Әдебиет

Нұрлыхан АИТОВА

Нұрлыхан Аитова 1972 жылы 10 сәуірде Мұғалжар ауданының Жаркемер ауылында дүниеге келген.

Жаркемер бастауыш мектебінен кейін 1982-1989 жылдар аралығында Жаңажол орта мектебінде оқыды.1995 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтының филология факультетін үздік дипломмен аяқтаған.

1995-2015 жылдар аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде — оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің басшысы болып еңбек етті. Одан әрі еңбек жолын С.Бәйішев атындағы университетте, Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жалғастырған. 2020-2023 жылдары Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында ғалым-хатшы қызметін атқарды. Қазір — Мақсұт Нәрікбаев университетінің профессоры. Филология ғылымдарының кандидаты.

Алғашқы өлеңдері баспасөз бетінде жарияланып,1993 жылы жарыққа шыққан еліміздің түкпір-түкпіріндегі студент жастардың «Толқыннан толқын туады» атты жыр жинағына енген.

2011 жылы «Періште шәрі» жыр жинағы жарық көрді, сондай-ақ өлеңдері «Ақтөбе кітапханасы» сериясының 42-томында басылды.

Бүгін

Бәрінен де маңыздысы — мына қар:

Сұлу, суық, күнәһар.

Өліп кетті алақанға салып ем,

Демегені-ау: «Ұнатар».

 

Әппақ құның, ар құныңды паш етер,

Ақ пейілің — ақ етің.

Менісендей деп ойлар ед болмаса,

Қолымдағы пәкетім.

 

Біз де сіздей туа салып суындық:

Ағыл-тегіл ақтық-дағы, жуындық.

Тірлік-тонға жылындық һәм алдандық…

Мұзтектілік —

Жып-жылыға мұрындық!

 

Махаббатсыз дүние…

Өртенген ормандар

Күйіксіз!

Езілген ақ жаңбыр

Иықсыз!

Иісі мүңкіген ылай көл,

Жылай бер!

 

Бәрібір пендеден

Биіксіз.

О, сіздер, сүйілген

Сыйықсыз:

Сізде жоқ жалған дос, жалған жар,

Жалған ар!

 

Адаммын жүрегі

Тоң, теріс!

Миіші айыр ой —

Төңкеріс!

Беттерін оянса, жоғалтқан…

Дәмелі жәннәттан…

 

Бәрі бар Сізде жоқ,

Күлесіз!

Бірдеңе жетпейді:

Міне — сөз!

Өлерде тірілтіп, тіріліп кетесіз,

Шексіз мейірді

нетесіз?!

 

Беріңдер……………..

біздер ше …………………

өліңдер.

Тынық мұхит

Тынық сұлу, ішіңнен тынған ба едің?

Мөлдір мезет ұйқымды ұрлар менің.

Аралдайын маймылдар мекен еткен,

Шеріңді бір армансыз тыңдар ма едім…

 

Менен гөрі мақұлық ақылды ма,

Иемденген аралың ақыр мына?

Толқыныңды тоқып ап оқыр едім,

Қашты кері жүйрік жел шақырды да.

 

Судан тапқан бақытын тіршілік-дүр,

Қадіріңе жете алмай күрсініп тұр:

Маусымдатып жағаңды кешіп, қоқып,

Кете барар… Тулайсың кірсініп құр.

 

Солай қайта жуасың өз бетіңді,

Аңсайсың ба кейде тым өзге күнді?

Сағынышым, әзірге қош бола ғой,

Мөлдіріңде жаным шын тербетілді.

Біз арылдық!

 

Бір кем дүние

Сен бақытты болу үшін, тақсыр Жын,

Көсем кезді көлеңкеме тапсырдым.

Көшір-ойды аманаттап ақ түнге,

Бар қызықты қара кешке жапсырдым,

Ризасың ба?

 

Сені алыстан сыйлау үшін, тәтті Өмір,

Ұшып кетті кеудемдегі ақ Көңіл.

Еріп кетті соңынан құл-Сезім көп,

Ашық қалған қара көзін жапты өңір,

Нұр құясың ба?

 

Сені ерекше қарсы алар ем, Ажал-хақ,

Қабылдамай қойды тарпаң ғазал жақ.

Өзің сүйер сүреге тіл мүкіс шын,

Арбасып тұр мұнар мұң мен мазаң бақ.

Тыржиясың ба?

 

Азат па енді бар борыштан қу Жаным,

Сен білесің, боқ дүниені қумадым.

Сен білесің білмейтінді өзім де,

Күте алмадым миымның Дүр туғанын

Жыр қиясында,

Кем дүние!

 

***

Ертеңнің боларына сенесің бе?

Кешегі оралмайды, көнесің де!

Кешең де, ертеңің де — ойдағы ұғым,

Тіл қатасың тән деген елесіңде.

 

Тәңіртекті сөзіңді емесің де,

Өсіресің пайымың, сөнесің не.

Іріленіп кетесің көпті көріп,

Майдаланып, со көпке ересің де.

 

Қай мұратың ертеңнің көбесінде?

Қай қымбатың ғайыптың кемесінде?

Дәл қазір, өзің айтшы, не маңызды:

Жебесін бе жаныңды, төлесін бе?

 

Ертеңің боларына сенесің бе?

Кешегің оралмайды. Көнесің, е!

Қамсыз ыңыл миыңда, бұрынғыдай

Бәрін таба бастайсың, көмесің не…

Қалалық жиде ағашы

Жабайы, қарапайым, күрделі едің,

Қап-қара ед мөлдіреген жиделерің.

Қысқарып кетіпті ғой жасыл желек —

Үлде мен бүлделерің…

 

Сәнденіп, құр қалмапсың әлеуметтен,

Машинаға жүз тосып бебеулеткен.

Су ішесің көліктер себеулеткен,

Кісідей кенеуі кепкен.

 

Адам-сынды сен-дағы у бөлесің,

Дәріптер кім тіріде қу денесін?

Ауа жұтып газ бөліп гүлдегесін,

Адамша кірленесің.

 

Сорлы адам жетісіп бір жүрмегесін,

Сөз аңдып, бұлдайды кеп бірдемесін.

P.S.Сен білесің өзге ағаш күндемесін,

(Мүлгіді үндемесім…).

 

Махаббат тапшы

Өмірді жазған — Жасаған,

Өлеңді жазған — Өкініш,

Өлімсіз күндер.

 

Тәуекел, шүкір — бас аман,

Жалған — Шын: жаның қашаған,

Өмір сүр, сүлдер!

 

Құдірет сөзі дыбыссыз,

Тыңдауға мұны құлықсыз

Көкірек көкте.

 

Біреулер бассыз — ырықсыз,

Біреу дүр, суыт, ұлық, мұз —

Түсініс, сөкпе!!!

 

Бәріне

және

Бәрінен

Махаббат тапшы!!!

 

Күңгірт

Уәдеге сыю бар —

уәдеге сыйдыру.

Жылаудан зор жасытып,

Әсер етер кей күлу.

 

Тепкіншекпен тепеңдеп,

Темір үзер жігіт жүр.

Үмітіңді сауады

Үлкен ауыз үгіт құр.

 

Ұлы дала кені — көн

Қанамаған пұшпағы.

Түлкі тілек күтіп жүр

Қарғалардың құсқанын.

 

Төрткүліңді таңғалтып

Біздің жұртта болған іс.

Мақтан сасып қампиды,

Боркеміктеу қор намыс.

 

Өзегіңді тепкілеп,

Өлерменнің өкшесі.

Тағалайды жадыңа

Озбырлықтың өшпесін.

 

Күдеріңнің сатысы

Бара жатыр биіктеп.

Құлармысың бір күні

Кенеуіңді күйік жеп?

 

Жым-жырт…

 

Қар

Қар сұлу кімге ғашық? —

Құлайды құр,

Біледі ол, өледі…

Жылайды қыр.

Ару қылық өлшемі —  ар аппағы:

Топ-торы топырақты

Қар ақтады.

 

Қар ақтады

Тегіне адалдығын,

Кірлетіп кештік:

«Қырш-қырш»…

(Залалды кім?! )

Түсті үлбіреп, күндес көп:

Айыбы — ақ,

Суық, сергек, шынайы… Ғайыбы — нақ.

 

Үлбір еді…

Үйінді…

Күйінді күн.

Жиылды кім жерлеуге

Қиындығын?!

Сүйе алдың ба

Аппақтың әр сүйемін?

…Жылға сүйреп жөнелді қар сүйегін.

 

Кірге төсеп алқызыл махаббатын

Қалдырды тек «Ақ» деген лақап атын.

 

Қазіргі қазақ қалпы

Исінді арман тірлігі түртінектеп,

Сағыныш қой сақтайтын бұл түнекте.

Күз күйінді: құйылды… тыйылды… енді

Саяқ, қоңыр көңілді сіркіретпек.

 

Өткінші өмір сырғиды күнді өлтіріп,

Сүйрейді үміт жел беріп ізгі өтірік.

Жоққа сенген, сендірген өткенімді

Естен шайып жіберші, күз, көпіріп.

 

Жапыраққа жайраған мұң сыйдырып,

Миішілік күндестер сыңсиды үгіп.

Жақсы итсынды өлігін түз көметін,

Жақсы ойларым желменен тыншиды ығып.

 

Солай, солай, кием де пенде кебін,

«Ертең, — деймін — тапертең емделемін»…

Мені адам ғып жаратқан о, Құдірет,

Есім таппай жерде құр сенделемін.

Сыңарым ба ең адасқан сен де менің?!

 

Ақтөбеге келші…

Ақтөбеге келші!

Жаныңның жасылы сиреп, тазданса,

Мұнда мән бере бермейді

Ғұмыры шолақ жазға онша.

Алты айлық қыстың қытымыры да

ашық қолына қондырып —

Ақтүтек бораны тұрар жып-жылы демімен

Ақсақал ойға шомдырып.

 

Ақтөбеге келші!

Жылышырай бермесе бақты аймақ,

Тура сөйлеп, тік қарары бар демесең,

Батыры жығып бермейді жатқа айдап.

Қызы да қолына ар-намыс үшін ту алар,

Өжет боп келеді ермінез

Күлкісі — шоқ: жай отындай жарқ етіп қуанар.

 

Ақтөбеге келші!

Дәстүрлі қазақылықты сағынсаң,

Қыр дәмі тартса, «шуу» етіп жетерсің-ау,

Күз де мейірлене күтер барын сап:

Батыстың арынды күйімен әрленген

Сыбаға тартып, қаймақ қатқан

шай құйып берері хақ келіге түйген тарымен.

 

Ақтөбеге келші!

Үйренгеніңнен жиренгеніңде жалығып,

Мұғалжардан асқан тау,

Жемнен өткен су жоғын айтар ағынан жарылып,

Он сегіз қанат пейіл-отауымның түндігі түрулі

Сағыныш — сықырлауығым да еншіңде

Ниеттенсең, енерсің.

Қолқа тамырымда тұр әнің ілулі!

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button