Шаш та қияды, жолаушы да тасиды
Кәсіп
Жанболат Жанаманов — Терісаққан ауылының тұрғыны. Темір тұлпарды тізгіндеп, несібесін айырған ол ауылдастарының шашын қиып та табыс табады.
Ол он үш жасынан шаш қияды. Қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келген Жанболаттың ата-анадан алған тәлім-тәрбиесі мол.
— Сегізінші сыныпта қолыма қайшы алып, шаш қысқартуды үйрене бастадым. Бастапқыда шашты біркелкі етіп тықырлап алып тастауды ғана білетінмін. Бірте-бірте қол үйренді. Қызығушылықтан басталған өнерді кейін кәсіпке айналдырамын деп ойламаппын. Бұл — менің хоббиім. Үйімнің бір бөлмесін шаштараз етіп жабдықтап алдым, — дейді Жанболат.
Қазір көркейіп, барлық инфрақұрылым желілері тартылған Терісаққан ауылына шаштараз аса қажет екенін білген жігіттің алға қойған жоспары көп. Жанболат кәсібін кеңейтіп, арнайы ғимараттан шаштараз ашуды да көздейді. Ол үшін мемлекеттің қолдауы барын да біледі.
Жанболат — Терісаққан ауылында жедел жәрдем бөлімшесінің жүргізушісі. Ол — балтыры сыздап, белі ауырғандарды темір тұлпарымен тасымалдап та халықтың алғысын арқалаған азамат.Келіншегі Дина — ауыл медбикесі. Бүгінде олардың шаңырағында үш бала өсіп жатыр.
Қобдадан қырық шақырым қашықтықта орналасқан Терісаққанның тұрғындары бұған дейін шаш алу қызметі үшін аудан орталығына баратын. Олар ауылдан шаштараз шыққанына риза.
Ардақ МЫРЗАБЕКОВА,
Қобда ауданы.