Ауыл

Аққайың ауылында жаңа медпункт ашылды

Мәртөк ауданы Аққайың ауылында жаңа медпункт пайдалануға берілді. Жаңа нысан заман талабына сай құрылғылармен жабдықталған. Мұнда ауыл тұрғындарының қажетті медициналық көмек алуына барлық жағдай жасалған.

Әлеуметтік нысан Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында салынды. Жобаның құны — 237 млн теңге.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба аясында Мәртөк ауылында екі бірдей нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа нысанның ашылуы, біріншіден, медициналық көмекті қолжетімді етсе, екіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылмақ, — деді облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан.

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиев, Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақов та қатысты.

Пунктте әзірге бір медбике жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Мұнда тәулігіне 20 адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Күндізгі стационар және физиотерапия кабинеттері тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған, сондай-ақ олар скринингтен өтіп, екпе ала алады.

Бүгінде Аққайың ауылында 410 адам тұрады, басым бөлігі — аға буын өкілдері.

33 жылда заманауи әрі жаңа ғимаратқа қол жеткізген олар қуанып отыр. Ауыл тұрғындары медициналық көмекті ауылдық клуб ғимаратындағы арнайы бөлмеде алып келген.

Ем керек болса, 35 шақырым жерде орналасқан ауылдық клуб ғимаратына барып жүрдік. Енді, міне медпункт үйіміздің қасынан ашылып жатыр. Қажет деген дәрі-дәрмегімізді оңай әрі уақтылы алатын болдық. Өте қуаныштымыз. Ғимаратты салуға атсалысқан барша азаматқа алғысымды білдіремін, — деп ауыл ақсақалы Сәрсенбай Ермағамбетов  батасын берді.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button