«Ақтөбе» — 100!

Жаңа идеялар жаршысы

«Ақтөбенің» ардагері

Бір ғасырлық тарихы бар «Ақтөбе» газетінің ұзақ жылғы жолында талай өзгерістер, толқынды сәттер басынан өтті. Жетпіс жылдан астам уақыт бойы аттары өзгеріп тұрғаны болмаса, өз алдына тіккен отауы сол қалпына жабдық-жасауын жаңартып, шаңырағын биіктетіп қана отырды. Ал 2000 жылы екі облыстық басылым «Ақтөбе газеті» деп атау алған ашық акционерлік қоғам аясына бірікті.

Арада төрт жыл өткенде «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері өз еншілерін алып, бұрынғыдай бөлек шықты. Өзгеріс бұнымен де тоқталған жоқ. 2005 жылы «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС облыстық екі газетті қайтадан бір арнаға тоғыстырды.

Бұл жаңалық жаңа құрылымның тізгінін белгілі көсемсөзші, бұған дейін сонау Алматыдан Ақтөбеге келіп, орталықтан шалғайдағы өңірден республикалық «Алтын Орда» газетін шығарып, елді елең еткізген Мейірхан Ақдәулетұлының ұстауымен байланысты еді.

Тәжірибелі жуналист, іскер ұйымдастырушы, өзіндік берік ұстанымы бар Мейірхан Ақдәулетұлы облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін жаңа арнаға шығаруға бағыт белгіледі.

Әсіресе «Ақтөбе» газеті заман ағымына қарай тың тақырыптарды қозғап, қандай да бір мәселені өзгеше өрнектеуді, басқаша қырынан көрсетуді мақсат тұтты. Бұл, бір жағынан, оқырман ойын өзіне тартып, ортақ әңгіме шақыруда ұтымды да еді.

Сол жылдарда облыстық «Ақтөбе» газетінің таралымы артып, жұртшылық арасында ықпал-күші молая түсті. Газет мақалаларының әсер күші айқын білінді.

Мейірхан Ақдәулетұлы өзі де жиі қалам тартып, газет жұмысына белсене қатысты.

2004 жылы «Ақтөбе» газетінде жарияланған «Даланың сыршыл жүрегі» атты эссесі сыршыл ақын Сағи Жиенбаевтың жетпіс жылдығына арналып жазылды.

«Сағи ақын тірі болса, қазір жетпіске келер еді. Мүмкін, өзі саналы өмірін өткізген, ал бірде… тура алпысқа толған күні таңғы ұйқыдан оянбай, мәңгі ұйқыға кете барған Алматысында, мөп-мөлдір, мейлінше шынайы, содан да сыршыл өлеңінде тұнып қалған балалық-жастық дәуренін өткізген Ақтөбесінде тойлатып та жатар ма еді?» деп толғанады автор. Оның осындай ойлы дүниелері, уақыт тынысына, заман ағымына қатысты басқа да публицистикалық мақалалары облыстық газетте жиі жарияланып тұрды.

Бірақ Мейірхан Ақдәулетұлының бұл арадағы басты міндеті мақалалар жазу емес емес еді. Ол екі газетті біріктіріп отырған серіктестік жұмысын жолға қою, оқырман ойынан шығатын сапалы басылымдар шығаруды қамтамасыз етумен бірге, уақытпен санаспай еңбек ететін журналистердің де жағдайын жасау болатын. Ақиқатын айтқанда, сол бағытта біраз шаруалар тындырылды да. Бұрынғыға қарағанда шығармашылық қызметкерлердің айлық жалақылары көтерілді.

Сол тұстарда аудандық газеттердің жай-күйі де құлдыраңқырап тұрған. Облыстың басты басылымдарына жетекшілік етіп отырған Мейірхан Ақдәулетұлы бұған да алаңдай бастады. Өйткені бірқатар аудандық газеттер редакторлары хабарласып, тығырықтан шығар жол іздеп, ақыл-кеңес те сұрай бастаған.

Ақырында он екі ауданның басылымдары «Ақтөбе» газетінің қосымшасы ретінде шығатын болып келісілді. Оған жауапты етіп тәжірибелі журналист Аманкелді Смағұлов бекітілді. Бұл тәсіл де өзін ақтады. Біріншіден, қаржыландыру бір орталыққа бағындырылды. Екіншіден, аудандық басылымдардың сапасы көтерілді. Жергілікті газеттердің редакциялары орналасқан ғимараттар жаңартылып, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Бұл шара осы істің бастауында тұрған «Ақтөбе» газетінің де беделін арттыра түсті.

Нақ осы кезеңде облыстық «Ақтөбе» газетінің шығармашылық ұжымының қатысуымен «Әлия» атты қос томдық кітап пен фотоальбом, «Ахмет Жұбанов» атты бір томдық кітап  пен фотоальбом, Ақтөбе облысының 75 жылдығына арналған фотоальбом мен «Жәдігер» атты Ақтөбе өңірінде туып-өскен ақын-жазушылар шығармалары антологиясы, тағы басқа құнды дүниелер жарыққа шықты. Осы жаңалықтардың идея авторы да, жүзеге асырушысы да Мейірхан Ақдәулетұлының өзі болды.

Облыстық «Ақтөбе» газетінің 85, 90 жылдық мерейтойлары «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-на ол басшылық еткен тұстарда жоғары шығармашылық деңгейде атап өтілді. Сол мерейлі сәттерде газет тарихы қайта түгенделіп, ардагерлер тағы бір мәрте ардақталды.

…Қазір әлеуметтік желіге көз салмай отыра алмайтын болдық қой. Сондай бір сәттерде Қызылорда қаласынан Бибісара Кенжебекова-Омарованың мынадай бір жазбасын оқыдық. Сол қалпында келтірелік.

«Халқымыз қашанда ақиқат пен шындықтың жаршысы деп ақын-жазушыларын құрмет тұтқан. Әр өлкеде өз кезеңінің бетке ұстар тұлғалары болады. Олардың игілікті істері, ізгі жолдары «болашақ жас ақын, жазушы, журналист боламын» деп талпынып жүрген өрендерге тәлім болары анық.

Мейірхан ағаны оқушы кезімнен білемін. Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетіне шыққан өлеңдерін үзбей оқып тұратынмын. Жазушы ретінде ол кісі — тілі өткір, ойы ұшқыр жан, ал ақындық жағынан — сыршыл, сезімтал, яғни лирик ақын. Қойын дәптерімде үш-төрт өлеңі жазулы екен…

Ақын Мейірхан ағаға денсаулық тілей отырып, қаламыңыз мұқалмасын, әлі де жазарыңыз таусылмасын дегім келеді. Қалың оқырманыңыз, ізбасарларыңыз барда мың жасайсыз!» делінген онда.

Ақ көңілмен ақиқатын айтатын оқырман тілегіне ештеңе жетпейді ғой. Біз де сол тілекке қосыламыз.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button