистік қызметін 1970 жылы Алға ауданының «Жұлдыз-Звезда» газетінің редакциясынан бастаған. Бастапқыда газет жанындағы радиохабарын ұйымдастырушы болып, журналистикаға жақындай түседі. Бірте-бірте жазғандары аудандық басылымда көріне бастайды. Әрі-беріден соң облыстық газетте әдемі эссе, жылы жазылған суреттемелері көрініп, есімі елге танылады. Сол тұста белгілі ақын Мұқтар Құрманалиннің қолдауымен «Коммунизм жолына» тілшілікке қабылданады.

Ол кезде облыстық газет аптасына бес рет шығады. Аудандарға іссапары, кезекшілігі бар, кейде демалыс күндері де жұмыс істей береді. Бұның бәрі кішкене бөпелері бар, азаматы Өмірғали аға тынымсыз мамандық иесі — ішкі істер саласының қызметінде жүргендіктен де оңайға тимегені анық.

Қалай болғанда да жас журналист осының бәрін үйлестіреді. Бейнелеп айтқанда, бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен қаламын ұштай түседі. Сол уақытта ақындық таланты аспанға өршіп, атағы дүрілдеп тұрған Есенбай Дүйсенбаев жетекшілік ететін мәдениет бөліміне келуі оның үлкен тәжірибе мектебінен өтуіне мол мүмкіндік береді. Ең бастысы, мамандығына деген сүйіспеншілік, кәсібіне деген адалдық оған шаршап-шалдығуды да, уақытпен санасуды да ұмыттырады.

Ол журналистік солбір кезеңдерін қазір сағынышпен, қимастықпен еске алады. Бірде бір арыздың ізімен алыс ауданға барып, шағымда келтірілген деректерді көзбен көріп, нақты анықтау үшін үстіне қалың киім киіп, ат үстіне мініп, өрістегі жылқыларды аралауға тура келгенін қазір жас буынға айтса, ертегідегідей көрінер.

Жетпісінші-сексенінші жылдары қалада болсын, ауылда болсын, мәдениет ошақтарының жұмысына ерекше мән берілетін. Шалғайдағы ауылда клуб үйі жабық тұрса, «Есігінде құлып тұр…» деген сияқты тақырып қойылып, сын мақала жазылатын. Оның арты үлкен шуға айналады. Кемшілікке кінәлі адамдардың жауапкершілігі қаралады, тіпті жұмыстан босатылуға дейінгі шаралар алынады. Оқырмандардан түсіп жататын хаттар легі бір үзілмейді. Оларға жауап жазу, бірқатарын өңдеп, газетке ұсыну, арыз-шағымдарды тиісті орындарға тексеруге жіберу, жауабы келуін қадағалау, міне, осындай көзге көріне бермейтін жұмыстар тілшінің көп уақытын көп алады. Зияш апа соның барлығын ұқыптылықпен атқаратын, әсіресе редакцияға өтінішпен келген әр түрлі жастағы адамдарды жылы қабылдап, қолынан келгенінше шаруаларын оңынан тындырып отыратын.

«Журналист мақаласын жазып отырғанда ол басыла ма, жоқ па деп ойламай, оқырманға қалай әсер ететініне алаңдауға тиіс!». Бір оқымыстының осы сөзін ол өзінің ұстанымына айналдырғанын жиі айтып жүреді.

Зияш апа облыстық «Коммунизм жолы» газетінде жиырма жылдан астам уақыт қызмет атқарды. «Әлия жүрегі» атты очерк жанрындағы көркем туындысы кітап болып шықты.

«Тау самалы» өлеңдер жинағы жарық көрді.

Республикалық «Заң және заман» журналының Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі, республикалық «Құқықтық Қазақстан» газетінің Ақтөбедегі тілшісі болды.

Зияш Телеуованы бүгінде оқырман қауым детектив жанрындағы белсенді қаламгер деп біледі. Оның «Банкирдің өлімі», «Махаббаттың ажалы», балалар мен жасөспірімдерге арналған «АБКА-тобы ашқан қылмыс», «Құлаған үйдің құпиясы»,  сондай ақ «Тірі өлік», «Бет перде» атты туындылары оқырман қызығушылығын тудырды.

Ол журналистикадан әдебиет әлеміне оңай ауыса қойған жоқ. Оған дейін көп ізденді. Бастапқыда балаларға арналған кітаптарды өз бетімен аударады. Сосын баспаларға ұсынғанымен, олар қызығушылық таныта қоймайды.

Сосын Д.Чейз, А.Кристи, Б.Акунин, Ш.Абдуллаев, Д.Донцова, Т.Устинова секілді оқырман ықыласына бөленген талантты қаламгерлер туындыларын зерттей оқып, солардан үйренуге ұмтылады.

2013 жылы оның екі туындысы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Жазушы» баспасынан жарыққа шығады. Осылайша алдынан ақ жол ашылғандай болады.

Бүгінде әдеби интернет-порталда белгілі қаламгерлер қатарында Зияш Телеуованың да кітаптары орын алғанын оның тынымсыз еңбегінің жемісі деп білген жөн шығар.

…Бір қызығы, Зияш апамыз балаң қыз кезінде биші болуды армандапты. Жай биші емес, балет бишісі болғысы келіпті. Тіпті түсінде де ақ бұлттардың арасында ақ көйлек киіп, қалықтап жүреді екен.

Өмір қалай дегенде де өз өзгерістерін жасайды. Ол биші болмай, тілші болғанына тіпті де өкінбейді. Қолына қалам ұстаған соң талай өнер адамдары туралы жазды.

Журналистика саласындағы еңбегі үшін Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен, «Баспасөз қызметінің үздігі» төсбелгімен марапатталды. Қазақстанның құрметті журналисі атанды.

Ол өзінің қандай да жетістіктерінің негізі біраз жыл еңбек еткен облыстық басылымдағы кезеңдерінен бастау алғанын үнемі алға тартып отырады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button